Қазір ғылым ұлттық шекарамен шектелмейтін, ортақ адамзат игілігіне қызмет ететін кеңістікке айналды. Әсіресе нейроғылым саласында жүргізіліп жатқан зерттеулер адамзаттың ең күрделі әрі жұмбақ мүшесі – ми қызметін терең түсінуге жол ашып, медицинаның жаңа кезеңін қалыптастырып отыр. Осындай іргелі ізденістің алдыңғы шебінде жүрген жас ғалымның бірі – Бейжіңдегі нейрохирургия резидентура бағдарламасының түлегі, қазір Германияда осы саланың докторанты Ғалымжан Исабеков.
Ғалымжан – өз жолын өзі қалыптастырған буынның өкілі. Оның ғылыми сапары Азиядағы беделді жоғары оқу орындарының бірі – Бейжің университетінен басталды. Мұнда ол тек кәсіби білім алып қана қоймай, зерттеушілік ойлау мәдениетіне де өзгеріс әкелді. Кейін Бейжіңдегі функционалдық нейрохирургия инс-титутында резидентурадан өтіп, клиникалық тәжірибені ғылыммен ұштастырды. Осы кезеңде ол балалардағы ауыр эпилепсияны емдеуге қолданылатын күрделі операция – гемисферэктомияны де зерттеуге бел шеше кірісті.
Осындай тоқтаусыз ізденісі оны Жапонияда өз біліктілігін арттыруға жетеледі. «Takeda Science Foundation» гранты негізінде Токио әйелдер медициналық университетінде тағылымдамадан өткен ол әлемге танымал нейрохирург профессор Такаоми Тайрамен бірге жұмыс істеді. Бұл тәжірибе оның кәсіби бағытын айқындап, халықаралық ғылыми ортаға шығуына жол ашты.
Бүгінде Ғалымжан Исабеков Германияның Берлин қаласындағы «Charité» клиникасында зерттеуші ретінде қызмет атқарып жүр. Оның негізгі зерттеу бағыты – паркинсон ауруын емдеуде қолданылатын «Deep Brain Stimulation» (DBS) әдісін жетілдіру. Бұл – мидың терең құрылымдарына арнайы электродтар орнату арқылы нейрондық белсенділікті реттейтін жоғары технологиялық ем тәсілі.
Зерттеушінің айтуынша, DBS (Deep Brain Stimulation) операциялары кей жағдайда науқастың толық саналы күйінде жүргізіледі. «Бұл кезде нейрофизиолог-дәрігерлер, операцияда нейрондардың электрлік сигналдарын тікелей бақылап, нейрохирургтерге операция барысында қосымша «GPS» секілді дәл ақпарат береміз. Осы сигналдар арқылы электродтарды мидың ең тиімді нүктесіне базальды ганглиядағы шамамен 4×5 мм құрылымға дәл орналастырамыз.Тәжірибелі нейрофизиологтер тіпті субталамикалық ядроны оның «дыбысы» арқылы ажырата алатын деңгейге жетеді. Бұл медицинадағы дәлдіктің жаңа деңгейі», дейді ғалым.
Ғалымжан мен оның әріптестері қазір интраоперациялық жаңа әдіс әзірлеп отыр. Бұл тәсіл арқылы операция барысында бір мезгілде миға стимуляция жасап, сонымен қатар нейрондардың реакциясын тіркеуге мүмкіндік туады. Бұған дейін мұндай тәсіл техникалық тұрғыда күрделі саналып келген еді. Жаңа протокол DBS әдісінің нақты әсер ету механизмдерін тереңірек түсінуге жол ашып, болашақта әр науқасқа жеке бейімделген емдеу жүйесін қалыптастыруға негіз болмақ.
Қазір зерттеу жұмысының алғашқы нәтижелері дайындалып, ғылыми мақала жариялауға ұсынылған. Алдын ала қорытындылар бұл бағыттағы ізденістердің үлкен ғылыми жаңалықтарға бастайтынын аңғартады. Шетелде табысты еңбек етіп жүргеніне қарамастан, Ғалымжан Қазақстан ғылымымен байланысын үзген емес. Ол «The Global Central Asian Science and Technology (CAST) Association» ұйымының негізін қалаушылардың бірі және вице-президенті ретінде әлемнің 30-дан астам елінде жұмыс істейтін 150-ден астам отандық және орталықазиялық ғалымды біріктіріп отыр. Ұйым жас зерттеушілерге халықаралық тағылымдамалар табуға, ғылыми байланыстар орнатуға қолдау көрсету үстінде.
«Шетелде жүрген қазақ ғалымдарының елге қосатын үлесі жоғары. Қазір сан-салалы сынақтан өтіп, әлемнің жетекші ғылыми орындарында жұмыс істеп жүрген отандастарымыз өте көп. Біздің «Qazaq International Science and Technology Association» ұйымында алпыстан астам профессор бар. Олардың әрқайсысымен сөйлессеңіз, елдегі ғылым саласын дамытуға әрқашан дайын. Ең үлкен мәселе – олар мен елімізді байланыстыратын арнаулы ұйым жоқ. Қазір осы міндетті біз атқарып жатырмыз. «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында шетелде білім алғысы келген ізденушілердің шетелде ғылыми институт, зертхана табуына көмектесіп келеміз. Сонымен бірге біз тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядан шыққан профессорлардың шетелдегі зерттеулеріне қол ұшын береміз. Жақында отызға жуық ізденушімен сұхбаттастық, солардың ішінен тоғыз зерттеуші шетелдегі зертханаларда өз біліктілігін арттыруға дайын», дейді ол.
Қазіргі жаһандану дәуірінде шетелде жүрген қандастарымыздың ортақ мәселесі ұлттық болмысты сақтау, балаларына ана тілін, мәдениетін үйрету екені шындық. Көптүрлі мәдениеттер арасында, басым тіл мен менталитеттер тоғысында ұлттық болмысты көздің қарашығындай сақтай алған отбасылар да бар. Соның бірі – Ғалымжан Исабековтің отбасы екенін де айта кеткеніміз жөн.
Оның сөзінше, ұлттық болмыс – тек тіл немесе дәстүр емес, бұл – сол адамның дүниетанымы. Қай жерде жүрсеңіз де, өзіңіздің кім екеніңізді ұмытпау бәрінен маңызды. Сонымен қатар қарапайым құндылық – үлкенге құрмет, кішіге ізет – қай ортада болса да қажет. Шетелде жүргенде сіз өз еліңіздің бейресми өкіліне айналасыз. Сондықтан өз мәдениетіңізді лайықты деңгейде көрсету – жауапкершілік. «Біз отбасымызда балаларымызбен қазақша, ағылшынша сөйлесеміз. Негізі балалар бәрін түсінеді. Өз елінің жағдайын, елде қалған туыстарын балаларымыз жақсы біледі. Тіпті кейде қашан Қазақстанға барамыз деп жиі сұрайды. Сонымен бірге шетелде өскен қазақ балалары әлемдік ортада өскен, тәрбиеленген ұрпақ санатында. Болашақта олар өз еліне үлесін қоса алатынына сеніміміз мол. Ата-анасы ұлттық тәрбиеге көңіл бөлсе, балалар да өз болмысын сақтауға, соның ерекшеліктерін сезінуге тырысады. Мысалы, ана тілінде сөйлесу, ұлттық дәстүрлерді атап өту, балаларға қазақ мәдениетін түсіндіру деген дағдылар үнемі қайталанып отырғаны дұрыс. Бұл мәселеде ең маңыздысы – тұрақтылық пен жүйелілік», дейді ғалым.
Ғалымжан әр елдің білім жүйесін саралай келе, олардың өзіндік ерекшеліктеріне назар аударады: Қытайдағы тәртіп пен еңбекқорлық, Жапониядағы ұстазға құрмет пен командалық мәдениет, АҚШ-тағы еркіндік пен креативтілік, Германиядағы жүйелілік пен ғылыми дербестік. Оның пікірінше, еліміз осы тәжірибелерді үйлестіре отырып, ұлттық болмысқа сай білім моделін қалыптастыруға тиіс.
Сөз арасында кейіпкерімізге болашақта шетелде білім алғысы келетін қазақ жастарына қандай кеңес айтатынын да сұрап көрдік. «Ең алдымен, нақты мақсатпен бару керек. Қай салада дамығыңыз келеді, не үйренгіңіз келеді – соны анық түсіну маңызды. Екіншіден, тек білім алып қана қоймай, ғылыми ортаға белсенді араласу керек. Байланыс орнату, жобаларға қатысу – бұл өте маңызды.Үшіншіден, ең маңыздысы бәсекелестік керек. Бір сөзбен айтқанда, Батыс әлемінің үйрететіні – бәсекелестік», дейді Ғ.Исабеков.
Жас ғалымның айтуынша, ғылыми жолды таңдаған жастарға ең маңыздысы – университеттің атағы емес, сапалы ғылыми орта мен білікті жетекші. «PhD – бұл жай ғана дәреже емес, жаңа білім тудыру қабілетін қалыптастыратын кезең», дейді ол. Ғалымжан Исабековтің ғылыми жолы – табандылық пен үздіксіз ізденістің, халықаралық тәжірибенің нәтижесі. Ол ми тереңіндегі әлсіз сигналдарды зерттей отырып, болашақ медицинаның бағыт-бағдарын айқындауға үлес қосып келеді. Бұл – қазақ ғылымының жаңа буыны әлемдік деңгейде өз орнын таба бастағанының айқын көрінісі.