• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 08:43

Қазіргі романды қолдаған сыйлық

10 рет
көрсетілді

Қадау-қадау ғасырларда қазақ руханиятына пейілі түскен бай-бағландар аз болмаған. Солардың бірегейі – Есенқұл бай Маманов осыдан 111 жыл бұрын қазақ романына қазіргі теңгемен есептегенде 33 миллион жүлде тіккені айна-қатесіз болмаса да, бүгінде қайыра жаңғырып отыр. Демек, осы күнгі қалталылар да ұлт руханияты жолында аянып жатқан жоқ. Мыңдап саналмаса да, Есенқұл байдан үлгі алғандар бар.

Өткен жылы ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибра­гимовтің қолдауымен «Қазіргі заманғы қазақ романы» бәйгесі жарияланды. Аталған ауқымды бастама қазіргі қазақ прозасын дамытуға серпін беріп, жазушылар мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуды көздегені анық. Байқауға 3000-нан астам өтінім түсіп, қоғамда әдебиетке деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін дәлелдеді. Іріктеу кезеңі­нен өткен сегіз автордың жетеуі 3 миллион теңгеден қаламақы алды. Ал бас жүлде иегеріне он бес миллион теңге берілді.

Жобаның маңызды нәтиже­лерінің бірі – финалист шығар­малардың кітап болып басылып шығуы. Әр шығарма 1000 дана таралыммен жарық көріп, салтанатты іс-шарада оқырманға ұсынылды. Оның 750 данасы Алматыдағы Ұлттық кітапханаға тапсырылып, алдағы уақытта ел кітапханалары арқылы кеңінен таратылады.

Жобаға Думан Рамазан «Сынақ», Қуаныш Жиенбай «Арал­құмдағы ақырғы аялдама», Нұржан Қуантайұлы «Опасыз ойын», Асқар Алтай «Каскад», Мұрат Алмасбек «Екі жағалау», Қуат Бораш «Тәубе», Айым Ақылтай «Қарыз» атты романдарымен қатысып, бәйгеге түсіпті.

Саралаудан өткен соң, бас жүлде 15 миллион теңге жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке «Кельндегі көкжал» романына берілді. Сонымен бірге аталған туындының желісі бойынша көркем фильм түсіру жоспары да жарияланды.

«Қазіргі заманғы қазақ романы» жобасы бүгінгі әдеби үде­рісті қолдайтын маңызды бас­тамалардың бірі ретінде бағаланып отыр. ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов осы жобаға қатысушыларға жолдаған құттықтауында ұлттық әдебиеттің маңызын атап өтіп, жазушыларға үлкен үміт артатынын жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі жас ұрпақ үшін ұлттық құндылықтың орны ерекше. Бұл құндылық терең тарихпен сабақтасып қана қоймай, инновациялар мен цифрлық технологиялар үстемдік еткен ашық әлемде болашақты бағдарлауға тиіс. Сондай-ақ жаңа дәуірдің жаңа кейіпкерлерін қалыптастыру – әдебиеттің басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда мұндай байқаулар жас қаламгерлерге мүмкіндік беріп, ұлттық идеяны жаңа қырынан түсіндіруге жол ашады.

Әрине, әлемдегі әр жетістіктің артында руханияттың өзегі тұрғаны шындық. Аспанға ұшқан ұшқыш та, алып шыңдарды бағындырған альпинист те, Нью-Йорктің қор биржасының қожайыны да тың ойды, жаңа идеяны ең алдымен, кітаптан алады. Сондықтан «Қазіргі заманғы қазақ романы» жобасын шығармашылық қауымға деген үлкен ықыластан, таза пейілден туған жоба деп түсінеміз. Ендігі жерде осындай жаңа жобалар көбейе түссе, ұлт дамуының негізі болған руханиятымызға қосылған үлес болар еді.

Соңғы жаңалықтар