• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:50

Ғылыми өріс бастауы

160 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қауымдастық алдында сөйлеген сөзінде ғылым мен бизнестің жүйелі интеграцияланбай отырғанын атап өтті. Ғылымға бөлінетін қаржы өсіп келеді. Ғылыми ұйымдар мен ғалымдардың да саны артқан. Алайда ғылымның экономикадағы үлесін нақты көре алмай отырмыз.

«Мемлекет кейінгі алты жылда ғылымға арналған қаржы­ны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Ғылыми әзірле­мелерден ауыз толтырып айтар­лық экономикалық әсер жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анық­тауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті институттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммер­цияландыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орын­далуға тиіс міндеті еді. Бө­лінген қаржыға қарамастан, ғылым­ның экономикадағы үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Үкімет ғы­лымды басқарудың нәтижеге құ­рылған және бизнеспен серік­тестікті дамытуды көз­дейтін тиім­ді моделін жасақтауы керек», деді Мемлекет басшысы.

ҰҒА академигі Айдархан Қалтаевтың айтуынша, технологияны әзірлеу мен оны өндіріске енгізуде туындайтын мәселе көп. «Ел экономикасының басым көпшілігін пайдасы мол үлкен жер қойнауын пайдаланушылар немесе монополистер құрап отырған қазіргі жағдайда, ғылымнан келетін 10-15 па­йыз пайда оларға маңызды емес. Сон­дықтан оларды ғылымға шынайы қызығады деп айту қиын. Бұған біздің «Қазатомпром» ҰАК-мен 15 жылдан бері ынты­мақтасуға тырысқан жеке тә­жіри­бемізден көзіміз жетті. Кен игеру­ші компанияларды ғылымға ин­вестициялауға ынталандыратын жағдай жасау тек мемлекеттік деңгейде ғана іске асуы мүмкін. Бірақ ғылымды қоғам мен елдің өмірлік маңызды мүддесіне сай келетін бағыттар бойынша қолдау және дамыту экономиканың құрылымы­на тәуелді емес. Бұл үкіметтің жауап­кершілігі саналады», деді академик.

Сондай-ақ ғалым еліміз­дің ұлттық қауіпсіздігінің мүд­десіне орай университет­тер мен ғылыми-зерттеу инсти­туттарының базасында мынадай бағыттар бо­йынша ұлттық ғылыми зертханалар құру орын­ды болар еді деген пікірін білдірді. Біріншіден, жерді, суды және минералдық ресурстарды ұтымды пайдалану, екіншіден, күн, жел және геотермальді энергия көздерін тиімді пайдалану, үшіншіден, денсаулық сақтау және саламатты өмір салты, төртіншіден, жасанды интеллектіні дамыту және ұшқышсыз аппараттар, роботтарды дамыта отырып, экономикада пайдалану. Ғалымның айтуын­ша, ғалымдар жасаған кейбір өнімдерді өндіріске енгізуге болады. Кейбір өнімдер еніп те жатыр. Бірақ олардың бөлшектерін дерлік шетелден сатып алуға тура келеді. Сондықтан ғалымдар жасап шығарған робот, жылу насосы, басқа да бұйымдар әсіресе, Қытай­дыкінен қымбат болып шығатыны әрі бәсекелестікті көтере алмайтыны да осы себепке байланысты.

«Қазақстан технология­­­ла­­р­ын коммерцияландыру орта­лығының» бас директоры Құр­манғазы Омаровтың пікірін­ше, ғылымды жүйелі дамыту­ға ғылыми зерттеу және тә­жі­­ри­­белік-конструкторлық жұ­мыс­­­ты коммерциялан­ды­ру жүйесін тиімді етуде ми­нистр­ліктерден тәуелсіз, Прези­дент әкімшілігі немесе Үкімет жанынан инновациялық даму жө­ніндегі агенттік құру қажет. Ин­новацияның дамуы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғана  емес, ол барлық мемлекеттік орган­ қызметіне тиесілі. Ал эконо­миканың барлық саласына жа­уапты вице-министр осы агенттік жұмысын қадағалауға тиіс.

«Инновация экономикамен тығыз байланысты. Алайда жүйелі жұмыс болмағандықтан, оны дамытуға жауапты орган тарапынан бірқатар кемшілік кетті. Нақты айтқанда, жауап­ты қызметкерлердің тиісті білімі мен құзыретінің болмауы се­бе­­бінен ғылыми зерт­­теу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыс­тар­ды (ҒЗТКЖ) ком­мерция­лан­дыруды үйлестіру төмен деңгейде қалып қойды. 2015 жылы қабылданған «Ғылы­ми және (немесе) ғылыми-тех­никалық қызмет нәтижелерін коммерция­ландыру туралы» заңға сәйкес, сондай-ақ «Ғы­лым және техноло­гиялық сая­сат туралы» заңда көрініс тап­қанымен, ҒЗТКЖ ком­мерция­ландыруға ықпал ете­тін тиімді бағдарламалар әзір­ленбеді», дейді сарапшы.

Мұнымен қоса ғылымды қа­жетсінетін инновациялық экономиканы дамытудың драйвері болуға тиіс халықаралық деңгей­дегі жоғары технологиялық компанияларды құруға жағдай жасау уақыт күттірмейді.

«Патент алудың әлемдік ста­тистикасында барлық патент иесінің шамамен 70 пайы­з­ы ғы­лыми ұйымдар емес, халық­аралық нарықта коммер­циялық мүддесі, ғылыми зертханалары бар ірі компаниялар. Бұл компаниялар ғылыми зерттеу және тә­жірибелік-конс­трукторлық жұ­мыспен, табысын коммерцияландырумен айналысқан кезде барып әлемдік нарықта бәсекелестік артықшылыққа ие болатынын түсінеді. Өкінішке қарай елі­мізде әзірге халықаралық дең­гейдегі бірде-бір жоғары техно­логиялық компания жоқ. Ол үшін ел Үкіметі тарапынан бі­рінші кезектегі міндет – әлемдік технологиялық компаниялар­­ды қалыптастыруға қажетті жағ­дай жасау. Онсыз еліміз ғылым­ды қажетсінетін, экономикасы мықты инновациялық дамыған елдер арасында лайықты орын ала алмайды. Кейінгі жылдары «BI Group», «Alageum еlectric» сияқты кейбір ірі компанияларда жеке зерттеу орталықтарын құру тәжірибесі қалыптасты. Бұл отандық компаниялардың халықаралық деңгейдегі жоға­ры технологиялық компанияны қалыптастырудағы алғаш­қы қада­мы болып отыр», деді Қ.Омаров.

Ал өзіндік ғылыми зертхана мен орталықтар ашу үшін ғылым және инновациямен айналыс­қысы келетін өндірістік компа­ния­ларға ғылыми зерттеу жұмы­сы­на гранттық қаржыланды­руға жол ашу қажет. Барлық қатысушы, оның ішінде бизнеске де (кем дегенде сатылымнан алғаш­қы коммерция­лық алғашқы табыс түскенге дейін) инновацияны әзірлеу мен енгізу кезеңінде қосымша және корпоративті құн салығы (0 пайыз) бойынша салықтық жеңілдіктер қарастыру саланы дамытуға жасалған игі қадам­ның бірі болмақ. Ғылым мен бизнестің интеграциясында ин­новациямен айналысқысы келе­тін барлық отандық кәсіпкер­ді Бірыңғай цифрлы платфор­ма­ға енгізу де қажеттіліктен туындап отыр. Осы ретте бизнес пен академиялық ғылыми орта арасындағы перспективалы ғалымдарға бәсекелестік туғызу да саланың бір артықшылығы бол­мақ. Академиялық ғалымдар осы кәсіпорындардың ғылыми зертханаларында лайықты жалақыға жұмыс істеп, студент­терге беретін қажетті білім үрдісін жоғары оқу орындарында жалғастыруына еш кедергі болмайды.

Аталған мәселелер сарапшы тілге тиек еткен түйткілдің бірқатары ғана. Ғылымды коммерцияландыру мамандар даяр­лау, заманауи технологиялар­ды меңгеру, әзірленген жобаны сынақтан өткізу, тиімділігін, нарыққа сұранысын дәлелдеу сияқты кешенді үрдісті қамтиды. Экономика сұранысына орай  өнімге қол жеткізу ол бір ғана ғалымның немесе ғылыми ұжым­ның ғана емес, сарапшы атап өткендей, жоғары технологиялық компаниялардың тікелей қаты­суы­мен нәтиже беретіні анық. 

Түйін: Қазіргі таңда ғылыми қауымдастық талқысына түс­кен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты қарас­ты­рыла бастады. Кәсіби орта эко­­номикадағы ғылымның үлесін арттыру, әзірленген жобаларды нарыққа енгізудің тетіктеріне маңыз беріп отыр. Ендігі кезекте нарық ойыншыларының ұсынысы мен пікірі ғылымды дамытуға бағытталған кешенді бағдар­ламада назарға алынса игі.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар