Биылғы айтулы оқиғаның бірі – 1896 жылы Хельсинки қаласында «Фин-угор» қоғамы редакция алқасының (Suomalais-ugrilaisen seuran toimituksia) шешімімен Финляндия әдеби қоғам баспасынан (Lmprimerie de la societe de literature finnoise) Вильгельм Томсонның «Орхон жазбалары» («Inscriptions de l’Orkhon») атты құнды кітабы жарық көруі. Бұл туындыға биыл 130 жыл толып отыр.
Әңгіме желісін әуелден бастасақ, күллі еуразиялық аумақты қамтып жатқан ежелгі түркі ескерткіш жазбаларының бір пұшпағы Орхон жазба ескерткіштері хақындағы мәлімет ХІХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, Батыс пен Ресей мамандарының назарын аударды. Жазба туралы тұңғыш дерек 1825 жылы ресейлік сібіртанушы Григорий Спасскийдің авторлығымен «Сибирский вестник» журналына жарияланыпты. Бұл мағлұмат еуропалық зерттеушілерді елең еткізеді. Нәтижесінде, Фин археологиялық қоғамы Моңғол даласына экспедиция ұйымдастырады.
Дәл осы жылдары Өтүкен даласында орын тепкен түркі жазбаларын зерттеу жолында Ресей Ғылым академиясы мен «Фин-угор» қоғамы арасында бәсекелестік пайда болады. Бірінші болып қозғалған Н.Ядринцев (1842–1894) бастаған орыс ғалымдары 1879 жылы Орхон бойын көктей сүзіп, көне түркі ескерткіштері туралы тың дүниелер табады. Оны Ресей археологтерінің VІІІ конгресінде жария етеді.
Одан кейін 1891 жылы бұл іске атақты түрколог В.Радлов тартылады. Ол бастаған экспедиция Орхон жазба ескерткіштерінің барлық нысанын фотоға түсіріп, екі үлкен атлас жасап шығады.
Жоғарыда ресейліктер жасаған атластармен танысқан Копенгаген университетінің профессоры Вильгельм Томсен (1842–1925) 1883 жылы 25 қараша күні құпия жазудың кілтін тауып, бұл жаңалығын Данияның Корольдық Ғылым академиясы алдында 15 желтоқсан күні баян етеді. Сөйтіп, бұдан 60 жыл бұрын Г.Спасский айтқан «Ерте ме, кеш пе, Сібірдің байырғы мұралары өзінің Шамполионын тудырады» деген сөзі шындыққа айналады.
«Томсеннің басты ерекшелігі – чех, неміс, серб, поляк, венгр, араб, парсы, сыған, жапон, қытай, түрік тілдерін әртүрлі деңгейде меңгерген, талантты ғалым еді», деп жазады, елімізге танымал түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков.
Осы орайда даниялық ғалым бұған дейін ешкім оқымаған Күлтегін жазуының кілтін қалай тапты дегенге тоқталсақ, бұл туралы отандық түркологтер М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлының еңбектерінде айтылғандай, Томсен мырза ең әуелі белгісіз жазуды оқу үшін оның таңбалану бағытын айқындау қажет деп таниды. Сөйтіп, мәтін оңнан солға қарай жазылғанын (араб жазуы сияқты) анықтап алады. Одан кейін әріптердің бәдізделген дара белгісіне назар аударып, 38 әріп-таңба барын анықтайды.
Томсен осылай ескерткіш жазбаның сыртқы көрінісі мен жалпы мазмұнын нақтылап алғаннан кейін бір дауыссыз ілгері дыбыстың ықпалымен байланыса ма, жоқ па дегенге мән береді. Ол үшін Томсен ХVХ тәрізді ұқсас таңбалар тобын таңдап алып, Х дауыссыз дыбысты білдірсе, Ү дауысты дауыс дыбыс болуға тиіс, ал керісінше Х дауысты болса, Ү дауыссыз дыбыс болуға тиіс деген қорытынды жасайды. Осы тәсіл арқылы таңбаларды дауысты және дауыссыз деп екі бөлікке жіктеп алды.
«Әлбетте, бұл тәсіл бірден дәлдігін таппады. Өйткені ғалымға тұспал-болжам емес, дәл түскен нақты дәлел керек еді. Сондықтан Томсенге әрі қарай ізденуге тура келді», деп жазады түрколог-әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдасбеков (Жолдасбеков. М. Ұлы дала әдебиеті. – Астана: «Ғылым» баспасы, 2018. – 39-б.).
Келесі кезекте зерттеуші Күлтегін жазба ескерткішінің екінші бетінде бәдізделген қытай тіліндегі мәтінге назар аударады. Ондағы «тәңір», «Кюэ-те-гин» және «ту-кюэ» сөздерін таңдап алып, зерттеудің тірегі етеді. Бұл атаулар дыбысталған тоғыз таңба-әріпті анықтаған соң, қалған дыбыстық таңбаларды осыларға үйлестіре зерттеп, жазба ескерткіштің әліппесін құрап шығады.
Келесі 1894 жылы орыс ғалымы Радлов әріптесі Томсен анықтаған әріптерді пайдалана отырып, Күлтегін ескерткішінің толық аудармасын жасап, оны 1894 жылы 19 қаңтар күні Петербург Ғылым академиясы төралқасы алдында әйгілейді. Одан кейін мәтінге бертінде академик С.Малов жан-жақты аударма жасаса, қазақ ғалымдары арасынан Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, М.Жолдасбеков, С.Қаржаубайлар Орхон жазбаларының тілдік мұрасын зерттеді.
Ұзақ жыл құпиясын сақтап келген Күлтегін жазба мәтіні осылай оқылған екен. Бірақ жазудың кілтін тапқан В.Томсен екі жыл ауырып қалып, көне түркі жазу таңбаларын зерттеу ісінде аздаған үзіліс туындайды. Денсаулығын түзеп алған Томсен 1896 жылы біз сөз етіп отырған кітапты жазып шығады.
Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші бөлімі «Алфавит» (L’Alphabet) деп аталып, автор өзі негіздеген ежелгі түркі әліпбилерін жеке-жеке таңбалап, оларға дыбыстық (фонема) тұрғыдан түсінік берген екен. Екінші бөлімге «Транскрипция және аударылған мәтіндер» (I және II ескерткіштер) («Transcription et traduction des textes (monuments I et II)») деген атау беріліпті.
Ал үшінші бөлім «Толықтырулар мен түзетулер» («Additions et rectifications») аталып, ішінен «Материалдардың аналитикалық индексі» («Index analytique des matières») және «Түркі индесі: атауларға түсінік» («Index turc. a. Lexique») дейтін екі тарауға жіктеліпті.
Бұл кітап күні бүгінге дейін түркітану саласында әлі құнын жоймаған бірден-бір дереккөз ретінде пайдаланылып келеді.