Алматыда «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби жобасының қорытынды кеші өтті. Бұл жобаның қазақ прозасын дамыту, жаңа авторларды қолдау және қоғамдағы рухани сұранысты арттыру бағытындағы маңызы жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байқауға 3 000-нан астам өтінім түсіп, олардың ішінен үздік деп танылған сегіз қаламгер финалға жолдама алды. Финалистердің жетеуі 3 миллион теңге көлемінде қаламақыға ие болып, олардың шығармалары 1 000 данамен жарық көрді. Кеш барысында аталған романдардың тұсаукесері өтіп, оқырманға ұсынылды. Әр кітаптың 750 данасы Ұлттық кітапханаға табысталып, еліміздің әр өңіріне таратылады.
Финалистер қатарында Думан Рамазан («Сынақ»), Қуаныш Жиенбай («Аралқұмдағы ақырғы аялдама»), Нұржан Қуантайұлы («Опасыз ойын»), Асқар Алтай («Каскад»), Мұрат Алмасбек («Екі жағалау»), Қуат Бораш («Тәубе»), Айым Ақылтай («Қарыз») сияқты тәжірибелі және жас қаламгерлер бар. Ал бас жүлде – 15 миллион теңге Жүсіпбек Қорғасбекке «Кельндегі көкжал» романы үшін берілді. Сонымен қатар бұл туынды негізінде көркем фильм түсіру жоспарланып отыр.
Әдебиет оқырмансыз өмір сүре ала ма?
Жоба ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың қолдауымен жүзеге асты. Ол өз құттықтауында ұлттық құндылықтардың маңызын атап өтіп, қазіргі әдебиеттің жаңа буынға бағыт-бағдар беретін күш екенін айтты. Оның пікірінше, бүгінгі әдебиет жаңа заман кейіпкерлерін қалыптастыруға тиіс.
Салтанатты кеште Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ іс-шараға Мереке Құлкенов, Қанат Саматұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы, Бауыржан Жақып, Ғазиза Құдайбергенова, Темірғали Көпбай, Қайнар Олжай, Қанат Әуесбай секілді зиялы қауым өкілдері қатысты.
Әдебиеттің айбоздары анықталды
Жалпы, «Қазіргі заманғы қазақ романы» жобасы жеңімпаздарды анықтаумен шектелмей, қазақ әдебиетінің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетті. Бұл бастама ұлттық прозаны жаңғыртып, жаңа есімдердің қалыптасуына жол ашатын маңызды мәдени алаңға айналды.