Былтыр Бурабай бау-райында өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Курчатов қаласының ғылыми әлеуетіне арнайы тоқталып, оны еліміздегі екінші ғылым қалашығы ретінде дамыту мәселесін көтерген еді.
Жуырда Президент Алматы қаласына барған жұмыс сапарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиететінде ғылыми қоғамдастықпен кездесті. Ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде қазір түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу мақсатында қарқынды күрес жүріп жатқанын, елімізде ғылым қалашықтары мен қарқынды дамитын қалаларды жаңа технология-лар орталығына айналдыру қажеттігін айтқан еді.
– Осы міндетті іске асыру үшін тиісті тұжырымдама қабылданды. Бұл концепцияға сәйкес мықты ғылыми-технологиялық парктер құру жоспарланып отыр. Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жұмысы басталып кетті. Парламент осындай қалашықтардың құқықтық мәртебесін және қаржыландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақсатымыз. Жаңа Конституцияда қарқынды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режім бекітілді. Сондықтан Alatau City жоғары технологиялар саласындағы инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады деп сенеміз. Жалпы, мемлекет өңірлерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәйкес әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді, – деді Президент.
Ғылыми қауымдастыққа жасалған үндеуден соң, Курчатов қаласы әкімдігінің әзірлігін сұрап көрген едік. Олардың айтуынша, Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру мәселесі қолға алынған. Қалада қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым қалыптасқан, сондай-ақ аумақтық кеңеюге мүмкіндік беретін бос жер телімдері сақталған. Еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігі 2026–2035 жылдарға арналған Курчатов қаласында ғылым қалашығын дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеген.
– Ғылым қалашығы мәртебесін беру рәсімдерін 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Аталған мәртебе берілген жағдайда қала әлеуметтік, экономикалық және демографиялық даму тұрғысынан жаңа серпін алып, халықаралық ғылыми жобалар мен инвестициялар тарту үшін тартымды орталыққа айналады, – деді қала әкімі Болат Әбдіралиев.
Әкімнің сөзінше, жоба аясында жоғары технологиялық өндірістерді қолдау, басым ғылыми және ғылыми-техникалық бағыттарды дамыту, инновациялық қызметті ілгерілету, ғылыми және білім инфрақұрылымын нығайту, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру көзделген.
Расында, Курчатов қаласының ғылыми зерттеу әлеуеті қалыптасқан. Ондағы Ұлттық ядролық орталықтың қызметі ел үшін маңызды рөл атқарады. Орталықта жоғары деңгейдегі ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер жүргізіліп, оның нәтижелері елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен танылып отыр. Әсіресе қаланың өндірістік базалары ғалымдарға тәжірибе алмасу мен ғылыми нәтижелерді тәжірибеде сынақтан өткізуге қолайлы орын екені сөзсіз. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сана Қабдрахманованың пікірінше, еліміздегі техникалық бағыттағы ғылыми әлеуетті одан әрі дамытуға ғалымдарды осы салаға тарту аса маңызды.
– Негізі, бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін. Қазір Ұлттық ядролық орталық институты қызметін жеткілікті атқарып, ғылыми зерттеу әлеуетін толық қалыптастырды. Елімізде техникалық бағыттағы мамандарды дамыту қарқынды үлес алып отыр. Осы салаға техникалық бағыттағы ғалымдарды көбірек тарту керек, – деді ғалым.
Қалалық әкімдіктің дерегінше, Курчатовта қуаттылығы 700 МВт болатын конденсациялық электр стансасын, көмірді терең өңдейтін көмір-химия кешенін салу сынды ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Бұған қоса жылына 150 мың тонна молибден кенін өңдейтін байыту фабрикасын салу да көзделіп отыр.
Тоқсаныншы жылдары Семей ядролық полигоны жабылған соң, миссиясы аяқталғандай көрініп, ел назарынан тыс қалған Курчатов қаласы бүгінде қайта жандана бастады. Оған себеп – Президенттің Курчатов шаһарына ғылыми қалашық мәртебесін беру туралы бастамасы дейді қала тұрғындары. Бүгінде қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, ірі өндірістік жобалар жоспарланып отыр.
P.S. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми қалашықтар қалыптастырған елдер жаңа технологияны сырттан күтпейді, өздері өндіреді. Мысалы, АҚШ-тағы Кремний алқабы стартаптар мен ірі технологиялық бизнестің тоғысқан алаңына айналып, идеяны бірден нарыққа шығарады, Жапониядағы Цукуба ғылым қаласы роботтехника мен ғарыш зерттеулерін жүйелеп, ғылымды мемлекеттік стратегияға айналдырды, Оңтүстік Кореядағы Дэдок ғылым қалашығы инженерия мен жоғары технология өндірісін қатар дамытып, экспортпен айналысып отыр, ал Қытайдағы Чжунгуаньцунь қаласы электрониканы ұлттық бәсекенің тірегіне айналдырды. Ресейдегі Сколково – стартаптар мен қолданбалы технологияларды қолдауға бағытталған қалашық. Осыған қарап ғылым зертханадағы тәжірибе ғана емес, бәсекеге қабілеттіліктің тетігі іспетті. Сондықтан ғылымды дамыту – таңдау емес, уақыт талабы екені түсінікті. Сонау XIX ғасырда Қарауылда отырып айтқан қазақтың қасиетті қара шалы Абай хакімнің: «Дүние де өзі, мал да өзі – ғылымға көңіл бөлсеңіз», деген сөзі де осы ғой. Ендігі ел дамуының айқын жолы осы болуға тиіс.
Абай облысы