Алматы қаласында республикалық «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шықты. 4 күнге созылған кешенді шара барысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бағытында ауқымды тексерулер жүргізді, деп жазады Egemen.kz.
Нәтижесінде, 1 040 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 132 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шетелдіктердің елде болу тәртібін бұзуы болды, осы санатта 811 шетелдік жауапқа тартылды. Сонымен қатар, 198 қабылдаушы тұлғаға шетел азаматтарының заңды түрде болуын қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік шара қолданылды. 31 жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны үшін тиісті шешімдер қабылданды.
Іс-шара барысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру дерегі әшкереленіп, аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұдан бөлек, мемлекетаралық іздеуде жүрген 2 шетел азаматы ұсталды.
7 мыңнан астам шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған
Алматы қаласы көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралар көші-қон саласындағы тәртіпті жүйелеуге және заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
«Негізгі мақсат – тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу. Біз барлық қатысушылардың жауапкершілігін назарда ұстаймыз: шетел азаматтары да, оларды қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер де заң талаптарын сақтауға міндетті. Заң – баршаға ортақ», деді полиция қызметкері.
Алматы қаласының полициясы қоғамдық тәртіпті сақтау, заңдылықты қамтамасыз ету және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.
Дубайдағы дрон шабуылын видеоға түсірген шетелдіктер ұсталды