Елімізде су тапшылығы мәселесін шешу және тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар өңірде жерасты суының жаңа көздерін анықтау жұмыстары қолға алынады. Бұл шаралар елді мекендер мен ауыл шаруашылығын қосымша сумен қамтуға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жерасты суын іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Аталған бастама жерасты су қорының ресурстық әлеуетін кеңейтіп, экономиканың түрлі салаларын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2026 жылы жерасты су кен орындарын барлауға арналған 28 жаңа жоба әзірлеу көзделген. Оның ішінде Жамбыл облысында – 9 жоба, Ақмола облысында – 3 жоба, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында – 4 жобадан, Маңғыстау мен Атырау облыстарында – 2 жобадан іске асырылады. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Ұлытау облыстарында 1 жобадан жүзеге аспақ.
GIZ Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігіне 240 жаңа техника береді
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында ауызсу, өндірістік және ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған 4 803 жерасты су кен орны барланған. Мемлекеттік баланс деректеріне сәйкес, жерасты суының тәуліктік пайдалануға болатын қоры 43,2 млн текше метрді құрайды. Алайда соның небәрі 1,5 млн текше метрі ғана пайдаланылып отыр, бұл жалпы көлемнің 3,6%-ы.
Барланған қор құрылымында 21,2 млн текше метр ауызсу мен тұрмыстық қажеттілікке, 2,4 млн текше метр өндірістік-техникалық мақсаттарға, ал 19,6 млн текше метр суармалы егіншілікке бағытталған.
«Су тапшылығы күшейіп, климаттық өзгерістер үдеген тұста жерасты суының әлеуетін дамыту – негізгі стратегиялық бағыттардың бірі. Қазіргі таңда оның едәуір бөлігі толық зерттелмеген», деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Осыған байланысты министрлік жерасты суын кешенді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеуді бастаған. Құжат жерасты су ресурстарын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Елімізде 1242 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін