Күндегі белсенділіктің артуына байланысты Жер шарында соңғы бірнеше айдағы ең қуатты магниттік дауыл басталады. Күн физикасы мен астрономия зертханасының мәліметінше, 19 наурыздан 21 наурызға дейін созылатын бұл құбылыс қаңтар айының ортасынын бергі ең күшті геомагниттік ауытқу болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бастапқыда дауылдың ұзақтығы 10 сағатқа созылады деп болжанған еді. Алайда ғалымдар геомагниттік толқулардың жалпы кезеңі шамамен алты тәулікке созылып, 24 наурызға дейін жалғасатынын нақтылады.
«22-нен 24 наурызға дейін корональды тесіктердің әсерінен әлсіз «қалдық толқындар» байқалады. Мұндай күрделі әрі көпфакторлы құбылыстың нақты графигін болжау қиын. Дегенмен, толқулардың негізгі шыңы кешкі және түнгі уақытқа сәйкес келуі ықтимал. Бұл өз кезегінде поляр шұғыласын бақылауға мүмкіндік береді. Оның әсері 50-55 градус ендіктерге дейін төмендеуі мүмкін. Алғашқы мұндай мүмкіндік бүгін, яғни 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні күтіледі», деп атап өтті мамандар.
Ғалымдардың түсіндіруінше, бұл дауыл бірнеше фактордың ұштасуынан туындап отыр. Оның басты себебі – апта басында Күн бетінде байқалған плазманың бірнеше рет бөлінуі. Сонымен қатар Күннің Жерге қараған бетінде пайда болған корональды тесіктер де өз әсерін тигізіп отыр.
Магниттік дауылдың алғашқы белгілері Күн желінің тығыздығы мен жылдамдығының артуынан байқалмақ. Мамандар бұл кезеңде адамдарға денсаулығына мұқият болуды ескертеді.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың басында жер бетінде алғашқы магниттік дауыл 2 қаңтар күні шамамен түнгі 23:00-де (Мәскеу уақытымен) байқалып, өзіне тән ерекшелік ретінде ғаламшарлық сипат алды.