• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:40

Ерлан Қошанов: Халқымыз тарихи таңдауын жасады

60 рет
көрсетілді

– Құрметті Ерлан Жақанұлы, «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстан­ская правда» газеттеріне сұхбат беруге уақыт тапқаныңызға ризашылық білдіреміз.

Өткен аптада еліміз үшін тарихи оқиға болды – жаңа Конс­титуция жобасы бойынша референдум өтті. Біз өзіңізбен, ең алдымен, Жалпыұлттық коалиция жетек­шісі ретінде әңгімелескіміз келіп отыр. Өткен бір айда Қазақстан­ның түгелге жуық өңірін аралап шықтыңыздар, басылым беттерінде Коалиция мүше­лерінің халықпен өткізген барлық кездесуін жариялап отырдық. Өзіңіз референдумның мәні мен қоғамдық маңызын қалай бағалар едіңіз?

– Иә, өткен ай Жалпыұлттық коа-лиция мүшелері үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін, ұлтымыз үшін тағдыршешті кезең болды.

Жалпыхалықтық референдум мемлекет тарихының жаңа парағын ашты. Бұл – ел дамуы жолындағы маңызды белес әрі тарихи оқиға. Мен мұны нық сеніммен айта аламын.

Қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдау білдіріп, қабылдаған жаңа Конституцияны – Заманауи, Әділетті, Қуатты Қазақстанның жаңа дәуірінің бастауы деп атағанымыз әбден орынды болар еді.

Осы референдумда халқымыз Мем­лекет басшысының бағытын қолдай­тынын және елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға толық сенім білдіретінін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл түсінікті де, қоғам оң өзгерістердің қарқыны мен нақты нәтижесін сезіп, біліп отыр. Сондықтан бұл референдумның басты жеңісі халықтың мызғымас сенімі дер едім.

Ал сенім бар жерде мақсаттар да орындалады, қиындықтар да еңсеріледі, ауқымды жоспарлар да жүзеге асады.

– Бірнеше жыл бұрын АЭС салу мәселесі бойынша референдум жарияланған тұста да Халықтық коалиция құрамында болған едіңіз. Ол кезде де, қазір де өңірлерді аралап, тұрғындармен жүздестіңіздер. Қандай өзгерістеді байқадыңыздар?

– Расында 2022 жылдан бері сайлауалды штаб пен референдум өткізу жөніндегі коалиция құрамында ел өңірлерін бірнеше рет аралап шықтық.

Өз басым уақыт озған сайын қоға­мымыздың саяси тұрғыдан толысып келе жатқанын байқаймын. Көз алдымызда жауапкершілік пен жанашырлықтан бастау алатын жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл – ең алдымен Мемлекет басшысының реформаторлық бастамаларының, бағытының нәтижесі.

Ел тағдырына қатысты барлық шешімді халықтың өзі қабылдайтыны туралы Президент жиі айтады. Міне, бүгін сол қағиданың нақты іске асқанына куә болып отырмыз. Қазір азаматтар еш нәрсеге бейжай қарамайды. Қызу талқылайды, ұсыныс-пікірлерін айта­ды, ашық таңдауын жасай алады. Әр адамның дауысы болашақты айқын­дайтынын терең түсінеді.

Бұл «халықпен бірге» принципінің жемісті жүзеге асып жатқанын көр­сетеді. Яғни азаматтардың бастамасы, бел­сенділігі, ой-санасы түбегейлі өзгер­ді. Қазір оларды жеке бас мәселесі емес, елдің ертеңі, ұлттың болашағы толған­дырады.

Осы құбылысты 2024 жылы АЭС салу мәселесі бойынша өткен референдумға дайындық барысында анық сезінген едік. Сол кезде барлық кездесуге қатысқан азаматтар өз ойын ашық айтып, пікірталасқа белсене атсалысты. Болашақ туралы нағыз қоғамдық талқылаулар болды.

Бұл заңды да. Өйткені энергетика­лық дербестік – ел егемендігінің, тұрақты­лықтың, дамудың мәселесі. Мұндай мәселе жеке немесе жабық жағдайда шешілмеуге тиіс. Оның маңыздылығы мен ауқымдылығы бір ғана шешімге – халықтың еркіне байланысты болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы АЭС салуды халықтың таңдауына қалдырды.

Айта кетейік, бұл – Тәуелсіз мемлекет тарихындағы саясаттан тыс, экономикалық мәселелер бойынша өткізілген алғашқы референдум. Сол кезде бастаманың маңызын, оның ел дамуына ықпалын түсінген жетекші қоғамдық-саяси күштер жұдырықтай жұмылып, Коалицияға бірікті.

Беделді ғалымдардың, сарап­шылардың, экономистердің басын қосқан Халықтық штаб құрылды. Олар ағартушылық миссиямен айналысты деуге болады.

Кездесулерде халыққа шынайы ақпарат жеткізіп, «күрішті күрмектен айыруға» көмектесті. Біз жалаң аргументтермен емес, қоғамдық санада орнығып қалған үреймен, фобиямен күрестік. Нәтижесінде, азаматтарымыз бейбіт атомның стратегиялық маңызын, энергетикалық дербестікті, оның ел дамуына әсерін терең ұғынды. Қапысыз таңдау жасап, АЭС салуды қолдады.

Осы тұста мына бір жайтты айта кетейін, жуырда Президент тапсырмасымен Парижге барып, Ядролық энергетика жөніндегі Екінші Бүкіләлемдік саммитке қатыстық. Сонда еуропалық саясаткерлер бейбіт атом энергетикасынан бас тарту туралы қате шешім қабылдағандарын ашық мойындады.

Бұл шешім Еуропаның дамуына тікелей әсер етіп, сыртқы ойыншыларға тәуелділігін арттырған.

Осындай сәттерде елімізде көре­ген, прагматикалық шешімдер қабыл­данғанына тағы да көзің жете түседі.

Бұл мәселеде Қазақстан  жаһандық  сын-қатерді дер кезінде аңғарып қана қоймай, келешектегі тұрақтылықтың пайдасына таңдау жасады.

Бүгінде мемлекеттің бәсекеге қабі­летін арттыратын, технологиялық дамуын қамтамасыз ететін энергетикалық дербестігінің іргетасын қалау үшін елімізде бір емес, үш атом электр стансасын салу жайы қарастырылып жатыр.

– Бірақ биыл тың, ерекше құқықтық нормалар енгізілген жаңа Конституцияның маңызын жете түсіндіру қажет болды. Коалицияға жүктелген міндет бұрынғыдан да ауыр болған сияқты. Бұл жұмысты қалай атқардыңыздар?

– Биыл, бұрынғы тәжірибемізге сүйене отырып, Жалпыұлттық коали­цияға 300-ден астам республикалық қоғамдық бірлестіктің басын қостық.

Коалиция құрамына «Amanat» партиясымен қатар, «Ауыл», «Ақ жол», «ҚХП» және «Respublica» партиялары да кірді. Бұдан бөлек, мыңдаған ерікті мен «Amanat» партиясының әйелдер қанаты, жастар ұйымдары қатарымызды толықтырды. Мұндай тәжірибе біздің дәс­түрімізге айналды. Түрлі саяси ұста­ным­дарға қарамастан, ел тағдыры мен жалпыұлттық мәселеге келгенде біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік.

Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Коалициядағы әріптестеріме, референдумға қатысты үгіт-насихат және түсіндіру жұмысына белсене атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын.

Бір айдың ішінде Коалиция мүшелері еліміздің барлық өңіріне барды. Әр қала мен ауданда жергілікті штабтар құрылды. Коалиция мүшелері ел аумағында тұрғындармен, зиялы қауым өкіл­дерімен, ғалымдармен, еңбек ұжым­дарымен ондаған мың кездесу өткізді.

Бұл миллиондаған адаммен тікелей әрі ашық диалог болғанын білдіреді. Шынымды айтсам, ең алдымен, осы кездесулердегі айрықша атмосфера есімде қалды. Іс жүзінде олар, шынайы әрі емен-жарқын жүздесулер еді.

Адамдар Конституцияны қалай түсіне­тінін айтып, өз үміт-тілегін, жоспарын, кейде толғандырған мәселелерін ортаға салды. Тіпті өмірлік тәжірибелерін cөз етіп, оны Конституция жобасын құптаудың себебі ретінде баяндады. Жаңа Ата заңды қолдауға жыр арнағандар да болды.

Үгіт-насихатпен қатарласа бұ­қара­лық ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілерде де жүйелі жұмыс ұйым­дастырылды. Ақпараттар медиада үздіксіз жарияланды. Осынау ауқымды әрі ортақ жұмыс арқылы біз еліміздің әр ай­мағындағы азаматтарымызға Прези­дент реформаларының мән-маңызын ұғындырып, үнімізді жеткізе алдық.

Нәтижесінде, әрбір азамат осы өз­геріс­терден өз жанына жақын әрі маңыз­ды дүниелер тапты. Отбасының, өз бола­ша­ғының және тұтас мемлекеттің мүддесіне сай келетін құндылықтарды байқады.

– Өте ауқымды жұмыс істелгені көрініп тұр. Тұрғындармен кездесулер несімен ерекше есіңізде қалды?

– Ең алдымен, еліміздің барлық өңірінде азаматтар келер ұрпақтың жарқын болашағына қатысты үлкен жауапкершілік танытты.

Адамдар саяси үдерістерге бейжай қарамайтын болған, немқұрайдылық төмендеген. Қоғам оң өзгерістерге да-йын екенін көрсетіп отыр. Бұл – кейінгі жылдарда Қазақстанда байқалған маңызды өзгерістердің бірі.

Біз түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездестік. Олардың қатарында студенттер, оқытушылар, ғалымдар, дәрігерлер, шахтерлер, кәсіпкерлер, жұмысшылар, спортшылар және зиялы қауым өкілдері болды. Олар өз ой-пікірлерін айтып, конс­ти­ту­циялық новеллаларды одан әрі да­мы­туға қатысты қосымша идеялар ұсынды.

Айталық, Жамбыл облысында өткен кездесу барысында 19 жастағы Айдана Бекмырзаның айтқан сөздері ерекше әсер қалдырды. Президент бастамалары мен Конституция жобасындағы баптарға қатысты оның өзіндік көзқарасы бар екен. Оның уәждері мықты әрі қисыны темірдей.

Жасөспірім қыз: «Әділдік дегеніміз – бәрі бірдей болу емес. Әділдік – бәріне бірдей мүмкіндік беру. Жасқа да, кәріге де. Ауылға да, қалаға да. Қарапайым адамға да, басшыға да. Егер біз жаңа бағытты таңдасақ, әділдік сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрінуі керек», деді.

Сондай-ақ ол: «Кейбіреулер тәртіпті шектеу деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде тәртіп – еркіндіктің кепілі. Мәселен, бағдаршам болмаса, жолда тәртіп болмайды. Ереже болмаса – ойын болмайды. Заң болмаса – мемлекет болмайды. Заң әлсізді қорғау үшін керек. Ең бастысы – заң бәріне бірдей жұмыс істеуге тиіс»,  деді. Бұл – өскелең ұрпақтың өзегін жарып шыққан парасатты сөздер. Келісетін шығарсыздар?!

Тағы бір қызықты жайтты байқадым. Үгіт-насихат жұмысы барысында сөз сөйлегендердің басым көпшілігі Халықтық Конституцияны тарихпен, тұлғамен байланыстырды. Бұл – халқымыздың мәдениетінде бұрыннан бар қасиет. Ел өміріне жақсылық әкелген оқиғаларды туған халқының тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен тұлғаларға әділ телиді. Әсіресе қазақ тарихындағы маңызды саяси, құқықтық реформалар жасаған тұлғалардың қызметін ерекше бағалап, есте ұстайды. Оған мысал ретінде «Қасым ханның қас­қа жолын», «Есім ханның ескі жолын» ата­сақ та, жеткілікті. Тәуке хан өз халқына «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын ұсынып, «Әз Тәуке» деген атпен тарихта қалды.

Жалпы, халқымыз ертеден бері қолданып келе жатқан осынау құқықтық жүйелер әділдік принциптеріне тұнып тұр. Сол заңдардағы нормалар қоғам сұранысына сай, өз дәуірінің  рухымен үндесетін, мемлекетті алға жетелейтін жол-жоралғылар еді.

Біз осынау тарихи сабақтастықты жалғастырып жатырмыз деуге толық қақылымыз. Жаңа Конституцияда да ғасырлар бойы бабалар танымынан түспеген әділдік идеясы төрге озып тұр. Сондықтан қазіргі Ата заңды халық «Тоқаевтың Әділетті Конституциясы» деп атағаны таңғаларлық жағдай емес.

Бұл анықтама кеңселерде емес, халықпен етене кездесулерде, ашық талқылауларда пайда болды. Әрі бұл әдемі метафора ғана емес, көне мен жаңаның, уақыттың үндестігі үзілмегенін көрсететін құбылыс. Ол идеяларда, құндылықтарда орныққан. Ел дамуының іргетасына айналған әділдікте де, оған деген ұмтылыста да осы үндестік бар.  

– Ал жаңа Конституцияға қатысты, әсіресе жоба жарияланған алғашқы күндерде айтылған сын-пікірлер туралы не дейсіз?

– Меніңше, мұның өз себептері бар. Талқылаудың алғашқы күндері түрлі пікірлер айтылды. Бұл – ашық диалог барысында болатын қалыпты жағдай.

Конституция жобасы әзірленіп, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған кезде, оның мәнін әрбір азаматқа жеткізудің маңызы айқын байқалды.

Дәл осы сәтте азаматтармен тіке­лей бай­ланыс орнатып, түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу үшін Коалиция іске кірісті.

Мәселен, қоғамда көп талқыланған тақырыптың бірі – білім беру мен ден­саулық сақтау саласындағы тегін қыз­мет­ке қатысты. Өкінішке қарай, осы кез­де «әлеуметтік кепілдіктер алынып тасталады, базалық қызметтердің барлығы ақы­лы болады» деген фейк ақпараттар белең алып кетті. Шынайы жағдай олай емес.

Қазақстан әлеуметтік мемлекет болып қала береді. Бұл қағида жаңа Конституцияда шегеленіп жазылған. Сонымен қатар мемлекеттік саясаттың өзі де осы ұстанымда, яғни бюджеттің 50 пайыздан астамы тек әлеуметтік салаға жұмсалады. Негізгі заңның 1-бабында да «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандығы» деп көрсетілген.

Конституцияда жоғарыдағы қыз­мет­тер ақылы еместігі анық жазылған. Ке­рі­сінше денсаулық сақтау мен білім біреу саласында азаматтардың мүмкін­дік­тері сақ­талып қана қоймай, біршама кеңейтілді.

Негізі, күні бүгінге дейін бұл қыз­меттер тегін көрінгенімен, олар әрдайым мемлекеттік бюджеттен, яғни азаматтардың төлеген салығынан қаржыландырылады деген сөз.

Бұл туралы өткендегі мәслихат депутаттарының форумында Мемлекет басшысы да айтты.

Тағы бір көп талқыланған мәселе – «жаңа Конституция шетелдік азаматтар мен халықаралық ұйымдарға жер сатуға жол ашады екен» дейтін қисынсыз долбар. Бұл енді нағыз жалған ақпарат.

Жаңа Конституцияда жерді шетелдіктерге сатуға немесе осы шектеуді алып тастауға қатысты ешқандай норма жоқ. «Жер мен табиғи байлықтар халықтың меншігінде» деген базалық ережелер еш өзгермеген.

Конституция жобасында осы ұстаным нақты бекіді.

Әріптестеріміздің сауатты түсіндіруі­нің арқасында халықтың күмәні сейілді. Осындай мысалды Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты айтуға болады.

Өздеріңіз білесіздер, Конститу­ция­дағы өзгерістерге байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясын таратып, оның орнына жаңа орган – Халық кеңесін құру көзделген.

Сондықтан өңірлерге сапар барысында біз Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшелерімен арнайы кездесу өткізіп, Достық үйлеріне бардық.

Біз оларға этносаралық келісімді сақ­тау ісіндегі ҚХА тәжірибесі өз маңы­зын жоймайтынын және алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетінін жеткіздік.

Достық үйлері, ҚХА кафедралары, ұлт­тық театрлар мен газеттер сақ­та­­латы­нын, ал жаңа Конституция этно­мә­дени бір­лестіктердің әлеуетін күшейтуге мүм­кін­дік беретінін егжей-тегжей түсіндірдік.

Халық кеңесінің құрамына енгеннен кейін олар өңірлер мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірге елдегі өзекті мәселелерді назарға алып, оны шешу бойынша ұсыныстар енгізе алады.

Шынын айтқанда, олардың дауысы үш еселеніп, күшейе түседі.

Сонымен қатар Халық кеңесі заңнама­ларға бастамашылық ету құқығына ие болады. Осының бәрі этносаралық келісімді нығайтуға зор ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, ел тұрғындарымен өткен кездесулер біртұтас көріністі байқатты: азаматтар жобаны мұқият зерделеген, еліміздегі оң өзгерістерді көріп отыр және олардың жалғасын тауып, берік орныққанын қалайды.

– Бүгінде адамдар санасының өзгеруіне қатысты пікірлер көп айтылып жүр. Оған нақты не әсер етуде? Расымен, адамдар жеке мәселелерін екінші орынға ысыра бастады ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, бүгінде азаматтар тұрмыстық мәселелерді ғана көтеріп қоймай, мемлекет дамуы, қоғам бірлігі, Қазақстанның болашағы сынды кең ауқымды, жалпыұлттық мәселелерді жиі қозғайды.

Алты-жеті жыл бұрынғы ахуалды еске алсақ, ол кезде азаматтар көбіне тұрмыс-тіршілікке қатысты проблемаларды айтатын еді. Бұл – ауызсу, жолдардың жағдайы, жұмыссыздық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері.

Сол тұста азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі бүгінде кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.

Жаңа жолдар салынып, инфрақұры­лым жаңғыртылып, өңірлерді дамытудың ауқымды бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.

Президент 2021 жылы халыққа Жолдауында өңірлерді сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету міндетін қойған еді.

Биыл қаңтарда Үкімет бұл тапсыр­маның орындалғаны туралы есеп берді. Бүгінде 90 қала мен алты мыңнан астам ауылдық елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілді.

Кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік жылдарында оң шешімін таппаған Маңғыстаудағы ауызсу мәселесі түбегейлі шешілді.

Бұдан бөлек, облыста жылу мен электр энергиясына қатысты мәселелер де толық шешіліп, инфрақұрылым желілері жаңғыртылып жатыр.

Сонымен қатар Маңғыстауда ондаған жайлы мектеп салынды. Жақын арада өңірде үш ауысымда білім беру мәселесі түбегейлі шешімін табады.

Айта кету қажет, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында біз әр облыс орталығында кем дегенде бір үлгілі мектеп салуға ұмтылсақ, кейінгі бес жылда 217 келешек мектебі салынды. Тіпті олар шалғай ауылдарда да бой көтерді.

Маңғыстаулықтар мемлекеттің мұндай қамқорлығын жоғары бағалап, Президенттің өңірге айрықша назар аударғанына ризашылық білдірді.

Павлодар облысы жұртшылығынан да көп жағымды пікір естідік. Өздеріңіз білесіздер, бұл – еліміздегі индустриялық өңірлердің бірі. Онда кәсіпкерлік саласы, жаңа өндіріс орындары және IT секторы қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта осы облыс еліміздің төртінші донор аймағына айналуы әбден мүмкін.

Мұндай жағымды мысалдарды барлық өңірден келтіруге болады. Бұған біздің анық көзіміз жетті.

Қоғамдық сананың өзгеруіне мем­лекеттік саясаттың дәл осындай нақты нәтижелері айтарлықтай ықпал етеді.

Адамдар өз өміріндегі нақты өзгеріс­терді көрген кезде болашаққа деген сенімі артады, мемлекеттің стратегиялық дамуына қатысты мәселе­леріне қызығу­шылығы жоғарылайды, қоғамдық істерге араласуға деген ынтасы күшейеді.

Әлеуметтік мәселелер иерархиясы да өзгеріп келеді. Әрине, баға өсімі, инфляция, монополистердің әрекеті және өзге де экономикалық проблемалар азаматтар үшін әлі де өзекті болып отыр. Алайда осы бағыттар бо-йынша да жүйелі әрі кешенді шаралар қабылданып, заңнама жетілдіріліп жатқанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы бұл туралы мәслихат депутаттарының үшінші форумында егжей-тегжей айтты.

– Коалицияның насихат жұмысы бұрынғы тәжірибесіне сүйенгені түсінікті. Ал дәл осы кампания несімен пайдалы болды?

– Жалпы, азаматтармен өткізілген кездесулер тек жаңа Конституцияның мәні мен мазмұнын талқылаумен ғана шектелген жоқ.

Мұндай жүздесулер адамдардың талап-тілегіне құлақ түруге, қоғам үнін естуге, уақыт тынысын сезінуге мүмкіндік берді.

Дәл осындай мазмұнды диалог барысында жаңа бастамалар дүниеге келеді.

Мәселен, осы науқан барысында партиямыз «Turgyndar Amanaty» деп аталатын жаңа жобаны ұсынды. Жоба көппәтерлі тұрғын үйлерде жайлы жағдай жасауға бағытталды. Бұл жоба тұрғындарға өз үйін күтіп ұстауға көмектесіп, ортақ мүлікке деген жауапкершілікті арттырады.

Сондықтан біз түрлі аймақтарда кооперативтер мен басқарушы компа­ниялардың өкілдерімен арнайы кездесулер өткіздік. Олар тұрғындармен күн сайын араласып, тұрмыстық мәселелерін шешіп жүрген жандар.

Азаматтар бұл кездесулерге белсене қызығушылық танытып, жобаға қатысуға айырықша ниет білдіріп жатыр. Олармен жаңа Конституция туралы да өте мазмұнды әңгіме өрбіді. Қатысушылар өздері үшін маңызды нормалардың бар екенін аңғарды. Бұл жерде әңгіме, ең алдымен, мүлік иелерінің міндеттерін нақты бекітуге қатысты. Олар енді өз мүлкіне иелік етіп қана қоймай, оны күтіп-ұстау мен пайдалану үшін де жауапкершілік арқалайды.

Бұл әсіресе кондоминиум саласында маңызды. Сондықтан ПИК пен МИБ өкілдері жаңа Конституцияны қызу қолдады.

Болашақта «Turgyndar Amanaty» жобасы партиямыздың «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» бастамалары сияқты сұранысқа ие болып, халыққа нақты пайдасын тигізеді деген сенімдеміз. Мәселен, бүгінде жұртшылық арасында кеңінен танылып үлгерген «Қарызсыз қоғам» жобасы бар. Қазір қарыз мәселесі тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде етек жайып отыр – миллиондаған адам несие қамытын киіп, тыныштықтан айы-рылды.

Адамдар отбасының болашағы үшін бас ауыртып, жоспар құруға да, жайбарақат өмір сүруге де мүмкіндік таппай жатады.

Президент те әрбір азаматтың жағ­дайына алаңдайды. Қаржылық қиын­дыққа тап болған адамдарға мемлекет көмек көрсетіп, қолдауға тиіс екенін түсінеді. Сондықтан ол партиямыздың бастамасына қолдау білдіріп, ел аума­ғында оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.

Біз бүгінде мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен бірлесіп, азаматтардың тұрмысын жақсарту бағытында жұмыс істеудеміз.

– Бұл тақырыпты жалғастырсақ, жалпы тұтынушылық несие көлемі триллиондаған теңгемен өлшенеді. Халық­тың шамадан тыс қарыз жүктемесін жеңілдетудің жолдары қандай?

– Партия азаматтардың қаржылық сауатын арттырып, қарыз қамытынан құтылудың жолдарын жан-жақты қарастырып келеді.

«Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы үш жылдан астам уақыт ішінде қаржылық сауаттылық бойынша 1,5 миллионнан астам азаматты оқытты.

Тағы 1 миллион адам заңгерлік және қаржылық кеңес алды. Сонымен қатар жоба аясында борыштық жүктемені жеңілдету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Қаржылық сауаттылықты арттыру, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау, бизнесті тиімді жүргізу секілді бағыттар қамтылып отыр.

Бұл жоба туралы айтқанда, Коалиция жұмысы аясында Жамбыл облысының Байзақ ауданында өткен бір кездесу есіме түседі. Жобаға қатысушы әйел­дер өздерінің басынан өткен жайт­тарды айтты. Олар табыс көзінен айырыл­ғаннан кейінгі әр күннің күреске айнал­ғанын, ұйқыдан, тыныштықтан қалып, қысыммен және болашаққа деген қорқынышпен өмір сүргендерін жеткізді. Тіпті кейде тығырықтан шығатын жол жоқтай көрінген сәттерде, үміттерінің үзілуге шақ қалғанын айтады. Міне, сол сәтте осы жоба олар үшін үлкен қолдау болды. Бір реттік көмек емес, өз өмірін қолға алып, болашаққа деген сенімін оятуға мүмкіндік берді.

Бір кездері көмек сұраған азамат­тар­дың көпшілігі бүгінде кәсіп мең­геріп, бизнес-тренер болып, басқа азаматтардың қарыздан құтылуына көмектесіп жүр.

Жалпы, бұл жоба – «балық берме, қармақ бер» деген ескі даналықтың мысалы. Яғни басына іс түскен адам өз бетінше қиындықты жеңуді, табыс табуды және шешім жолын іздеуді үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, «Қарызсыз қоғам» жобасы мемлекеттің қамқорлығы мен көмегін сезінген жүздеген мың адамның ортақ қозғалысына айналып келеді. Осы жобаға қатысушылар да жаңа Конституцияны қолдап, өз дауыстарын берді.

– Бүгінде жаһандық шиеленіс үйреншікті жайтқа айналып, мемлекеттер бір-бірінен алыстап барады. Мұндай жағдайда сауатты халық­аралық саясат кез келген мемлекеттің өміршеңдігінің негізгі шартына айналады. Жаңа Конституция бізді жаһандық жаңа сын-қатерлерге қалай бейімдейді?

– Бүгінде әлем түрлі өзгеріске ұшырап, жер-жерде жаңа қақтығыс оты тұтанып жатқан кезде, Қазақстан тұрақтылық пен келісім алаңына айналып отырғанын бағалай білуіміз керек.

Бұл – Президенттің қажырлы еңбегі­нің арқасы. Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы байыпты ұстанымы, ұлттық мүддеге адалдығы, теңгерім таба білетін қасиеті халықаралық аре­на­дағы Қазақстанның беделін арттырып, сенімді серіктес ретінде танытты.

Президенттің халықаралық деңгей­дегі абыройының арқасында еліміз әлемдік державалар арасында лайықты орынға ие болды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды орта держава деп атайды.

Президент – болашақты болжай білетін саясаткер. Ол әлемнің тарихын, заманауи тенденцияларды жетік біледі. Сондықтан үнемі Қазақстанның демократиялық үдерістер трендінде болуын қамтамасыз етуге ұмтылады.

Әлемдік тұрақсыздық жағдайында жаңа Конституцияны қабылдау да Президенттің осындай стратегиялық қадамы. Енді біз өз азаматтарымыз­дың тұр­мы­сын жақсартумен ғана шектелмейміз.

Біз әлемге Қазақстан өзінің мемле­кеттік институттарын мызғымастай нығайтып жатқан, тұрақты және демо­кратиялық ел екенін көрсетіп келеміз. Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет формуласы енді конституциялық деңгейде бекіді.

Әрбір институттың – Президент­тің, Вице-Президенттің, Құрылтай­дың, Үкіметтің, Халық кеңесінің өкілеттіктері мен функциялары нақты айқындалды.

Бұл басқару ісіндегі айқындық пен үйлесімділікті қамтамасыз етеді.

Ең бастысы, біз билік тармақ-тарының үздіксіз, жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз етудің кепілі ретінде президенттік басқару формасын сақтаймыз. Бұл ішкі тұрақтылық пен үздіксіз дамудың, ең бастысы Тәуелсіздікті нығайтудың негізіне айналады.

– «Жаңа Конституция жобасы тым асығыс дайындалды» деген пікірлер де айтылды. Сіздің ойыңызша, Ата заңды толығымен қайта өңдеп шығуға уақыт жеткілікті болды ма?

– Конституция жобасының дайындалуын асығыс деп айтуға болмайды. Ол туралы Президент те айтты. Бұл өзгерістердің негізі әлдеқайда ертерек қаланды.

Былтыр күзде Мемлекет басшысы екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшуге бағытталған ауқымды парламенттік реформаға бастамашы болды, ал Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ата заңға енгізілетін негізгі өзгерістер айқындалды.

Сол сәттен бастап науқан белсенді кезеңге өтті, 130-дан астам сарапшыдан тұратын Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды және елдің түкпір-түкпірінен азаматтар арнаулы платформалар арқылы өз ұсыныстарын белсенді түрде жолдай бастады. Жоба азаматтардың ой-пікірлерін ескеріп, күн сайын жаңартылды, жетілдірілді.

Жаңа Ата заң шетелдік сарап­шылардың қатысуынсыз жасалған, өзіміздің төл құжатымыз екенін де атап өткен жөн. Конституцияның жоба­сын әзірлеу үнемі Мемлекет басшы­сының бақылауында болғанына бәріміз куәміз. Ол Комиссия мүшелерін қанша мәрте қабылдап, өз ескертулері мен ұсыныстарын айтып отырды. Прези­денттің қатысуы бұл жұмысқа ерекше тереңдік пен қарқын берді.

Конституцияның жекелеген нормаларын Президент тікелей өзі жазды. Бұл да қисынды, себебі жаңа Конс­титуция идеясының иесі – Мем­лекет басшысы. Оның ішкі принцип­теріне сәйкес келетін Әділдік, Заң мен тәртіп, Тазалық идеялары Конституция преамбуласының негізіне айналды.

Бір кездері Мемлекет басшысы­ның жанында, Президент Әкімшілі­гін­де қызмет ете жүріп, мен оның халқымызды жоғары интеллектуал, білімді, кітап оқитын ұлт ретінде көргісі келетін шынайы ниетін аңғаратынмын. Бұл ойды ол жылдар бойы дамытып келді, бүгінде осы ізгі ойлар конституциялық мәнге ие болып отыр.

Жаңа Конституция білімді және прогрессивті қоғамға жол ашады. Қарапайым сөзбен айтқанда, балаларымыз бен немерелеріміз кішкентайынан ілім-білімнің құндылығын түсініп, оқуға, жоғары мәдениетке ұмтылатын болады.

– Президент 30 жыл ішінде еліміз бен әлем көп өзгергенін, сондықтан жаңа Ата заң қажет екенін бірнеше мәрте атап өтті. Жаңа Конституция авторлары қандай «жаңа шындық» енгізді және ол халық үмітімен қаншалықты сәйкес келеді?

– Ең бастысы, халқымыз өзгерістерге бүгінгі күн тұрғысынан ғана баға бермейді. Тағы қайталап айтайын, қазір қазақстандықтар болашаққа нық сеніммен қарайды. Сондықтан оларды бір күндік емес, алдағы 30-40 жылға қатысты сауалдар мазалайды.

Бізбен кездескен адамдардың көпші­лігі «жаңа Конституция болашақ жетістіктердің негізі бола ала ма?» деген сұрақты жиі қойды. Осылайша, елдің Ата заңын талқылау ауқымды футурологиялық және форсайттық жобаға айналды.

Бізде бұрын осындай тәжірибе болып па еді? Біз жаһандық трендтер мен әлемдік процестерді ұлттық деңгейде талқыладық па? Жоқ. Ал бұл жолы біз дәл осындай талқылаудың куәсі болдық. Адамдар цифрландыруға, жасанды интеллектіге, жаңа технологияларға және энергетикалық тәуелсіздікке үлкен үміт артып отыр.

Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай министрі Ахмед Заки Яманидің әйгілі сөзі бар: «Тас дәуірі тас таусылғандықтан аяқталған жоқ, мұнай дәуірі де мұнай таусылғаннан аяқталып қалмайды».

Заманауи технологиялық даму осы сөздерді растап отыр. Бүгінде біздің азаматтар тек шикізат ресурстарына сенуге болмайтынын, технологиялық дамуға ұмтылу керек екенін түсінеді.

Мұны басқа елдердің мысалдары растайды. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур сияқты елдерде мұнай, газ немесе көмір жоқ. Алайда олар жоғары технологияларға ие, соның арқасында әлемнің жетекші елдерінің қатарына енді.

Шығыстағы көршіміз Қытай да қарқынды дамып келеді. Ол ғылым мен технологияда озық позицияларға ие. Ғарыш аппаратын Айдың арғы жағына қондырды және жасанды интеллект өнімдерін жасауда батыстың технологиялық алпауыттарымен тең дәрежеде бәсекелеседі.

Жоғары технологияға қол жеткізу жаһандық деңгейдегі мүмкіндіктерге жол ашады.

Біздің Президент әрқашан бола­шақ­тың категориясымен ойлайды. Сондықтан ол үш жыл ішінде Қазақ­станды озық цифрлы мемлекетке айнал­дыру туралы маңызды міндет қойды.

Қазақстандықтар Президенттің бұл жоспарын толық қолдайды. Олар да елімізде әлемдік деңгей­де технологиялық компаниялар пайда болғанын қалайды. Оның алғышарттары да бар екенін айта кету керек.

Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстандағы алғашқы AI-unicorn-ның негізін қалаушымен кездесіп, жасанды интеллект пен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар былтыр күзде Президент АҚШ-қа сапары барысында қазақстандық IT-стартаптармен таныс-ты. Олардың жетістіктері Президентке де, қоғамға да зор әсер қалдырды.

Жаңа трендтерді жастарымыз жақсы біледі әрі түсінеді. Олардың біразы бүгінде жаһандық күн тәртібімен өмір сүріп жатыр десе болады.

Көзқарастардың сәйкестігі Мемлекет басшысы мен жастардың арасындағы ерекше синергияны көрсетеді. Жастар өздерінің үміті мен бастамалары елдің даму стратегиясында қамтылғанын көріп отыр, өздері де өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып келеді.

Осындай жігер мен ынта-ықыласты біз қалалар мен ауылдардағы, елдің әрбір түкпіріндегі кездесулерде сезіндік.

Президентіміз әрдайым жаңа буын­мен бір толқында. Сондықтан ол әр сөйлеген сөзінде жас буынның көңіл, көзқарасынан шығатын сөзді таба біледі. Тіпті тарихи референдум өте салып Мемлекет басшысы, ең алдымен, жастармен кездесті. Мұның терең рәміздік мәні бар. Бұл ертеңгі күні Қазақстан тарихын жазатын буынның жасампаз қуатына деген сенімнен туындап отыр.

Жаңа Конституция да елдің ертеңін, мемлекеттің болашағын жасайтын жандарға бағытталған.

– Адамдар жаңа Конституцияның қандай ережелерін жанына жақын қабылдады?

– Жаңа Конституцияда халық зор ықыласпен қабылдаған қағидалар мен құндылықтар өте көп.

Конституцияның преамбуласы ерекше назар аудартқанын өзіңіз де білесіз. Бұл заңды да. Өйткені дәл осы бөлімде Ата заңға ерекше рух пен терең мән берген құндылықтар қамтылды.

Біз бүкіл әлемге алғаш рет еліміздің мыңдаған жылдық тарихы бар мемлекет екенін, оның бастауы сақ, ғұн мем­лекеттері, Түркі қағанаты кезінен Жошы ұлысы мен Алтын орда дәуіріне дейін жалғасқанын преамбула арқылы айт­тық. Бұл идея сабақтастық пен ұлт­тық мақтаныштың маңызды рәмізі ретінде, халықтың, әсіресе зиялы қауым өкілдері тарапынан кең қолдау тапты.

Сонымен қатар бұл жас ұрпақ тәрбиесіне де оң әсерін тигізеді, олар­дың мәдени кодын және ұлттық біре­гейлігін нығайтады, жастарды ұлты­мыздың бірлігіне нұқсан келтіруі мүм­кін жат ұстанымдардан қорғайды.

Қоғам оң қабылдаған тағы бір маңызды тұс – Конституцияның  адамға бағдарлануы.

Жеке адам мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Оның жайлы тұр­мысы мемлекеттік саясаттың өзегі­не, қабылданатын барлық шешімнің тиімділігін айқындайтын басты өлшемге айналады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік саясатта адам капиталын дамыту мен ғылым-білімге ерекше мән беріледі. Мұндағы түбегейлі жаңалық – бұрын білім беру саласындағы көптеген мәселе­ салалық заңдармен реттелсе, енді ғылым мен білімнің стратегиялық маңызы Конс­титуция деңгейінде бекітілді.

Ал бұл дегеніміз – білімге ин­вес­тиция салу, зерттеушілерді қолдау, акаде­миялық еркіндік уақытша саясат емес, мемлекеттің ұзақмерзімді консти­туциялық міндеттемесіне айналады.

Ел бойынша қолдау тапқан тағы бір норма отбасы институтына қатысты. Яғни «Неке – ер мен әйелдің заңға сәйкес мемлекет тіркеген ерікті және тең құқықты одағы». Бұл новелла – отбасы институтын қорғаудағы ең қуатты тетік. Оның дұрыстығы мен уақтылы қабылданғанын бәрі мақұлдады.

Халықаралық байқаушылар миссиясымен кездескенімде, көпжылдық тәжірибесі бар парламентарий де осы мәселенің өзектілігі мен оны конс­титуциялық деңгейде бекітудің дұрыс екенін ерекше атап өтті. Ол Қазақ­стан тәжірибесін мұқият зерттеп отыр­ғандарын және кейін оны өз елінде де енгізуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

Кейінгі уақытта неке мен дәстүрлі құндылықтар туралы түсініктің бұлың­ғыр болып бара жатқанын көріп отырмыз. Біз жаңа Конституцияда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, отбасы мен моральдық құндылықтарды бірінші орынға қойып, оларды барынша қорғауды қамтамасыз еттік.

Ата заң қоғамды халқымыздың дүниетанымына сәйкес келмейтін және бала тәрбиесі мен отбасылық қатынастарға теріс әсер етуі мүмкін келеңсіздіктерден қорғайды.

– Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы реформаларының табысты болуының сыры неде деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысы реформа­ларының табысты болуының құпиясы – халық пен биліктің бірлігінде.

Бұл – өзгермейтін ақиқат. Біз біріксек, алынбайтын қамал, аса алмайтын бел болмайтынына сан рет көз жеткіздік.

Ұлтымыз талай рет тар жол, тайғақ кешуден өтті. Сол сынақтан бізді алып шыққан құдірет – халықтың береке-бірлігі мен ерік-жігері. Кейінгі жылдар­дағы оқиғалар да осыған айқын дәлел.

Арыстағы жарылыстар зардабын мемлекет пен қоғам бірге еңсерді. Екібастұзда да солай болды. Кейінгі онжылдықтағы ірі тасқын кезін­де қазақстандықтар тізе қосып, жұды­рықтай жұмылды. Осының бәрі халық пен Президенттің қуатты бір команда екенін көрсетеді.

Біз бұған өткен референдумда да көз жеткіздік. Халқымыздың басым көпшілігі Мемлекет басшысы мен оның реформаларын толық қолдады.

Миллиондаған адам ортақ мақсат жолында – Әділетті Қазақстан құру, Заң мен тәртіп орнату, Президенттің адал еңбек, ашықтық пен тең мүмкіндіктер бастамаларын жүзеге асыру жолында бірікті.

Мемлекет басшысының саясатын терең түсінетін және қолдайтын осындай жақтастардың күн санап көбейе беретініне мен кәміл сенемін.

Халқымыз алғашқы конституциялық өзгерістер кезінде де, АЭС салу бойынша референдумда да ауызбіршілігін танытты. Біздің осы береке-бірлігіміз еліміздің тірегі мен қорғанына, реформалардың табыстылығы мен кепіліне айналды. Соның арқасында Қазақстан байыпты, батыл әрі әділетті түрде дами береді.

– Соңғы сұрақ, республикалық рефе­рен­думда қабылданған Консти­ту­ция қайта жазылмайды немесе то­лық­тырылмайды деген кепілдік бар ма?

– Бұл сұраққа бірнеше мәрте нық жауап берілген. Жаңа Конституцияға сәйкес кез келген өзгерісті, мейлі ол елеусіз ғана болса да, тек қана референдум арқылы тікелей халық енгізе алады. Бұл – Негізгі заңның жиі өзгермейтініне кепілдік.

Енді Конституция шын мәнінде халыққа тиесілі, оның мызғымастығы депутаттардың немесе жекелеген саяси топтардың емес, азаматтардың қалауы бойынша қамтамасыз етілген.

Бұл кемел, жауапты қоғамға қарай жасалған маңызды қадам және «Мем­лекеттің тағдыры халықпен бірге ғана шешіледі» деген Президент қағида­сының конституциялық деңгейде бекігендігінің көрінісі.

Сонымен қатар бұдан былай азаматтарымыз референдумға қатысу арқылы қабылданған шешімдердің жауапкершілігін терең сезінетін болады.

Қазірдің өзінде біздің қоғам референдум өткізуге байыппен қарайты­нын көріп отырмыз. Референдумды әдеттен тыс, ерекше оқиға ретінде қабылдамайтын болдық. Бұл дұрыс та.

Билікке деген сенім мен белсенді азаматтық ұстаным осылай қалыпта­са­тынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Мәселен, бір ғана Швейцарияның өзінде жылына 4 референдум өтеді. Кейінгі он жылда олар сексеннен астам халықтық дауыс беру өткізген және плебисцит саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Ал сол Швейцария – дүние жүзіндегі экономикасы дамыған, өмір сапасы жоғары елдердің бірі. Бұл елдің мысалы үлгі етуге тұрарлық.

Біздің Президент сол елде, Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекшілік қыз­метінде біраз жыл істеді. Осындай терең білім мен бай тәжірибесіне сүйеніп, Мем­лекет басшысы бізге референдумдар, ашық талқы­лаулар, стратегиялық шешім­дерге азамат­тардың қатысуы сияқты демо­кратия­ның тетіктерін ұсынып отыр. Дәл осын­дай механизмдер елді заманауи, өркениетті мемлекетке айналдырады. Ондай елде халы­қ­тың атынан шешім қабылданбайды, ше­шім­­ді халық өзі қабылдайды.

Жалпы айтқанда, Мемлекет басшысына тән прогрессивті көзқарас – бола­шақты болжай білу, озық әлем­дік тәжі­рибені батыл енгізу және тиім­ді стратегиялар жасау оның реформаторлық бағытының қозғаушы күші ғана емес, елдегі барлық алдыңғы қатарлы күштерді үнемі біріктіріп келеді.

Дәл осы себепті біздің коалициямыз да «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық конституциясы үшін!» деп аталды. Өйткені прогрессивті ой мен іс-әрекет қана мемлекетті алға жетелейді.

 

Әңгімелескен –

Бану Әділжан,

«Egemen Qazaqstan»