• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:35

Жаңғырудың жеті жылы: Тұрақтылық пен даму

10 рет
көрсетілді

Қазақстан тарихының жылнамасында әр кезеңнің өз жүгі мен жа­уапкершілігі бар. Алайда кейінгі жеті жыл еліміз үшін кеше мен ер­теңнің арасын жалғаған іргелі транс­­формация мен ұлт­тық жаң­­ғырудың маңызды кезеңі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен халқымыз күрделі геосаяси сын-қа­тер­лерді еңсеріп, Әділетті Қазақстан құруға сенімді қадам басты. Ел өміріне түбегейлі жаңа өзгерістер енді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекеттік басқарудың негізгі діңгегіне айналды. Біз әлемдік геосаяси жағдай құбылып, жаһандық дағдарыстар белең алған тұста мемлекетіміздің ішкі әлеуетін нығайтып, сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алатын тұрақты жүйе қалыптастыра білдік.

Халқымыз үшін жеті саны қандай қасиетті ұғым болса, Президенттің осы уақыт аралығындағы қызметін де жеті үлкен белестен тұратын жасампаздық кезең деп сипаттауға болады. Саяси жаң­ғыру, экономикалық реформалар, әлеу­меттік әділдік, білім мен ғылымның өрлеуі, цифрлық трансформация, ұлттық бірегейлікті нығайту және халықаралық беделдің артуы – Қазақстанды түбегейлі реформаларды нақты іске асыратын динамикалы мемлекет ретінде танытты.

Зиялы қауым мен білім ордасының өкілі ретінде біз бұл өзгерістерді қоғам­ның ең сезімтал барометрі – жастар­дың сана­сындағы сілкіністер арқылы бағалаймыз.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» концепциясы мемлекеттік басқарудың жаңа философиясы. Саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ет­пейінше, экономикалық немесе мәдени прогрестің болуы мүмкін емес екенін уақыт дәлелдеп берді.

2022 жылғы жалпыхалықтық рефе­рендум арқылы қабылданған Конститу­ция­лық өзгерістер елдің саяси келбе­тін түбе­гей­лі өзгертті. Президент өкілеттігі­нің бірреттік жетіжылдық мерзіммен шекте­луі, Конституциялық соттың құрылуы, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін нығайту демократиялық даму­дың басты кепіліне айналды.

Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасында тікелей диалог мәдение­тін қалыптастырды. Мемлекеттік орган­дар­дың халық алдындағы есептілігі артып, азаматтардың пікірі ірі шешімдердің қабылдануына түрткі болды.

Президенттің бастамасымен құрыл­ған Ұлттық құрылтай – ата-бабаларымыз­дан қалған ұлы дәстүрді заманауи жаңғырт­ты. Бұл алаңда еліміздің зиялы қауымы, ғалымдары мен белсенді азаматтары бас қосып, ұлттың болашағына қатысты стратегиялық мәселелерді талқылап келді. Құ­рылтайда көтерілген «Адал азамат» тұ­жырымдамасы мен ұлттық құнды­лықтарды ұлықтау мәселелері біздің білім саласындағы тәрбие жұмыстарымыздың басты темірқазығы болып бекіді.

Саяси реформалардың басты жеңісі – халық жүрегінде өз ертеңіне деген се­нім­нің оянуында. Тұрақтылық деген жайбарақат жүру емес, бұл үздіксіз рефор­малар мен даму арқылы келетін тепе-теңдік. Міне, осы саяси іргетас білім мен ғылым саласында батыл қадамдар жасауға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауы мен стратегия­лық бастамалары білім мен ғылымды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде айқындады.

Президент атап өткендей: «Біз ғы­лымды дамыту арқылы ғана елдің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыра аламыз. Егер біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында болғымыз келсе, ғылым мен технологияға негізделген экономика құруымыз қажет». Бұл қағида – отандық академиялық қауымдастық пен жоғары мектеп үшін негізгі бағдар.

Кейінгі жеті жылда Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында да жүйелі жұмыст атқарылды. Білім са­ла­сының мазмұны түбегейлі жаңарып, функ­­ционалдық сауаттылық пен креа­­тивті ойлауды дамытуға басымдық берілді. Бұл үдеріс балабақшадан басталып, жоға­­ры оқу орнына дейінгі үздіксіз білім цик­­лін қамтып отыр.

Мемлекеттің болашақ ұрпаққа деген қамқорлығы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жинақтау жүйесі арқылы көрініс тапты. Бұл бастамалар елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стра­тегиялық қадамдар.

Кез келген реформаның табысты болуы оны жүзеге асыратын мамандардың әлеуетіне байланысты. Осы орайда, Президенттің тікелей тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңы және мұғалімдер мен ЖОО оқытушыларының еңбекақысын есе­леп арттыру туралы шешімдер – тарихи әділдіктің салтанат құруы. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға берілетін гранттар санын көбейту және іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландыруға көшу отандық ғылымның еңсесін тіктеді.

Кейінгі жылдары білім мен ғылым саласына бөлінетін қаржының бес есеге артуы саланы серпінді даму жолына шығарды. Бұл ғылыми инфрақұрылымды жаңарту­ға, іргелі зерттеулерді жандандыруға және ғалымдардың әлеуметтік мәртебе­сін көтеруге бағытталған маңызды инвес­тиция болды.

Университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігінің кеңеюі жоғары оқу орындарына еңбек нарығы­ның талабына сай білім бағдарламаларын ­икемдеуге, халықаралық ғылыми кеңіс­тік­ке еркін интеграциялануға мүмкін­дік берді. Зерттеу университеттері саны­ның артуы ғылым мен өндіріс арасындағы алшақ­тықты жойып, экономиканың нақ­ты секторларына инновациялық шешім­дер ұсынуға жағдай жасады.

Президенттің жарлығымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің жеке бөлініп шығуы, Мемлекет басшысы жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы саланың мәртебесін айтарлықтай арттырды. Бұл кеңес мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы алтын көпірге айналып, зерттеулердің экономикалық қайтарымын арттырудың стратегиялық тетігін қалыптастырды.

Мемлекет жас зерттеушілерге арнайы гранттар бөліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты. «Жас ғалым» бағдарламасы мен «500 ғалым» халықаралық тағылымдамасы қазақстандық зерттеушілердің әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтармен тере­зе­сі тең жұмыс істеуіне жол ашты. Ғалымдар­ды әлеуметтік қолдау бағытындағы тұрғын үй бағдарламалары мен гранттардың көбеюі ғылымға талантты жастардың ағылуын қамтамасыз етті.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2024 жылы қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы. Құжат ғалымдардың әлеуметтік па­ке­­тін нығайтып қана қоймай, ғылыми із­де­ніс­тердің нәтижелілігін арттыруға жаңа серпін берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл реформалардың алғы ше­бінде келе жатқан бірегей ғылыми орта­лық. Университет жанындағы инно­вация­лық орталықтар ғылым мен өнді­ріс ара­сындағы байланысты нығайтып, ғылы­ми зерттеулердің сапасын арттыру, иннова­ция­лық экожүйе қалыптастыру және ғы­лыми нәтижелерді коммерциялан­дыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Бұл жетістіктер отандық жоғары білім жүйесінің жаһандық білім кеңістігіне сенімді түрде кірігіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге халықаралық академиялық серіктестік кеңеюде. Бір­лескен ғылыми жобалар, академиялық алмасу бағдарламалары және ортақ зерттеу бастамалары білім мен ғылымның жаһандық интеграциясын күшейтті.

Бұл бағытта әлемдік үздік универ­ситеттердің филиалдарын ашу тәжірибесі өзін толықтай ақтады. Президент бас­та­масымен елімізде 30-дан астам шетелдік университеттің филиалдары мен өкіл­діктері ашылды. Оксфорд, Аризона немесе Хериот-Уотт сияқты алпауыт оқу орындарының Қазақстанға келуі – отандық білім сапасына деген халықаралық сенімнің белгісі. Бұл қадам жастардың елден кетпей-ақ, халықаралық үлгідегі диплом алуына және озық технологияларды игеруіне жол ашты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ да бұл үдерісте көшбасшылық танытып, шетелдік филиалдарын ашып, экспорттық әлеуетін арттыруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмасына сәйкес, елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін жеткізу көзделген. Осы ауқымды межеге жетуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті жетекші рөл атқарып келеді. Қазіргі таңда қара шаңырақта әлемнің 54 елінен келген 7 мыңға жуық шетелдік студент дәріс алуда.

Жалпы алғанда, кейінгі жылдары жүзеге асырылған реформалар еліміздің білім және ғылым жүйесін сапалық тұрғы­дан жаңғыртуға бағытталды.

Бүгінгі әлемді жасанды интел­лек­ті­сіз елестету мүмкін емес. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды IT-мемлекетке айналдыру және ЖИ саласында көшбасшылыққа ұмты­лу туралы батыл міндет қойды. ЖИ негіз­дері еліміздің барлық мектебі мен университетінде міндетті пән ретінде кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл ретте университеттер жаңа технологиялардың сынақ алаңына айналуда. Біз жасанды интеллектіні тек оқып қана қоймай, оны мемлекеттік басқару, медицина және экология салаларында қолданудың ғылыми негіздерін жасау үстіндеміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жасанды интеллект бағы­тындағы кешенді білім мен ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде дамытып ке­леді. Университетте жасанды интеллект факультеті ашылып, «Зияткерлік басқару жүйелері», «Бизнес-талдау және Big Data», «Роботтехникалық жүйелер» сияқты заманауи білім бағдарламалары жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері университет­тің барлық факультетінің оқу жоспарла­ры­на енгізілді.

Негізгі пәндермен қатар, студенттер «Жасанды интеллектіге кіріспе», «Жасанды интеллект әдістері мен технология­лары», «Нейрондық желілер және терең оқыту», «Басқару жүйелеріндегі жасанды интеллект» секілді тереңдетілген курстар­ды меңгереді.

Бұл жаңа дәуірдің интеллектуалды бәсекесі және бұл бәсекеде біздің жастарымыздың озып шығуына барлық жағдай жасалуда. «AI Sana» ұлттық білім бағдарламасы аясында қысқа мерзімде мыңдаған студент арнайы курстардан өтті. Алдағы уақытта елімізде арнайы Жасанды интеллект университетін ашу жоспарланып отыр. Бұл университет жоғары технологиялық кадрларды даярлап қана қоймай, жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулердің ұлттық орталығы болмақ.

Білім мен ғылым саласындағы ілгері­леу өз кезегінде экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізін қалай­ды. Жеті жыл ішінде экономика­лық саясаттың бағыты шикізаттық тәуел­діліктен арылып, әртараптандыру мен инновацияға бет бұрды. Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік әділдікті орнату.

Осы орайда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманауи білім ошақтарының бой көтеруі ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жоюға бағытталған сындарлы шешім.

Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару үдерісі. Қайтарылған миллиардтаған қаражат­тың жаңа мектептер, ауруханалар мен бала­бақшалар құрылысына жұмсалуы халық­тың мемлекетке деген сенімін нығайтты. Экономиканы монополиядан арылту арқылы шағын және орта бизнеске жол ашылды, бұл нарықтық бәсекелестіктің жаңа кезеңін бастап берді.

Кез келген трансформация руха­ни негізсіз, жаңа қоғамдық этикасыз баян­ды болмақ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі жеті жылдағы қызметінің ең маңызды қыр­ларының бірі – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған рухани жаңғыру саясаты.

Президент Ұлттық құрылтай мін­берінен жариялаған «Адал азамат» идеясы біздің қоғамдық этикамыздың биік мұраты ретінде қабылданды. Мем­лекеттілік рухын нығайту жолында Республика күнінің ұлттық мереке мәрте­бесімен қайта оралуы тарихи әділ­дік­тің салтанаты болды. Ал Наурыз мей­ра­мының «Наурызнама» форматында, онкүндік мазмұнымен толығуы халқы­мыздың төл мәдениетін заманауи тұр­ғыдан жаңғыртты. Бұл жұртты бірлік­ке, бауырмалдық пен жа­сам­паздыққа жетелейтін идеологиялық серпін. Қара шаңырақ ҚазҰУ-да бұл мерекелер тек салтанатты жиын емес, ұлт­тық құндылықтар мен заманауи ғылым­ды ұштастырған мәдени-интеллектуалды форумдар деңгейінде атап өтілуде.

Өткен жеті жылға көз жүгіртсек, Қазақ­­станның ішкі саяси тұрақтылы­ғы нығайып, халықаралық аренадағы беделі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін көреміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың теңгерімді сыртқы саясаты мен батыл ішкі реформалары елімізді жаңа тарихи деңгейге алып шықты. Ұлы даланың тарихын түген­­деу, Түркістанды рухани астана ре­тінде дамы­ту және халықаралық аренада Қазақстанның бейбітшілік пен келіс­сөздер алаңы ретіндегі беделін нығайту – елімізді аймақтық көшбасшы ғана емес, жаһандық мәселелерді шешуде де пікірі ескерілетін беделді мемлекет ретінде мойындатты.

Президент бастамаларының заңды жалғасы әрі мемлекеттің демократиялық трансформациясын бекіте түскен шешуші кезең – 15 наурызда өткен жалпыхалық­тық референдум. Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы біз мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімді бекіттік.

Жаңа Конституцияның басты маңызы – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама­сын конституциялық деңгейде орнықтыру.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты іргелі оқу орындары үшін Мемлекет басшысының страте­гиялық бағдарлары күнделікті жұмыс жоспа­рына айналды. Біз Президент баста­ған реформаларды ғылыми негіздеп қана қоймай, оны іс жүзінде асыратын білікті кадрларды тәрбиелеп отырмыз. Университет ғалымдарының әлемдік деңгейдегі зерттеулері, жасанды интеллект саласындағы серпінді жобаларымыз бен халықаралық кампустарымыз – бұл қуатты мемлекеттің интеллектуалды қуатына қосылған нақты үлес.

Бұл кезең бізге ең басты нәрсені – ертеңге деген сенім мен бірліктің маңызын ұғындырды. Біз геосаяси дауылдардың ортасында отырып, өз жолымыздан жаңыл­май, Әділетті Қазақстан құру идеясының айналасына топтаса білдік. Елдің ішкі бірлігі сыртқы сын-қатерлерге қарсы ең мықты қалқан болса, жүргізіліп жатқан реформалар сол қалқанның берік сауыты іспетті.

Жеті жыл – үлкен жолдың маңызды кезеңі. Біз бүгінде «Күшті ел – тұрақты мемлекет» қағидатымен алға жылжып келеміз. Біз уақыттың сынынан өттік, ендігі міндет – жеткен жетістікті бекемдеп, дамудың жаңа сатысына көтерілу. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық бағдар бойынша білім мен ғылымға арқа сүйеп, әділетті, таза, қауіпсіз және Жаңа Қазақстан құру жолында еңбек ете береміз. Бұл маңызды миссия­да уни­верситеттер ұлттың болашағын қалып­тастыратын негізгі күш болып қала береді.

Мемлекетіміздің іргесі берік, Тәуел­сіздігіміз мәңгілік болсын!

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры