Кейінгі деректерге көз жүгіртсек, елімізде трансплантация жөніндегі күту парағына 4506 пациент тіркелген. Осы тізімде бүйрек жеткіліксіздігіне шалдығып, диализдің көмегімен жүрген азаматтардың үлесі – 4052 адам, оның 94-і бала. Елімізде ағза донорлығына қатысты кезекте тұрғандардың 90%-ға жуығы бүйрекке мұқтаж. Ең өкініштісі, жыл сайын ауру әбден меңдеген 300-ден астам пациент тізімнен түсіп қалса, сырқаты асқынған өзге пациенттер олардың орнын басады.
Жалпы, елімізде 25 мыңнан астам адам созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұр. Оның ішінде 8 мың пациент гемодиализге (жасанды бүйрек) тәуелді. Бүйрек ауруы асқынса, салдары жүрек жетіспеушілігіне, инсультке, тағысын-тағы емі күрделі ауруларға апарып, соңы қайғылы аяқталуы әбден мүмкін. Бүйрек ағзадағы фильтр саналады. Ол ақуыздың алмасуын реттейді. Гормонды синтездейді әрі қан қысымын қалыпты ұстап, кальций мен Д дәруменінің ағзаға сіңуіне жауап береді. Дәрігерлер жасанды бүйрекке байланған пациенттердің көбі аурудың алғашқы белгілерін елемей, бейқам жүрген азаматтар екенін айтады. Сондықтан ақ желеңділер қандай ауру мазаласа да үй жағдайында диагноз қоймай, әуелі дәрігерге көрінуге кеңес береді. Бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастардың жағдайын, гемодиализ аппаратының қабілетін білу мақсатында Астанадағы B.B.Nura нефрология орталығына бас сұққанымызда да дәрігерлер ерте қаралғанға ем шипалы болатынын алға тартты.
Ғимарат шағын, ішкі көрінісі қатардағы ауруханаға ұқсамайды. Қаз-қатар тізілген кереуеттер, әр кереуеттің басында үлкен монитор, бір-бір аппарат тұр. Пациенттердің алды қырыққа шамалаған, соңы алпыстан асқан деп жобаладық.
«Жасанды бүйректің екі түрі болады. Бірі перитонеалды диализ, екіншісі – гемодиализ. Перитонеалды диализді пациенттер көбіне үй жағдайында жасайды. Біздің орталық гемодиализбен айналысады. Мекеменің балансында бас-аяғы 28 орталық бар, соның төртеуі Астанада орналасқан. Басқаны айтпағанда, былтыр қазан айында ғана ашылған осы орталықтың өзіне күніне 40 адам келіп ем алады. Жұмыс істеп тұрған гемодиализ аппараттарының саны – 18, жуықта 20-ға жетеді деген жоспар бар. Аппараттары жаңа, құрал-жабдығы түгел. Орталықта 72 пациент тіркелген. Олар аптасына 3 мәрте, 4 сағат аппаратта жатады. Емшара шарты солай. Кейінгі жылдары бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан пациенттер көбейіп барады. Мекемеге қарасты әрбір гемодиализ орталығына жүздеген пациент қатынайды», деді орталықтың нефролог дәрігері Айдана Қуанышева жалпы жағдайды түсіндіріп.
Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққандардың барлығы дерлік гемодиализ аппаратымен ұзақ жыл «дос» болады. Бүйрегі өздігінен жұмыс істемейтіндерге арналған аппараттың «жасанды бүйрек» деп аталып кетуі тегіннен-тегін емес. Қысқасы, құрылғы бүйректің қызметін атқарып, ағзадағы зиянды, улы заттарды тазалайды. Бүйрегі өздігінен қалпына келмейтін пациенттер үшін қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – трансплантация. Туыстық немесе мәйіттік донор арқылы бүйрегін ауыстыруды ойлағандар операцияға дейін жасанды бүйрекке тәуелді болады. Елдегі мәйіттік донорлықтың даму қарқыны баяу екенін ескерсек, операцияға бекінгендердің көбі туыстық донорлыққа жүгінеді. Алайда трансплантацияға екінің-бірінің шамасы келе бермейді. Туыстық донор табылды дегеннің өзінде пациенттің басқа да асқынған аурулары болуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздіге апаратын созылмалы аурулардың арасында қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы, бүйректе тас болуы, басқа да асқынулар бар. Кейбір дәрілік заттардың да бүйрекке кері әсері тиюі мүмкін. Ескеретін жайт, бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққандардың барлығы өмір бойы аппаратқа таңылмайды. Мысалы, жедел бүйрек жеткіліксіздігі деген бар. Ол пациенттер гемодиализді 3 айдан 1 жылға дейін алуы мүмкін. Егер ауру жылдан асса, созылмалы түрге ауысады. Ол кезеңге жетпей, аман-есен шықса, қалыпты өмірге қайта оралады. Емханаға тексеріліп, анализдерін тапсырып жүреді. Орталық мамандарының айтуынша, қазір бүйрек аурулары жас талғамайтын болған. Гемодиализге 20-ға енді толған жастардан бастап, 85 жасқа таяған қарияларға дейін барады. Одан бөлек, балалар гемодиализі деген бар. Бірақ онымен біз барған орталық айналыспайды екен.
Дәрігермен әңгімеден соң гемодиализ құрылғысының қанды қалай тазартатынын көріп-білдік. Аппарат адамға қосылған соң, төрт сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істейді екен. Осы аралықта дәрігерлер науқастың қан айналымын жіті бақылайды. Қан ағзада минутына 350-380 мл-ден айналуға тиіс. Құрылғының жұмысына қатысты кейбір сұрақтардың жауабын білу мақсатында нефролог дәрігер Айдана Қуанышеваға қайта жүгіндік.
«Жасанды бүйрекке бірнеше жыл келетін пациенттердің бүйрегін «елес бүйрек» деп айтсақ та болады. Біздің құрылғылар сол бүйректі алмастырады. Онсыз науқастың ғұмыры қысқа. Гемодиализ аппаратында бүйректің жұмысын атқаратын сүзгілер болады. Адамның бүйрегі табиғатынан 24 сағат жұмыс істеуге тиіс болса, науқастардікі құрылғыға қосылғанда 4 сағат қана жұмыс істейді. Аппараттан келетін екі түтікшенің бірі күретамырға, екіншісі көктамырға жалғанып, гемодиализге өтеді. Қан сүзгіден өткенше қоюланбауы үшін гепарин деген дәрі құямыз. Гемодиализ аппараты қанды әуелі күретамырдан алып, сүзгіден өткізеді. Сосын көктамыр арқылы қайта пациентке тазарған қан құйылады. Сүзгіден негізінен креатинин, мочевина, калий, натрий, қант секілді шамадан тыс артық заттар алынады. Бір пациенттен кейін гемодиализ аппараты 40 минуттай өзін-өзі тазалайды да келесі пациентке кезек келеді», деді А.Қуанышева.
Бүйрек жеткіліксіздігінің созылмалы ауруына шалдыққандар I топтағы мүгедек санатында болған соң, оларға тиісті медициналық қызметтің барлығы тегін. Оның ішіне аптасына үш мәрте қабылдайтын емшарадан бөлек, мемлекеттен берілетін дәрі-дәрмек, көлікпен тасымалдау, бәрі-бәрі кіреді. Жүргізушілер әр пациентті белгіленген тәртіппен уақыттан қалдырмай орталыққа жеткізіп, қайта үйіне апарады. Орталық МӘМС есебінен қаржыландырылады. Егер қызмет ақылы негізде көрсетілсе, бір емнің құны 45 мың теңге шамасында болады. Яғни аптасына 135 мың теңгеден айналады. Созылмалы ауруы асқынып, осындай емге баратындардың көбі өмірінің соңына дейін аппараттың көмегімен келесі күнге дін-аман жетеді. МӘМС жарнасы қайда кетіп жатыр деген сұраққа бұл да бір жауап. Бүйрегі істен шыққан пациенттерге нефролог дәрігерлер бұдан бөлек те емшаралар тағайындайды. Оның бәрін пациенттер дәрігерге ысыра салмай, әуелі өзі психологиялық тұрғыда емге дайын болуы керек. Күтініп, сақтанып жүруге тиіс. Сонда ем қонады. Гемодиализ орталығына қатынап жүрген 55 жастағы Гүлмира Балабекқызы да осы пікірді қуаттады.
«Гемодиализге қыркүйектен барып жүрмін. Оған дейін жүрекке операция жасалды. Көңіл күй жақсы, диализден кейін тіптен жеңілдеп қаламын. Мұнда пациенттерге жайлы жағдай жасалған. Аппаратқа алғаш жатқанда ауырлау қабылдағаным рас, қазір үйреніп қалдық. Гемодиализге бармасам, денем қайта ісіне бастайды. Сондықтан қалмаймын. Диализге келетіндердің ішінде 16 жылдан бері қатынап жүргендер де бар, ғұмыры ұзақ болсын. Диализден бөлек, біздің саулығымызды нефролог дәрігерлер тұрақты бақылайды, емшара тағайындайды, оның бәріне бірте-бірте бой үйретіп келеміз», дейді пациент.
Гемодиализ қанды бірнеше сағатта сүзіп, тазарта салатын жеңіл процедура емес. Пациент жасанды бүйректен кейін бірде өзін жайлы сезінсе, кейде нашар сезінуі мүмкін. Жаны қысылып, қиналатын жайттар да кездеседі. Оған пациенттің тұтынған ас-ауқатынан бастап, күн райы да себеп болуы мүмкін. Тағы бір себебі, диализ кейде қандағы артық заттардан бөлек, ағзаға қажет кальций, глюкоза, гемоглобин, ақуыз секілді элементтерді қоса алып кетеді. Жасанды бүйрекке бірнеше күн кешігіп келген пациенттердің басы айналып, өзін өте жайсыз сезінуі мүмкін. Медицинада бүйрек жеткіліксіздігінің 5 сатысы бар, нефрологтер аурудың бірінші, екінші сатысында науқасты анықтап, дерттің асқынып кетпеуін барынша қадағалауға тырысады. Яғни аурудың алдын алып, пациенттерді гемодиализге тәуелді болудан сақтайды.
Елімізде гемодиализдің көмегімен 20-30 жыл немесе одан да ұзақ таң атырған өмірге құштар пациенттер баршылық. Олар бүйрек жеткіліксіздігі соңғы үкім емес екенін дәлелдеп келеді. Қорыта келгенде, бүйрек сыр берсе зәр көбіктеніп, түсі өзгеріп, бойда әлсіздік пайда болады екен. Кіші дәретке шығу жиілігі, іштің ауруы мен жүректің айнуы, қан қысымының көтерілуі де аурудың бір белгісі. Дерт асқынған жағдайда зәрде қан байқалып, дене қалтырап, бөртпелер пайда болуы мүмкін. Нефрологтер аурудың белгілері байқалса, уақыт оздырмай бірден емханаға жүгінгеннен абзалы жоқ екенін үнемі ескертеді.