Наурыз мейрамы қарсаңында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі игі іс-шаралардың легін бастап кетті. Соның бірі – оқушы қыз балалар арасында өткен «Дәстүр – ұлттың тамыры» атты байқау.
Қыз балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздейтін байқауға облыс орталығындағы мектептердің оқушылары ерекше қызығушылықпен қатысты.
– Байқаудың негізгі мақсаты – халқымыздың сан ғасырлық ұлттық өнері ұршық иіруді жаңғырту, оқушыларды төл мәдениетімізге баулу әрі қолөнер туындыларын күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету. Бұл іс-шара жас буынның шығармашылық ізденісін арттырып, қазақтың салт-дәстүріне деген құрметін нығайтуға бағытталған, деп атап өтті музей қызметкері Назымгүл Шапағат.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауға 6-9 сыныптарда оқитын қыз балалардың шақырылуы кездейсоқ емес. Себебі бұл кезеңде олардың бо-йында шеберлікке, эстетикалық талғамға, ұлттық тәрбиеге деген қызығушылық қалыптасады. Ал дәстүр – халықтың өткені мен болашағын жалғайтын алтын көпір. Байқау барысында қатысушылар тек өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, оны заманауи мәнермен ұштастыруды үйренді.
Алғашқы кезеңде қатысушылар жүнді қолмен түту шеберлігін көрсетті. Ал екінші бөлімде жылдам иіру қабілетін, ұршықпен жұмыс істеудегі ептіліктерін байқатып, ұршықтың жасалу жолдары мен иіру әдістерін, қазақ аналарының күнделікті тұрмысында қандай маңызға ие болғанын әңгімеледі.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы Дильназ Тәтенова, екінші орынды №48 орта мектептің оқушысы Нұрсая Сәрсенбай жеңіп алса, жүлделі үштікті «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің шәкірті Нағима Уәлиден түйіндеді. Бірінші орын иегері планшетке, жүлдегерлер ұялы телефонға ие болды. Қатысушыларға ұлттық әшекейлер сыйға тартылды.
Павлодар облысы