Алматыда өткен референдум барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелмеген. Дауыс беру үдерісінің ұйымдастырылу деңгейі бұрынғы науқандармен салыстырғанда едәуір жақсарған. Бұл туралы жазушы, экономист және қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов айтты. Ол референдум кезінде тәуелсіз бақылаушыларды оқытып, Алматыдағы бірнеше учаскеде дауыс беру барысын өзі де бақылаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, референдумды бақылау жұмыстарына Қазақстан бойынша «Халық үні» қоғамдық бірлестігі аясында дайындықтан өткен еріктілер тартылған.
«Бүкіл Қазақстан бойынша біздің коалиция мен бастамамыз шеңберінде шамамен екі мыңға жуық адам байқаушы ретінде жұмыс істеді. Бұл адамдар материалдық сыйақы үшін емес, өз еркімен келген жастар болды. Олар ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға қатысып, өз үлесін қосқысы келді. Біз олар үшін арнайы тренингтер ұйымдастырып, байқаушылардың құқықтары мен міндеттерін, бақылау ережелері мен құқықтық нормаларды түсіндірдік. Соның нәтижесінде олар жоғары деңгейдегі дайындық пен кәсіби жауапкершілік көрсетті», деді Бекнұр Қисықов.
Референдумды бақылау: «Ел дауысы» қоры алдын ала қорытындыларын жариялады
Ол сондай-ақ референдум кезінде өңірлердегі сайлаушылардың белсенділігі әртүрлі болғанын атап өтті. Кейбір облыстарда дауыс беруге қатысу деңгейі 87-90 пайызға дейін жетсе, Алматыда бұл көрсеткіш шамамен 33 пайызды құраған.
«Алғаш қарағанда 33 пайыз аз көрінуі мүмкін. Алайда Алматының үлкен мегаполис екенін ескеру керек. Мұнда тұрғындар мобильді, жұмыс кестесі тығыз, сондай-ақ саяси процестерге деген көзқарас та өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан қала үшін бұл көрсеткішті де белгілі бір деңгейде маңызды деп бағалауға болады», деп түсіндірді ол.
Бекнұр Қисықовтың айтуынша, бақылаушылар кейбір даулы жағдайларды да тіркеген. Негізінен олар учаскелердегі онлайн-трансляциялар, бюллетеньдерді суретке түсіру немесе дауыс беру күні әлеуметтік желілерде үгіт сипатындағы жазбалар жариялау сияқты мәселелерге қатысты болған.
«Қазіргі кезде блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері кейде тікелей учаскенің өзінде өз позициясын білдіруге тырысады. Кейбір азаматтар дауыс берген бюллетеньді суретке түсіріп, оны интернетте жариялаған жағдайлар болды. Ал заң бойынша мұндай әрекетке тыйым салынған. Сонымен қатар онлайн-трансляция мәселесіне қатысты да пікірталастар болды. Заңнамада бұл нақты көрсетілмегенімен, мұндай әрекеттер дауыс беру құпиясына нұқсан келтіруі мүмкін деген түсінік бар. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде кейбір келіспеушіліктер туындады», деді ол.
ТМД бақылаушылары: Референдумда дауыс беру процесі ашық әрі әділ өтті
Сонымен қатар Бекнұр Қисықов Алматыда бақылаушылар тарапынан өрескел заңбұзушылықтар анықталмағанын айтты. Оның пікірінше, сайлау процесін ұйымдастыру жылдан жылға жетілдіріліп келеді.
«Алдыңғы науқандармен салыстырғанда ұйымдастыру деңгейі айтарлықтай өскенін байқадық. Учаскелерде ақпараттық стендтер, қажетті байланыс деректері, дауыс беру схемалары, жәшіктердің орналасуы – барлығы стандарт талаптарына сәйкес орналастырылған. Тіпті материалдардың геометриялық орналасуы мен визуалды безендірілуіне дейін кәсіби деңгейде дайындалған. Жалпы алғанда, дауыс беру тыныш әрі қалыпты жағдайда өтті», деп түйіндеді ол.