Шымкент қаласында референдум науқаны ерекше басталды. Азаматтық белсенділік танытып, алғашқы болып өз учаскелерінде дауыс берген азаматтарға сыйлықтар табысталды.
Мәселен, №100 референдум учаскесінде алғашқы болып дауыс берген Олжабай Дүзүлбаевқа белсенді азаматтық ұстанымы үшін арнайы сыйлық табысталды. Ал Шымқаладағы Достық үйінде орналасқан №4 референдум учаскесіне келген дауыс берушілерге қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шымкент қаласында референдумға байланысты қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады. Бұл шешім қала тұрғындарының дауыс беру учаскелеріне ыңғайлы жетуіне мүмкіндік беру мақсатында қабылданды.
Шаһардағы әкімшілік аумақтарда референдумға әзірлік жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мәселен, қаланың Әл-Фараби ауданындағы 78 референдум учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастады. Аудандағы жалпы сайлаушылар саны – 120 202 адам. Барлық референдум учаскесі заң талаптарына сәйкес толық жабдықталып, дауыс беру жәшіктері өз уақытында ашылды.
Қала тұрғындары таңертеңнен бастап өз учаскелеріне барып, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Қоғамдық көліктерде дауыс беруге бара жатқан жолаушылар референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, барша тұрғындарды белсенді түрде қатысуға шақырды.
ШЫМКЕНТ