• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Ақмолалықтардың алғадай пейілі

10 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы №24 референдум учаске­сі есігін айқара ашқан кезде келдік. Осы жерде ел ағасы, білім сала­сының арда­гері Телман Мұқышев ақса­қалды жо­лық­­тырдық. 85-тегі ағамыз сер­гек.

– Бүгін ел болашағын айқын­дай­тын күн бол­ғандықтан, өз дау­сымды бе­руді ұй­ғардым. Бұл – біздің мін­­детіміз. Не­гізін­де аға буын мұндай шар­уа­ларға белсене ара­­ласып отырады, – дей­ді Телман Шәріпұлы.

Ақсақал аузын жиып бол­ғанша 80-нен асқан Виктория Мұхамед­жа­нова да келе қал­ды. Екеуі де әрдайым ел болашағына алаңдап жү­ре­тін, өздерінің жүрек қалау­ла­рын бүкпесіз жеткізетін жандар екен­дерін түйсіндік.

Дауыс беру учаскесіне келушілер саны сәт сайын арта бастады. Таңғы сағат 8.00-ден аса 68 адам дауыс беріп үлгерді. Учаскеге тіркелген мүмкіндігі шектеулі 15 адам бар екен. Олардың үшеуі үйлерінде дауыс береді.

Өңірдегі дауыс беру учаске­ле­рін­де «Тосын қошемет» деп аталатын әдеттен тыс акция өткізілді. Іс-шара­­ның бас­ты мақсаты – дауыс беруге келген адам­дар­дың көңіл күйін көте­­ру. Акция шең­бе­рін­де дауыс беруге кел­гендер әлдебір тілек жа­­зыл­ған қағаздарды қалауынша суырып алады. Мұндай акция өңірдің Бұланды, Ақкөл, Атбасар, Егіндікөл аудан­дарында ұйым­дас­ты­рыл­ды.

Макинск қаласының тұрғыны Лариса Соколова референдум  учас­кесіне бірінші болып келіп, ақжарма тілекке ие болса, Қосшы қаласының №750 референдум учаскесінде соғыс ардагері Нұрқасым Әжітаев өз таңдауын жасады. Нұрқасым ақсақал – маршал Малиновскийдің қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысқан жауынгер. 1945 жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанған. Туған жерге араға сегіз жыл салып, 1951 жылы оралған. Нұрзиләт Құсайынқызымен ша­ңырақ көтеріп, бүгінде жеті баласынан он немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.

Облыс орталығындағы «Дос­тар» мәде­ниет үйінде өзгеше көрініс ел назарын аудар­ды. Ертегі кейіп­кер­ле­рінің киімін киген кәсіби аниматорлар дауыс беруге келіпті. Тіл­дес­ке­ні­мізде олар кәсі­би жұ­мыс­тары мен азаматтық борышта­рын ұш­тастыра отырып, көпшіліктің көңі­­лін көте­руге ниеттенгенін айтты.

– Референдум – өте маңызды уақиға. Дауыс беруге келгендер ел бо­ла­шағын айқындауға таңдау жасай отырып, бір сер­піліп қалсын деп ойладық. Ал біздің кос­­тюм­де­рі­міз аса маңызды іске ешбір бөгет етпейді, – дейді Эльза бейнесіндегі аниматор.

Референдум комиссиясы мүше­лерінің пікі­­рін­ше, мұндай бастамалар еш тәр­тіпті бұз­байды, керісінше дауыс беру­шілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар