Бүгінгі күнге дейін Таяу Шығыс елдерінен жалпы алғанда 10 275 Қазақстан азаматы елге қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтарын эвакуациялау әртүрлі бағыттар арқылы, оның ішінде әуе және құрлық жолдарымен жүзеге асырылды.
Қазақстан Республикасының өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерлерде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыста болып, Қазақстан азаматтарына қажетті көмек көрсетті.
Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпанда таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай қалған. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.