• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 10:00

Өңделген өнім үлесі артып келеді

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларын дамыту бағытындағы алдын ала нәтижелер қаралды.

Жылдың алғашқы екі айында азық-түлік пен сусын өндірісінде жоғары өсім байқалып отыр. Азық-түлік өндірісінің көлемі 665 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі жоспардағы 104,3%-дың орнына 111,9% болды. Бірінші тоқсанның қорытындысында бұл көрсеткіш 112% болады деген болжам бар.

Сусын өндірісінде де өсім байқалады. Бұл саладағы өн­діріс көлемі 175,4 млрд тең­геге жетті. Нақты көлем индексі 104,2% болса, жос­пар бо­йынша ол 110,2% дең­гейінде болуға тиіс еді. Қаңтар-нау­рыз айларының қоры­тын­дысына болжам – 110,3%. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың қорытындысында елімізде 1,2 трлн теңгеге сусын өндірілген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұл­тановтың айтуынша, тамақ өнеркәсібі кейінгі жылдары тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді.

 «Тамақ өнеркәсібі тұрақты дамып жатыр. 2025 жылдың қорытындысында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,1%-ға жоғары, ол кезде өндіріс көлемі 3,3 трлн теңге болған. Ал биыл бұл көрсеткішті 4,7 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өсім егіс алқаптарын әртараптандыру, жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындардың жүктемесін арттыру, ішкі нарықты қорғау мен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен болған. Осы факторлардың қосымша үлесі шамамен 600 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бұл биылғы жылдың соңына қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», деді Азат Сұлтанов.

Шикізат базасының кеңеюі мен қайта өңдеу көлемі­нің артуы бірқатар өндірістің өсуіне ықпал етпек. Мәселен, күнбағыс майының өндірісі 890 мың тоннаға дейін артады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 100 млрд теңгеге артық өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жүгеріні қайта өңдейтін екі жаңа зауыт іске қосыл­ғаннан кейін 640 мың тонна шикізатты қайта өңдеу жос­парланып отыр. Сонымен қатар крахмал өнімдері мен аминқышқылдарының өнді­рісін 205 мың тоннадан 260 мың тоннаға дейін ұлғай­ту көзделген. Бұл шамамен 55 млрд теңгенің қосымша өнімін шығаруға мүмкіндік береді.

Сүт саласында да өсім болуға тиіс. Бұл бағытта 2,4 млн тонна шикізатты қай­та өңдеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, шама­мен 36 млрд теңгеге қосым­ша өнім өндірілмек. Сала­дағы ірі кәсіпорындар да өн­діріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Мыса­лы, «Саламат» ұн тарту кә­сіп­орны ұн өндірісін 232 мың тоннадан 257 мың тон­наға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл – шамамен 11% өсім. «Qazaq Astyq Group» кәсіпорны өсімдік майы өндірісін 106 мың тоннадан 126 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған. Бұл – 19% өсім. «Масло-Дел» сүт өңдеу кәсіпорны өңделген сүт өндірісін 98,2 мың тоннадан 121 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл – 23% өсім. Ал Жаркент крахмал-сірне зауыты крахмал мен сірне өндірісін 61,5 мың тоннадан 67,6 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған. Бұл – 10% өсім. «Coca-Cola Алматы Боттлерс» кәсіпорны алкогольсіз сусын өндірісін айтарлықтай арттыруды көздеп отыр. Қазіргі 4,3 млрд литр көлемі 6,7 млрд литрге дейін өседі деп жоспарланған. Бұл – 55% өсім. Сонымен қатар «Кублей» ет өңдеу кә­сіп­орны мен «Айс» сүт кә­сіп­орны да өндіріс көлемін ұлғайтуға тиіс.

Жалпы, өңдеу өнеркә­сі­бінің басқа салаларында да оң динамика байқалып отыр. Жылдың алғашқы екі айында нақты көлем индексінің жоғары өсімі тіркелген. Машина жасау саласында бұл көрсеткіш – 115,5%. Құрылыс материалдарын өндіру – 127,4%. Металл бұ­йым­дары өндірісі – 131,4%. Жеңіл өнеркәсіп – 156,4%. Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі – 111,5%.

Сауда саласында да өсім байқалады. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 103,4% болды. Жалпы, сауда айналымы 9,7 трлн теңгеге жетті. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 8,9 трлн теңге болған. Яғни өсім 0,9 трлн теңгені немесе 10,2%-ды құрады.

Көтерме саудада да оң динамика байқалады. Нақты көлем индексі – 103,8%. Айналым көлемі – 6,5 трлн теңге. Ал 2025 жылғы қаңтар-ақпанда бұл көрсеткіш 6,1 трлн теңге болған. Бөлшек сауда саласы да тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Мұнда нақты көлем индексі 102,6% болды. Жалпы айналым 3,2 трлн теңгеге жетті. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,8 трлн теңге болған. Азық-түлік тауарларын сату көлемі айтарлықтай артқан. Өсім +22% немесе шамамен 0,4 трлн теңгені құрады. Бұл бағыттағы ең жоғары өсім Түркістан облысында – 112,1%. Алматы облысында – 110,9%. Атырау облысында – 103,9%. Ақтөбе облысында – 102,7%. Шымкент қаласында – 105,4%.

Азық-түлік емес тауарлар бойынша Маңғыстау облысы көш бастап тұр – 119,2%. Солтүстік Қазақстан облысында – 108,5%. Жетісу об­лы­сында – 108,1%. Шығыс Қазақстан облысында – 107,6%. Түркістан облысында – 106,0%. Талқылау қорытындысы аясында вице-премьер сала­лық министрліктерге өндіріс­ті кеңейтуге әрі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға кедергі келтіретін мәселелерді жан-жақты қарастырып, оларды шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар