Павлодар қоймаларында 50 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр. Бұл облыс тұрғындарының күзге дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады.
Қазір облыста жалпы сыйымдылығы 550,9 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймалары жұмыс істейді. Соның ішінде 133 қойма (483,8 мың тонна) заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, 13 қойма (58 мың тонна) арнайы тоңазытқыш қондырғыларымен жабдықталған. Жалпы алғанда, көкөніс сақтау инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамыған.
– Былтыр Павлодар облысында 711,5 мың тонна картоп, 146,6 мың тонна сәбіз жиналды. Өңір тұрғындарына жылына 75,4 мың тонна картоп қажет екенін ескерсек, қамтамасыз ету деңгейі қажеттіліктен 11 есе жоғары. Сәбізге деген жылдық қажеттілік 17,3 мың тонна болса, қамтамасыз етілуі – одан 10 есе көп. Артық өнім сыртқа сатылады. Өткен жылы облыс шаруалары 183,4 мың тонна картопты Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан мен Тәжікстан елдеріне экспорттады. Сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан бағыттарына 24,5 мың тонна сәбіз жөнелтілді. Ал жыл басынан сыртқа 36,7 мың тонна картоп пен 4,6 мың тонна сәбіз жіберілген. Бұл көрсеткіштер өңірдің экспорттық әлеуетінің жоғары екенін байқатып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Басқарма дерегінше, қазір жергілікті көкөніс қоймаларында 50,4 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр. Мамандар бұл облыс халқының жаңа өнім алынғанға дейінгі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті дейді.
Облыста аталған өнімдер бойынша көтерме бағалар тұрақты деңгейде сақталып тұрғаны байқалған. Картоптың бір килосы 115-130 теңге аралығында болса, сәбіз – 130-150 теңге.
Атап өтерлігі, алдағы егіс науқанында тұқымға 60,9 мың тонна картоп қажет. Аталған көлем қазірдің өзінде дайын тұр. Ал сәбіз тұқымы көктемгі егіс жұмысының көлеміне қарай сатып алынады.
Павлодар облысы