• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 08:00

Мәдениетте мәңгілік із қалдырған

10 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық орталық музейде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуы­на арналған «Өзбекәлі Жәнібеков феномені: тарих, мәдениет және ұлттық сана» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды жиын «Мәдениетте мәңгілік із қалдырған тұлға» тақы­­рыбындағы көрмемен жалға­сын тапты.

Көрме экспозициясына Ұлттық орталық музей қорымен қатар Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» музейі, Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейі қорларынан алынған бірегей жәдігерлер қойылып, тарих пен мәдениеттің терең тамырын айғақтайтын құнды бұйымдар арқылы қайраткердің ел руханиятына сіңірген еңбегі жан-жақты таныстырылды.

Конференцияның басты мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы мен қоғамдық қызметін, ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы тарихи рөлін, тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы сүбелі еңбектерін ғылыми тұрғыдан зерделеу. Сонымен қатар оның тұлға­лық феноменін қазіргі ұлттық сана контексінде талдап, өскелең ұрпаққа өнеге ету көзделді.

«Қазақ руханиятының жаңғыру жолында Өзбекәлі Жәнібеков есімі айрықша құрметпен аталады. Ол ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде зерттеп, этнография, музей ісі, тарихи мұраны қалпына келтіру бағыттарына тың серпін берді. Оның бастамасымен көптеген тарихи-мәдени ескерткіш қайта жаңғыртылып, өңірлік музейлердің жұмысы жанданды. Ұлттық тарихты зерттеу мен насихаттау ісі жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде ұлттық бірегейлік пен тарихи жадты сақтау – уақыт талабы. Осы орайда конференция ғалымдар, мәдениеттанушылар, музей қызметкерлері мен жас зерттеушілер үшін пікір алмасу алаңына айналып отыр. Жас буынның ғылыми ізденістерін қолдау – рухани сабақтастықтың кепілі. Ұлттық мұраны ұлықтау арқылы біз тарихи сананы жаң­ғыртып, болашаққа нық қадам басамыз», дейді Ұлттық орталық музейі­нің директоры Сержан Саров.

Өзбекәлі Жәнібеков дәстүрлі қол­өнерді, ұлттық киім үлгілерін, музы­калық аспаптарды зерттеп, кеңінен дәріптеуге айрықша көңіл бөлді. Оның тікелей ықпалымен қасиетті Тайқазан елге қайтарылып, тарихи әділеттілік қал­пына келтірілді. Сондай-ақ ол Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына ұйытқы болып, халықтың рухани санасының жаңаруына зор үлес қосты.

Көрмеге қайраткердің сан қырлы қызметін айғақтайтын құнды экспонаттар қойыл-ған. Олардың қатарында Ө.Жәні­бековтің Ұлттық музей қорына өзі тапсырған Қажымұқан Мұңайтпас-ұлына тиесілі тымақ, жары Қалихан апамыз табыстаған домбыра, үстел үстіндегі кітап пішіндес сағат, Ықылас музейі қорындағы тақиясы мен шапаны, дауылпаз аспабы бар. Сонымен бірге Арқалықтағы музей экспозициясын жасақтау барысында жинақталған астау, сәукеле, қолтаңбасы қойылған «Уақыт керуені» кітабы, «Шертер» ансамблінің афишасы, ұлттық киім үлгілерінің эскиздері де жұрт назарына ұсынылған.

Тағылымды шарада Халық­аралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, ақын Әділғазы Қайырбеков, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков, Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Рауан Терек, тағы басқалар баяндама жасап, Өзбекәлі әлемі – ұлттық мұраны ұлықтаудың, тарихи сананы жаңғыртудың жарқын жолы екенін айтты.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар