Дотацияда отырған Жамбыл өңірінің арқа сүйері – ауыл шаруашылығы саласы. Жалпы алғанда өңірде асыраушы салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, нәтижесі көңіл көншітпейтін әкімдер де баршылық. Бір-бір ауданды тізгіндеген басшылардың кейбір уәжі сыныққа – сылтаудай көрінетіні бар. Бұдан өзге салаларда да қайсыбір аудан әкімдері жұмысты әлі де ширатқаны жөн секілді. Нақтырақ айтсақ, Президент айрықша ден қойған инвестиция тарту, құрылыс саласында да олқылықтар байқалады.
Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева келтірген дерекке жүгінсек, былтыр өңір экономикасы біршама өскеніне қарамастан, ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында жүктелген міндетке қол жеткізу мұңға айналған. Анығырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов ауданында асыраушы сала бойынша нәтиже – 35,9%, шалғайдағы Мойынқұм ауданында – 7,5%, Қордайда – 3,5%, Таласта 0,7% орындалмапты.
Жалпы алғанда ауыл шаруашылығы саласында 514,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өнімділік 2024 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артқанына қарамастан, Жамбыл облысы республикалық көрсеткіште оныншы орынға жайғасқаны жанымызға батады. Өйткені өңір басшысы саладағы жұмысты ширату бойынша барынша жұмыс атқарып жатса да, кейбір әріптестері соған сай нәтиже көрсете алмай отыр.
Бірнеше аудан басшылары бар мәселені ауа райының қолайсыздығына жауып отыр. Ернар Есіркепов басқаратын Тұрар Рысқұлов ауданы ауыл шаруашылығынан бөлек, инвестиция тартуда да олқылыққа жол беріпті. Одан өзге де бірнеше әкімнің кейбір саладағы жұмысы көңіл көншітпейді. Өйткені межелі көрсеткішке қол жеткізе алмаған. Жалпы, кей әкімнің маңызды салалар бойынша төмен нәтиже көрсетуі дәстүрге айналып бара жатқандай көрінеді... Ал Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі нәтиженің нәтижеге қол жеткізу үшін әлі де тынымсыз тер төгетінін алға тартып отыр.
«Бұл тұрғыдан алғанда біршама объективті себеп бар екенін айта кеткен жөн. Біз қазір жалпы сомасы 42 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бір бөлігі өткен жылы есепке кірмей қалған болатын. Инвест жобалардың бірқатарында ішкі қаржылық мәселелерге байланысты құрылыс жұмысы аяқталмай қалғанын айта кеткен жөн. Бұл жобалар биылғы жылдың статистикасында есепке алынатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштің төменділігі қуаңшылық әсерінен қалыптасып отырғаны белгілі. Былтыр 110 мың гектарға арпа-бидай егілді. Оның 20 мың гектары қуаңшылық есебінен орындалмады. Осыған орай биыл күн райына тәуілділіктен құтылу мақсатында бірқатар нақты жұмысты қолға алуды жоспарлап отырмыз», дейді Е.Есіркепов.
Жоғарыда айтқанымыздай, халқы тығыз орналасқан Қордай ауданында да көрсеткіш жоспардағыдан төмен орындалған екен. Жергілікті атқарушы билік өкілдері нәтиженің көңіл көншітпейтінін тағы да ауа райымен сабақтастырып отыр. Сондай-ақ аудан бойынша өңдеу өнеркәсібі саласындағы нәтиже де ойдағыдай емес. Инвестиция тарту мәселесінде де олқылық байқалған.
«Өңдеу өнеркәсібі бойынша 2025 жылдың қорытындысында «Korcem» ЖШС 1 млн тонна өнім өндірген. Алайда кәсіпкерлік басқармасының сұранысы негізінде 400 мың тонна ғана өткеріліп, 600 мың тонна қабылданбай қалды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша межелі көрсеткішке қуаңшылық салдарынан қол жеткізе алмадық. 2024 жылы арпа-бидайды гектарына 17-18 центнерден алсақ, өткен жылы 11–12 центнер шамасында қалыптасты. Ал суармалы егістік жердегі жүгеріні 2024 жылы 77 центнерден алынған болса, су тапшылығына байланысты өткен жылы 63 центнерден алдық», дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев.
Өңірдің құрылыс саласында 392,8 млрд теңгенің жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде, өсім 14,4 пайызды құраған. Алайда шалғайдағы Мойынқұм ауданында көрсеткіш белгілі себептермен 51,6 пайызға төмендеген көрінеді. Өңірдегі көрсеткіш біршама өскеніне қарамастан, облыс республика бойынша 13-орынға тұрақтап отыр.
Жалпы алғанда өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны баршаға мәлім. Нақтырақ айтсақ, жыл қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 8,9 пайызды құрап отыр. Облыс өңдеу өнеркәсібі саласында 834,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, республика бойынша үздік бестіктің қатарынан көрінген. Ал өнеркәсіп саласында 1,3 трлн теңгенің өнімі өндірілгенін айта кеткен жөн. Соның арқасында облыс республикалық көрсеткіште төртінші орынға тұрақтап отыр. Айта берсек, өзге де бірқатар салаларда ауыз толтырып айтуға тұрарлық нәтижелер баршылық. Алайда кейбір аудан әкімдерінің жұмысты ойдағыдай жүргізбеуі, межелі жоспарда орындай алмауы салдарынан республикалық рейтингте көрсеткіш төмендеген салалар да жоқ емес.
Аудан әкімдерінің дені мемлекеттік саяси қызметке күні бүгін тағайындалған жоқ. 3–4 жыл бедерінде жұмыс істеп келе жатқан шенеуніктер жаңбырлатып суару, тамшылатып суару технологиясын пайдаланатын шаруа қожалықтардың санын және жалпы алқаптың гектарын ұлғайтқанда, көрсеткіш басқаша болар ма еді. Кім білсін... Жаңа технологияны қолдану тақырыбы өңірде бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқаны бәрімізге мәлім.
«Бар мәселені тек ауа райымен байланыстырып қол қусырып отырудың реті жоқ. Сондықтан шаруалармен бірлесіп, егістікке су жеткізу, егіс көлемін оңтайландыру бойынша тиісті деңгейде түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Су үнемдеу технологиясын енгізу бағытындағы жұмысты жеделдету керек. Қойылған міндеттерді орындау қолдарыңыздан келмей ме, орынды босатыңыздар», деген Ербол Қарашөкеевтің сөзінен әріптестерінің жұмысына деген көңіл толмаушылық анық байқалады.
Қалай десек те, сан саладағы жұмысты өркендетуге мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылғаны анық. Әсіресе инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес.
Нәтижелі жұмыстың едәуір бөлігі ауыл-аймақтарда атқарылатыны да мәлім. Сондықтан аудан әкімдерінің ширақ қимылдағаны жөн. Осы жылы сан сылтау аудан әкімдерін жауапкершіліктен құтқармайтын секілді. Оны Ербол Қарашөкеевтің «Осы жылы белгіленген жоспарлы көрсеткіштер толық орындалуы керек. Сондықтан жұмысты ширатып, нақты нәтиже көрсетуді талап етемін» деген сөзінен де аңғаруға болады.
Осы қыста ылғал молынан түсті. Оны диқандардың сөзінен де байқап жүрміз. Соған қарағанда ризық та мол болатын секілді. Алайда аудан басшылары инвестиция тарту, құрылыс саласындағы жұмысты жүйелеу сынды өзге де салалардағы олқылықтарды түзей ала ма? Кім білсін...
Жамбыл облысы