Қызылордадағы тарихи-өлкетану музейінде даңқты батыр, қаһарман қолбасшы Бұқарбай батыр Естекбайұлының қылышы тұр. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келген батыр есімі патша отаршылары мен Қоқан бектеріне қарсы күресімен, елін кәсіпке баулыған еңбегімен мәлім.
Ел тәуелсіздігі жолында атқа қонған Кенесары хан бастаған ұлт азаттық көтерілісінің белгілі сардарларының бірі болған батыр 1838 жылы Ақмола бекінісін алуға қатысады. Кейіннен Сыр бойында патша әскері мен Қоқан сарбаздарына қарсы қол бастаған батыр туралы деректер Орынбор, Санкт-Петербург пен Ташкент архивтерінде сақталған. Жасы келген шағында жұртты арық қазуға жұмылдырып, елін егіншілікке баулиды. Ұзындығы 25-30 шақырымдық сол арық әлі де кәдеге асып тұр.
Бір жарым ғасырдан асатын тарихы бар қылыш облыстық тарихи-өлкетану музейіне былтыр экспозиция жасалған кезде уақытша әкелініпті. Негізгі иесі – батыр атындағы ауылда бой көтерген музей. Кезінде қылышты ауыл музейіне батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров өткізген екен. Жүзінің бас жағы қайраққа жиі түскендіктен аздап ойыңқы тартқан. Қыны ағаштан жасалып, сырты былғарымен қапталған.
Батырдан қалған мұралар қатарында қылышы, туы мен дөңгелек мөрі де бар.
ҚЫЗЫЛОРДА