Қостанай өңіріне көктем кеш жетеді. Қазір қалың қардың көбесі сөгіле қоймағанымен, синоптиктер ауа райы күрт жылынуы мүмкін деп болжап отыр. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, төтенше жағдайлар қызметі қар суынан төнетін қауіптің алдын алуға ерте бастан кірісіп кетті.
ТЖД мамандары тасқын қаупі бар 20 ауданға қарасты 100 елді мекенді бақылауға алды. Бұл аумақтағы 2 мыңнан астам үйде 7 658 адам тұрады. Басты міндет – қауіпті аймақты назарда ұстап, құтқару күштерін дер кезінде жұмылдыру. Облыстық ТЖД басқарма бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Айдос Ахметовтің айтуынша, дайындық аясында өңірде тоқсанға жуық іс-шара атқарылған.
– Қауіпті аумақтарда жалпы ұзындығы 53,7 шақырымды құрайтын 32 қорғаныс бөгеті салынды. Ескілері қайта бекітіліп, Тобыл өзенінің жағалауы нығайтылды. Сондай-ақ автожолдардың астындағы 2 мыңнан аса арық пен 78 шақырымнан астам кәріз жүйесі тазартылып, суағар құбырлар орнатылды. Тасқын қаупі бар ауылдарда 39 рейд ұйымдастырылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді А.Ахметов.
Көктемде мұз кептелісін болдырмау мақсатында алдын ала жарылыс жұмыстарына 209 млн теңге, әуеден бақылау мен мониторингке 119 млн теңге қаралған. 144 тоннадан астам жанар-жағармай, 5,5 мың тонна инертті материал, 264 мың дана құмқап сақадай сай тұр.
Қазірдің өзінде елді мекендерден 1,3 млн текше метр қар шығарылған. Төтенше жағдай туындай қалса, 12 мыңнан астам адамды қабылдайтын 111 уақытша пана жұмыс істейтін болады. Бұл қосындар қажетті шатыр, төсектік орынмен толық қамтылған. Су құрсауында қалған тұрғындарға азық-түлік жеткізу мәселесі де назарда. Бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыру да тұрақты. Жергілікті биліктің төтенше, шұғыл шығындар резервінде 5,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған (төтенше резервте – 3,9 млрд, шұғыл шығындарға – 1,5 млрд теңге).
Жалпы, көктемгі су тасқыны кезеңінде 2 мыңнан астам құтқарушы, 415 техника, 76 қайық, 625 мотопомпамен кезекшілік атқарады. Арқалық қаласы мен Жангелдин, Амангелді, Қарасу, Әулиекөл, Науырзым, Сарыкөл, Алтынсарин аудандарына мобильді құтқару жасақтары алдын ала орналастырылады.