• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:05

Алаңдауға негіз жоқ

0 рет
көрсетілді

Сырдария өзенінің Қы­зылорда облысы аума­ғынан ағып өтетін жалпы ұзын­дығы – 1 274 км. Өзен­нің оң жа­ға­лауында 380,37, сол жа­ғалауында 244,75 км қорғаныс бөгет­тері бар. Өңірдегі 7 аудан мен 4 қаладан, 230 ауылдық елді мекеннен өтетін дария жағалауындағы 31 ықтимал су басу аймағында 36 елді мекен орын тепкен.

Бұрын дария жа­ғалауындағы жұрт көктем туа қар­баласып жататын. Арнаны шіреген мұз еріген сәтте талай бөгетті жырып кетіп, мыңдаған адам талай мәрте қауіпсіз аймаққа көшірілген. Кейінгі жылдары дарияның деңгейі қыста да көтерілмей, мұндай дүрбелеңді бай­қағанымыз жоқ. Дегенмен төтенше жағдай саласы өкілдері техникаларын сайлап, қауіпті аймақтарды бақылауда ұстап отыр.

«Қазгидромет» мекеме­сінің мәліметіне сүйенсек, ақпан­ның аяғы мен наурыздың басында сең толық жүре бас­тайды. Су тасқынына қарсы ма­териалдық-техникалық қор жеткілікті, қабылдау, эва­­куациялау пункттері дайы­н. Жағдайды қалт жібер­мей қадағалап отырған облыс­тық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының дерегінше, қазір Шардара су қоймасынан дария арнасына секундына 300 текше метр су түсіп жатыр. Оның басым бөлігін Көксарай су реттегіші қабылдап, облыс аумағына 106 текше метрі келіп тұр. Төтеншеліктер былтыр су көлемі бұдан үш есе көп болғанын айтады.

– Әрине, су көлемі аздығын малданып қарап отырмаймыз. Су тасқыны бола қалған жағдайда қажетті 117,9 тонна жанар-жағармай, 139 902 қап, 17 710 бау қамыс, 5 865 пашын, 239 тонна қойтас, 2 381 қарабура секілді инертті материал жинақталды. Қауіп төне қалған жағдайда көмекке облыста 135 мекеме, 410 техника, 1 234 адам бекітілген. Біздің тарапымыздан 123 адам, 23 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа, 2 тікұшақ дайы­н, – дейді департаменттің басқарма бастығы Асхат Оразбеков.

Су тасқыны бола қалған жағдайға лайықталып 51 жи­нақтау, 70 қабылдау пункттері дайындалды. Мұз жару жұмысымен айналысатын мамандандырылған ұйым да сақадай сай тұр.

Өңірде 2025–2026 жылдары жазғы-күзгі мезгілдерде су тасқынының алдын алу бағытында атқарылатын іс-шаралардың инженерлік жоспары бекітілген. Был­тыр жоспарға енген 9 нысанда жұмыс жүріп, жер­гілікті атқарушы орган мен су шаруашылығы меке­­месінің мамандарынан құ­рылған жұмысшы топ гидротехникалық құрыл­ғыларды зерттеді.

Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы да қамсыз емес. Басқарма өкілдері өзен арнасынан аса қалса мониторинг жұмыстарын жүргізу мақсатында тікұшақ қызметін пайдалануға, мұз жару жұмыстарына, өзге де қажетті материалдарға бюджеттен қаржы бөлінгендігін айтады.

Жақында бұл мәселе «Amanat» партиясының облыстық филиалында да қаралды. Партиялық бақылау комиссиясының отырысына жиналғандар аймақтың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық тек маусымдық сипаттағы жұмыс емес, аймақ қауіпсіздігіне тікелей қатысты стратегиялық ба­ғыт екенін атап өтті. Сол тұрғыда өзен арнасындағы гидротехникалық құры­лыстардың жағдайы, қор­ғаныс бөгеттерінің бе­ріктігі, халықты уақтылы хабардар ету жүйесінің дайындығы әркез қатаң бақы­лауда болуға тиіс.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар