Жайна Шекербекова (54 кг) Тала Хаббастан (Болгария), Жазира Орақбаева (51 кг) Фатиха Мансуриден (Алжир), Әнел Сақыш (54 кг) Энхжаргал Мунгунцэцэгтен (Моңғолия), Элина Базарова (54 кг) Моник Сурачиден (Аустрия), Мәдина Нұршаева (70 кг) Дилара Сақтан (Түркия), Бағлан Кенжебек (55 кг) Абдуләзиз Абдуназаровтан (Өзбекстан), Сұлтанбек Айбарұлы (85 кг) Саба Квиникадзеден (Грузия), Илья Калинин (65 кг) Заур Гахрамановтан (Әзербайжан), Бекзат Таңатар (85 кг) Паоло Карузодан (Италия), Ертуған Зейнуллинов (65 кг) Джейсон Невиннен (Ирландия), Дәулет Төлемісов (95 кг) Семён Болдыревтен (Болгария), Нұрмагамед Юсупов (90 кг) Роселин Бачевскиден (Болгария) басым түсті. Анита Әдішева (51 кг) Кейтлин Фрайерске (Ирландия), Тимур Қабдешов (55 кг) Лоренцо Патрициоға (АҚШ), Әбдікәрім Әбдіғалым (65 кг) Абдуллох Мадаминовқа (Өзбекстан) жол берді.
Абай облысының «Семей» футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалындағы алғашқы матчын Францияның «Этуаліне» қарсы өткізді. Лавальдағы бәсеке басталған бетте Бруно Гомес гол соғып, жерлестерімізді алға шығарды. Бірақ одан әріге әліміз жетпеді. Одан кейін алаң иелері қатарынан төрт рет мергендік танытып, айқын жеңіске жетті – 4:1. Қарымта кездесу екі аптадан кейін Семейде өтеді.
Дубайда АТР турнирі басталды. Александр Бублик германиялық Ян-Леонард Штруффпен шеберлік байқасты. Осыған дейін екеуі бес мәрте кездесіп, тек соңғы, биыл Роттердамда өткен сайыста ғана отандасымыз басымдық танытқан енді. Осы жолы да Бублик өзінің мықтылығын мойындатты – 6:3, 6:4. БАӘ-де бақ сынап жатқан тағы бір теннисшіміз Александр Шевченко ресейлік Карен Хачановқа жол берді – 7:6, 2:6, 3:6. Ал Мексиканың Меридіндегі додада Юлия Путинцева сәтсіз өнер көрсетті. Әлемнің 77-ракетасы WTA рейтингінде өзінен 45 саты төмен тұрған Андорраның ойыншысы Виктория Хименес-Касинцеваға есе жіберді – 4:6, 6:1, 4:6.
Осы аптаның аяғында Ташкентте шымылдығы түрілетін Гран-при додасында еліміздің 14 дзюдошысы күш сынасады. Ерлер бәсекесінде Мағжан Шамшадин, Талғат Орынбасар (60 кг), Нұрқанат Серікбаев, Ақылжан Жұбатқанов (66 кг), Аңсарбек Ғайнуллин, Әнуар Жұмагелдин (73 кг), Асқар Нарқұлов, Мәди Амангелді (81 кг), Барақ Арқабай (90 кг), Бақжан Байтас, Бейбіт Мәдеев (100 кг), Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) күреседі. Әйелдер арасында Назгүл Маратова (78 кг) өнер көрсетеді.
Бұл күндері Сингапурде үстел теннисінен «WTT Singapore Smash 2026» турнирі өтіп жатыр. Еліміздің ең үздік ойыншысы Кирилл Герасименко 1/32 финалда Әлем кубогінің екі дүркін иегері, Азияның үш дүркін чемпионы, қытайлық Лин Шидонгпен кездесті. Қазіргі кезде әлемнің үшінші ракеткасы атанып отырған сақа спортшы жерлесімізді ойсырата ұтты – 11:8, 11:6, 11:1.