Алматы облысында бес ай бұрын Алматы – Жандосов – Бесмойнақ тасжолында болған жол-көлік оқиғасына қатысты іс қаралып, сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға салдарынан бүтін бір отбасы зардап шеккен. Қарсы бағытта келе жатқан көлік жүргізушісі жылдамдықты асырып, көлік шамын қоспай жүрген. Соның нәтижесінде жол апаты болып, әке мен оның үш кәмелетке толмаған баласы ауыр жарақат алған болатын.
Қарағанды облысында жол апатынан екі адам қаза тапты
Жәбірленуші Роман Смирновтың айтуынша, олардың аман қалуына кездейсоқ жағдай себеп болған. Оның сөзінше, балалардың бірі аяқ-қолынан ауыр жарақат алса, үлкен ұлының жақ сүйегі зақымданған.
«Егер ол көлік қарсы бағытта тура келген болса мен сол жерде қаза табар едім. Жылдамдық өте қатты болды. Кіші ұлымның екі аяғының төменгі бөлігі сынған. Үлкен ұлымның жақ сүйегі зақымданған», деді жәбірленуші Роман Смирнов.
Қазіргі уақытта отбасы ұзақ оңалту емінен өтіп жатыр. Отбасының әлеуметтік жағдайы нашарлағандықтан, 80 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Жәбірленуші тараптың адвокаты айыпталушының өкініш білдірмегенін және кешірім сұрамағанын атап өтті. Сондай-ақ ол айыпталушының өз жағдайын ауыр деп көрсетіп, жауапкершіліктен жалтаруға тырысып отырғанын жеткізді.
Қостанай облысында жол апатынан 4 адам қайтыс болды
Тергеу барысында көлік жүргізушісінің оқиға кезінде мас күйде болғаны анықталған. Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 10 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленуші тараптың пайдасына 35 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді.
Сот шешіміне қарамастан, жәбірленуші отбасы өтемақы мөлшерін жеткіліксіз деп санап, оны қайта қарауды талап етіп отыр.