Алматыда кино өнерінің қос алыбына арналған тағылымды кеш өтті. Ұлттық орталық музейде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Меңтай киномузейі бірлесе ұйымдастырған «Ұлы мұра – ұрпаққа өсиет» атты мерейтойлық көрме ел руханиятындағы елеулі оқиғаға айналды.
Экспозиция Қазақстанның халық әртісі, актер әрі опера әншісі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактер Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналды.
Көрмеге қойылған жәдігерлер арасында сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, сахналық костюмдер мен жеке заттар, сондай-ақ ХХ ғасырдың кино кеңістігін айғақтайтын құнды мұралар бар. Әсіресе Меңтай Өтепбергеновтің жеке коллекциясынан ұсынылған 1931–1970 жылдар аралығында жарық көрген 200-ге жуық киноафиша, 1932–1990 жылдары шығарылған бірегей фотокамералар, ашық хаттар мен кино журналдары келушілердің айрықша қызығушылығын тудырды. Бұл жәдігерлер қазақ киносының қалыптасу кезеңінен бастап, кеңестік кезеңдегі шығармашылық ізденістерге дейінгі аралықты қамтып, тұтас бір дәуірдің тынысын сезіндіреді.
Сонымен қатар атаулы іс-шара аясында «Кәукен Кенжетаев» атты кітаптың тұсауы кесілді. Архивтік деректерге сүйене отырып жазылған бұл еңбек өнер иесінің шығармашылық жолын, сахна мен экрандағы жарқын бейнелерін, ұлттық мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесін тереңінен тарқатады.
Тағылымды жиында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры әртістері өнер көрсетіп, Кәукен Кенжетаев орындаған партиялардан үзінділер шырқалды. Бұл көрерменге өткен ғасырдың сахналық рухын қайта сезіндірген әсерлі сәттердің бірі болды. Кеш соңында Кәукен Кенжетаевтың қатысуымен түсірілген «Гауһартас» фильмінің өңдеуден өткен, жаңартылған нұсқасы алғаш рет көрерменге жол тартты. Кинотуындының жаңа сапада көрсетілуі – ұлттық кино мұрасын сақтау мен жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Меңтай Өтепбергенов басты рөлді сомдаған «Странный мир желаний и надежд» фильмінің көрсетілімі болды.
«Ұлы мұра – ұрпаққа өсиет» көрмесі – мерейтойлық шара ғана емес, ұлттық кино өнерінің тарихына тағзым, ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын рухани көпір. Кино өнеріне қатысты сирек деректер мен архивтік қазыналар арқылы көрермен қазақ мәдениетінің бай мұрасымен қайта қауышты.