Кеше Өскеменде «Біз жаңа халықтық Конституция үшін» республикалық жастар форумы өтті. 17 облыстың жастары Өскеменде тізе қосып, жаңа бастамалар мен ертеңгі күннің жоспарын талқылады, пікір алмасты.
Жастар жиналған алаңда жаңаша ой қозғалып, салмақты ұсыныстар айтылды. Жиында сөз алған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ел ертеңі жастардың қолында екенін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу тарихи кезеңде өтіп отыр. Мемлекет басшысы 2026 жылы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы бағытта 130 адамнан тұратын кәсіби Конституциялық комиссия ашық әрі жария форматта жұмыс істеді. Бірлік пен ынтымақ – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Қазіргі таңда оның өзектілігі одан әрі арта түседі. Президент атап өткен «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидасы – өзгермейтін құндылық», деді өңір басшысы Н.Сақтағанов.
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев республикалық игі бастамалардың басым бөлігі Шығыстан бастау алатынын атап өтті.
«Еліміз қазіргі уақытта үлкен қоғамдық-саяси маңызды оқиғаның алдында тұр. Бұл ретте республика жастарына да маңызды жауапкершілік жүктеліп жатыр. Жаңа Конституция еліміздің жастары үшін жаңа және тұрақты болашақты қалыптастырады деп сенеміз», деді Тимур Ғабдулұлы.
Республикалық форумда еліміздің әр өңірінен келген жастар ұсынысын ортаға салып, ой-пікірін айтты.
«Бүгінгі ұйымдастырылған шараның маңызы зор. Үш күн бойы үйреніп, білгенімізді, түйгенімізді өңірлерімізде пайдаланамыз. Шығыс жастарының белсенділіктері мен идея туғызатын бастамалары ұнады. Форум жұмысына сәттілік тілеймін», деді Талдықорған қаласынан келген Жетісу облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Екатерина Подгорнова.
Айта кетейік, форумда ел жастары бірауыздан жаңа Ата заң жобасын толық қолдайтындықтарын білдірді. Ертеңгі күні енгізілетін өзгерістердің ел болашағы үшін маңызды екеніне баса назар аударылды.
Шығыс Қазақстан облысы