Шаңғымен тұғырдан секіруден командалық жарысқа шыққан Данил Васильев пен Илья Мизерных бірінші кезеңнің қорытындысында жақсы нәтиже көрсетіп, келесі кезеңге өткенімен, финалға жолдама бұйырмады – 11-орын. Сайыстың ережесіне сәйкес әр кезеңде спортшылар тек бір мәрте ғана тұғырдан секірді. Іріктеу сынынан 12 құрама өткенімен, финалдық тартысқа тек 8 команда ғана түсті. Жерлесіміз Илья Мизерных мұның алдында жекелей сында үлкен тұғырдан секіруден 8-орын иеленді.
Олимпиадада тау шаңғысынан ерлер арасындағы слалом сайысында бақ сынаған отандасымыз Ростислав Хохлов бірінші кезеңде жарыс жолын толық жүріп өте алмады.
Қысқы Олимпия ойындарында конькимен жүгіруден елімізге медаль бұйырмай тұр. Әйелдер арасындағы сайыста Кристина Силаева мен Арина Ильященко 500 метр қашықтықта сынға түсті. Силаева мәреге 38.33 секундта жетіп, 18-орынды місе тұтса, Ильященко 39.38 секундта жүгіріп өтіп, 29-орынға тұрақтады. 36.49 секунд уақыт көрсеткен нидерландық Фемке Кок Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, төртжылдық додасының рекордын жаңартты. Оның отандасы Ютта Лердам 37.15 секунд нәтижемен күміс жүлде иеленсе, жапон қызы Михо Такаги (37.27 секунд) қола медаль олжалады.
Қырғызстанда еркін күрестен Super 4 Wrestling халықаралық турнир өтті. Бішкек бозкілемінде әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан финалдық тартыста ресейлік балуан Әлихан Кцоевтен басым түсіп, 97 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль олжалады.
Колумбияның Медельин қаласында әртістік жүзуден әлем кубогінің кезеңі өтті. Еліміздің құрамасы сапындағы саңлақтарымыз 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте 2-сатыға тұрақтады. Ерлер сайысында Эдуард Ким еркін бағдарламада үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленсе, әйелдер құрамасы еркін бағдарламада жеңімпаз атанды. Техникалық бағдарлама сынында Виктор Друзин қола медаль еншілесе, құрама команда топтық акробатикалық бағдарламада күміс жүлде иеленді. Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов жұбы техникалық бағдарламада, Наргиза Болатова мен Виктор Друзин еркін бағдарламада жұптасып өнер көрсетуде қола жүлдеге қол жеткізді.