Автор соңғы нүктені қойды. Көркем шығарма аяқталды. Бірақ оның ғұмыры әсте аяқталған жоқ. Ол ендігі ғұмырын оқырман санасында жалғастырады. Феникс деген құс бар-ды. Мыңдаған жылдар жасай береді. Өле қалса өртеп, күлін отқа салсаң қайта тіріліп тұра келеді. Асылында, көркем шығарма да сол сияқты.
Көркем қабылдау – шығарманың соңғы аялдамасы емес, оның тағдырын шешетін сәт. Шығарма автор ойынан туғанымен, өмірін оқырман санасында бастайды. Сондықтан көркем туынды – бір адамның ішкі монологы емес, автор мен оқырман арасындағы тоқтаусыз рухани әңгіме. Әдебиет осы байланыс арқылы өмір сүреді.
Оқи отырыңыз: Өнерсіз өмір мүмкін бе?
Мәтіннің шынайы қоғамдық болмысы оқырман санасында орныққан кезде ғана айқындалады. Шығарма оқылады, ой елегінен өтеді, қабылданады, кейде қарсылыққа ұшырайды, кейде қайта оқылады. Міне, осы қозғалыс арқылы ғана көркем мәтін қоғамның рухани кеңістігіне енеді. Оқырмансыз шығарма – қағазда бар, бірақ өмірге әлі араласпаған дүние.
Бұған орыс жазушысы Алексей Толстой керемет мысал келтіреді.
«Сізді, жазушыны, елсіз арал жағалауына тастап кетті делік. Мәселен, соңғы күніңізге дейін адам баласын көрмейтініңізге және мына әлемге қалдыратыныңыз ешқашан жарық көрмейтініне сенімдісіз делік. Сіз онда романдар, драмалар, өлеңдер жазар ма едіңіз?» Жауапты сұрақ қоюшының өзі береді: «Әрине жазбайсыз, өйткені шығармашылық үшін керек екінші полюс – оқырман», дейді.
Әдебиеттің осы қырын ХХ ғасырда рецептивтік эстетика алдыңғы қатарға шығарды. Бұл бағыт көркем туындыны тек автор еркімен шектеп қою жеткіліксіз екенін көрсетті. Шығарманың мағынасы оны қабылдау барысында ашылады. Осы тұрғыдан қарағанда, әдебиет тарихы – тек қаламгерлер тізбегі емес, оқырман көкжиегінің, қоғамдық талғамның, рухани сұраныстың өзгеру тарихы.
Оқи отырыңыз: Зиялы адам қалай қалыптасады?
Алайда қабылдаудың рөлін асыра дәріптеу белгілі бір қауіпке де жол ашады. Егер көркем мәтіннің мәні түгелдей оқырман еркіне көшсе, онда шығарма авторлық ойдан, тарихи контекстен, көркемдік құрылымнан ажырап қалуы мүмкін. Сондықтан көркемдік қарым-қатынас ұғымы аса маңызды нәрсе. Өйткені көркем қарым-қатынас оқырманнан жай әсерленуді емес, мәтінді ұғынуды талап етеді.
Ұғыну – әдебиеттің қоғаммен байланысын құратын негізгі шарт. Тек ұғыну арқылы ғана автор ойы мен сезімі оқырман санасына жетеді, идеялық-көркемдік әсер жүзеге асады, әдебиеттің әлеуметтік салмағы айқындалады. Ұғыну жоқ жерде әдебиет тек жеке әсерлердің жиынтығына айналып, қоғамдық пікір мүмкіндігінен айырылады.
Бірақ ұғыну да – оңай әрекет емес. Көркем шығарманы ұғынып оқу – оны жазуға кеткен еңбекпен пара-пар үдеріс. Автор бейнелеп отырған өмір өзінің де санасында жаңғырып, өзі де сол өмірдің бөлшегіне айналуы үшін оқырман да санасына салмақ түсіруі қажет. «Мені қызықтыр», «не айтқың келгеніңді түсіндір» дейтін адамдар Гогольдің сиқыршы кейіпкері Пацюктің тамақ ішкенін еске түсіреді. Ол бұған келгенде мүлде қиналмайтын. Алма піс, аузыма түс дейтін. Оның алдында бір тәрелке вареник пен қаймақ тұратын. Әлгі варениктер сиқырдың күшімен өзі көтеріліп, қаймаққа күмп етіп алып Пацюктің аузына қарай ағыла беретін. Бірақ оқу процесі Пацюктің түскі асына түк те ұқсамайтын құбылыс. Осы күрделі құбылысты «герменевтика» атты ғылым зерттейді. Ол түсінудің қалай жүзеге асатынын ғана емес, оның тарихи, мәдени, тілдік шарттарын да таразылайды.
Оқи отырыңыз: Генийдің «Герникасы»
Сондықтан бүгінгі әдеби үдеріс үшін ең өзекті мәселе – тепе-теңдікті сақтау. Оқырман рөлін мойындау қажет, бірақ мәтінді еркін қиялдың алаңына айналдыруға болмайды. Әдебиет – автор мен оқырман арасындағы ойын алаңы емес, ортақ мәдени жадта, тарихи кеңістікте жүретін рухани әрі өте жауапты әрекет. Сол жауапкершілік сақталған кезде ғана көркем шығарма өз дәуірінің үдесінен шығады.