Алматыда «Жаңа адамдар» қозғалысының 1000-нан астам белсендісі Үлкен Алматы өзені жағалауын тазалап, 20 тоннадан астам қоқыс жинады. Ауқымды экоакция «Таза Қазақстан» жобасы мен «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес «Мөлдір бұлақ» бастамасы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «Жаңа адамдар» қозғалысы ауқымды экологиялық акция өткізді. Елдің әр өңірінен келген 1000-нан астам белсенді Үлкен Алматы өзені жағалауындағы аумақты тазалауға шықты.
Ерекше форматта, диджей-сет әуенімен өткен шара барысында қатысушылар жағалауды қоқыстан тазартып, 20 тоннадан астам қалдық жинады.
Акция заманауи экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жаңа үлгісіне айналды. Іс-шара телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, экологиялық жауапкершілік мәселесіне қоғам назарын аудартты. Бұл тек аумақтың тазалығы ғана емес, ой тазалығы туралы да.
«Таза Қазақстан»: Биыл Алматыда 550 мыңнан астам ағаш отырғызылады
Сонымен қатар, «Жаңа адамдар» акция барысында қозғалыстың фирмалық бірегейлігімен безендірілген бірнеше рет қолданылатын бөтелкелерді таныстырды. Бұл – бірреттік пластиктен бас тартуға бағытталған жаһандық үрдісті қолдаудың бір көрінісі. Көп мәрте қолданылатын заттарды саналы түрде пайдалану тұрақты өмір салтының бір бөлігіне айналып, қоршаған ортаның ластануын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
«Мөлдір бұлақ» бастамасы осы қағидаттардың іс жүзіндегі жалғасы: бұлақ көздерін, жағалау аймақтарын және су айдындарын тазарту, сондай-ақ аулалар, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру жұмыстарын қамтиды.
«Таза Қазақстан»: Астанада 483 жүк көлігінің жүргізушісіне айыппұл салынды