Депутаттар газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша парламентарийлер бастамашылық еткен заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Перумен жасалған үш шартты ратификациялау жөніндегі заң жобаларын қарады.
Депутаттықтан – жауапты қызметке
Отырыста Елнұр Бейсенбаевтың депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс қабылданды. Ол бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысының өкімімен Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайындалғаны белгілі.
Жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұрынғы депутатқа арнайы Алғысхат табыстады. Елнұр Бейсенбаев Парламенттегі бесжылдық қызметтің оған үлкен саяси мектеп болғанын атап өтіп, әріптестеріне ризашылығын білдірді.
– Мәжілістегі бес жыл мен үшін үлкен саяси мектеп болды, мемлекетшілдік пен отаншылдықты терең ұғындым. Бүгінде біз – жаңарған Ата заңның куәгеріміз. Жаңа Конституцияда елдің тарихи дәстүрі мен басты құндылықтары айқын көрініс тапты. Бұл – алдағы ұзақмерзімді дамудың берік негізі. Осы маңызды құжатты әзірлеуде сіздердің еңбектеріңіз зор. Конституциялық комиссияның әрбір бесінші мүшесі Мәжіліс депутаттарынан жасақталуы – соның айғағы, – деп сөзін түйіндеді Е.Бейсенбаев.
Әрі қарай Мәжілістің салалық комитеттері Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық келісімін ратификациялау және 1997 жылғы 27 ақпанда жасалған Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Нарықтағы делдалдарға тосқауыл қойылады
Одан кейін депутаттар газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заң жобасын қарады. Құжатты Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутат әзірлеген. Олардың айтуынша, заң жобасы үш негізгі жүйелік бағытты қамтиды. Біріншісі – газбен жабдықтау саласындағы құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіру. Екіншісі – тауарлық газды үнемді әрі жауапты тұтыну қағидаттарын енгізу. Үшіншісі – сұйытылған мұнай газы нарығын реттеу мәселелерін жүйелеу.
– Жыл сайын елді мекендерді газдандыруға елеулі көлемде бюджет қаражаты бөлінеді. Алайда салынған нысандардың бір бөлігі уақтылы пайдалануға берілмей отыр. Негізгі себептер – жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқылықтары, олар көбіне нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады, сондай-ақ газбен жабдықтау объектілерін беру рәсімінің шамадан тыс созылуы. Бүгінде объектіні беру бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады (жергілікті атқарушы орган – Қаржы министрлігі – «Самұрық-Қазына» – QazaqGaz – QazaqGaz Aimaq). Соның салдарынан салынған көптеген объекті жергілікті атқарушы органдардың балансында қалып, тиісті техникалық қызмет көрсетілмей отыр. Ең қиыны тұрғындар дер кезінде көгілдір отынды пайдалана алмай отыр, – деді мәжілісмен.
Е.Жаңбыршин делдалдардың пайда болуы да өзекті мәселе екенін жасырмады. Баяндамашының айтуынша, бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеп отырғаны белгілі болған.
– Бұл «қос тарифтің» қолданылуына әкеледі. Мұндай схемалардан делдалдар пайда көріп, қаржылық жүктеме тұтынушылардың, негізінен халықтың мойнына жүктеледі. Осындай тиімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында газ тарату компанияларының магистралдық газ құбырына міндетті түрде тікелей қосылуын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады, – деді ол.
Оған қоса қазіргі заңнама газ тарифіне келгенде қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермей отыр. Өңірлердің климаттық ерекшеліктері де назарға алынбайды. Мәселен, жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты аймақтағы осындай баспанаға қарағанда газды көбірек тұтынады. Бұл әлеуметтік әділет қағидатын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды. Осыған байланысты депутаттар заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдануды ұсынып отыр.
Оның үстіне автогаз құю стансаларының қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. 3000 автогаз құю стансасының 90 пайызының сыйымдылықтары жерүстінде орналасқан, оның ішінде модульдік стансаларда бар. Дәл осындай стансаларда өткен жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыс болып, азаматтар қаза болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа автогаз құю стансалары үшін сыйымдылықтарды жерастына орналастыруды міндеттеу көзделген.
Өткен жылы елімізде сұйытылған газға сұраныс 2 млн тонна болды. Ал өндірілгені небәрі 1,8 млн тоннаны құрады. Мәжілісмендер газ тапшылығы бүгіннің өзінде байқалып отырғанын айтты. Жағдайдың ушығуына автогаз бекеттерінің бақылаусыз көбейгені де әсер еткен. Осы себепті өңір әкімдеріне газ құю бекетінің санын шектеу құқығын беру қажет дейді. Олардың пайымынша, бұл шара стратегиялық ресурс саналатын сұйытылған мұнай газын әділ, қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Газ тапшылығын болдырмайтын тетіктер керек
Үкіметтен талқылау кезінде депутат Мархабат Жайымбетов газ тапшылығы болған кезде ресурстық базаны ұлғайту қандай жолдармен жоспарланғанын сұрады.
– Ішкі газ тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жеткен. Өңірлерді белсенді газдандыру деңгейі қазір – 64,2 пайыз. Болжамды бағалауға сәйкес 2028 жылға қарай газ тапшылығы болуы – ықтимал. Егер нақты шешімдер қабылданбаса, ертең бұл мәселе әлеуметтік және экономикалық салдарға ұласуы мүмкін. Біріншіден, газдың ресурстық базасын ұлғайту қандай жолдармен жоспарланып отыр? Екіншіден, өңірлерді қамтамасыз ету үшін қандай геологиялық барлау жұмыстары атқарылады? – деп сұрады депутат.
Бұл сауалға Энергетика министрінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда QazaqGaz-да ресурстық база 14 нысан бойынша барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шамамен 515 млрд текше метр газды құрайды.
– Бұған қоса біз қазір геология комитетімен бірлесе QazaqGaz портфелін 30 нысанға дейін көтеру жоспары бар. Сондай-ақ министрлік өз тарапынан биыл 50-ге жуық объектіні аукционға шығарады. Бұл газдың болжамды қорлары бар учаскелер және газ саласына инвестициялар тартуға үлкен септігін тигізеді. Бізде газ өңдеу, өндіру зауыттары салынып жатыр. Біреуі жыл аяғына дейін Қашаған кен орнында пайдалануға беріледі. Келесі жылы Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты жөндеуден өтеді. Осылайша, ресурстық база ұлғаяды, – деді вице-министр.
Ал депутат Ерлан Саиров бүгінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында ауылдағы ағайын әлі тезек, көмірмен отырғанын жеткізді.
– Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz-дың жұмысын қатаң сынға алды. Өндіретіні 350 млн куб, 10 мың адам жұмыс істейді. Былайша айтқанда, айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады. XXI ғасырда тезек пен көмірмен отыру деген – ең ұят нәрсе. Салалық министрліктің өкілі «Шығыс Қазақстанға газды апарудың ауылы алыс» деп айтып отыр. 10 мың кофе ішетін адамды босатып, ақшасын газды тартуға жіберу керек. Бұл – халықтың ақшасы. Мемлекет басшысының сынынан қандай қорытынды жасалды? – деп нақтылады Е.Саиров.
Қ.Тұтқышбаев министрлік компанияның геологиялық жұмыстарды өткізуіне ден қойып отырғанын қайыра айтты.
– Ресурстық базаны кеңейту үшін сәйкес жұмысты геология комитетімен бірлесе жұмыс жасадық. Бұған қоса активті фаза түрінде зауыттар салынып жатыр, – деді ол.
Жалпы отырыстан кейін кулуарда журналистерге вице-министр солтүстік өңірлер бойынша өткен жылы Ресеймен Санкт-Петербург қаласында меморандумға қол қойылғанын, бірінші газ 2030 жылы Есіл-Астана жобасы аясында келуі мүмкін екенін мәлімдеді.
– Бұл – Астанадан Көкшетау қаласына, Көкшетаудан Петропавл қаласына дейін тартылатын құбыр. Жоба іске асқанда солтүстік өңірлер толыққанды газбен қамтылады. Шығыс Қазақстан өңіріндегі мәселені екі тараппен шешеміз. Бірінші жоспарға сәйкес, Қытай мен Ресей арасындағы келіссөздер нәтижесінде газ құбыры шығыс өңіріміз арқылы тартылса, онда Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының бүкіл ауданын көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік болар еді. Алайда бұл келіссөздер Қытай мен Ресей арасында ғана өтіп жатыр, оған Қазақстан қатыспайды, – деді Қ.Тұтқышбаев.
Сондай-ақ ол төртінші мұнай өңдеу зауыты Ұлытау облысында салынуы мүмкін екенін айтты. Бүгінде сарапшылық қауымдастық тиісті есептеулер жүргізіп жатыр. Алдын ала деректерге сүйенсек, бұл нысан салынған жағдайда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін болады.
Құқықтық ынтымақтастық кеңейеді
Мәжіліс Қазақстан мен Перу Республикасының ынтымақтастығына қатысты үш заңды қабылдады. Біріншісі – тараптардың өзара ынтымақтастығы мен қылмыстық істер жөнінен өзара құқықтық көмек арқылы қылмыстың алдын алу, тергеу, қылмыстық қудалау және жолын кесу тиімділігін арттыру. Екіншісі – бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өздері азаматтары саналатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру тәртібі мен шарттарын айқындау мәселелерінде тиімді ынтымақтастық орнату. Құжат бойынша бір тараптың аумағында сотталған адам белгіленген жазаны өтеу үшін екінші тараптың аумағына берілуі мүмкін.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, үшінші құжат тараптардың аумағында жүрген, ұстап беруге жататын қылмыстары үшін қудалау мақсатында немесе соттың заңды күшіне енген үкімін орындауда іздеуде жүрген кез келген адамды ұстап беру бөлігінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған.
Отырыстан кейінгі брифингте Ғ.Қойгелдиев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қатты. Былтыр қыркүйек айының басында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны жарияланған еді. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді. Журналистер нақты қандай шаралар қабылданғанын сұрады.
– Қ.Қожамжаровқа қатысты іс қозғалды, қазір тергелу сатысында. Осы іс-шаралар аяқталғаннан кейін, қандай шешім қабылданатыны белгілі болады. Оған қатысты статусы белгіленген жоқ, – деді Ғ.Қойгелдиев.
Енді қыз алып қашқан жігіт қана емес, қасындағылар да сотты болуы мүмкін. Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінен бастап заңнамаға өзгерістер енгізіліп, «некеге мәжбүрлеу» және «сталкинг» баптары бөлек қарастырылған.
– Жаңа бап аясында жауапкершілік тек қылмысты тікелей жасаған адамға ғана емес, оған қатысы бар өзге тұлғаларға да жүктелуі ықтимал. Бұл баптың санкциясы өте қатаң – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал сталкинг бойынша 50 тәулікке дейін қамақ жазасы бар. Айта кетейін, қысқа мерзімнің ішінде сталкинг бойынша 60-тан аса іс қозғалды, олардың бірқатары сотқа жолданды. Ал некеге мәжбүрлеу фактілері бойынша 40-тан аса іс тіркелді. Оның алтауы қазір сотта қаралып жатыр, сотталғандар да бар, – деді ол.