• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:55

Қаратау қазынасы қисапсыз емес

30 рет
көрсетілді

Соңғы сілемдері Сырдағы Жаңақорған мен Шиеліге жетіп жығылатын Қаратауда өткен ғасырдың 70-жылдарынан қиыршық тас өндіріле бастапты. Кейіннен тау тастарынан бөлінетін кәдімгі әк те табыс көзіне айналды. Осылайша, кәсіп иелері көне тау тастарын да, қойнауындағы қазынасын да кәдеге жаратты. Әсіресе жол құрылысының ауқымы артқан кейінгі жылдары Қаратаудан өндірілетін қиыршық тасқа деген сұраныс арта түсті.

Қаратауды зерттеген мамандар оны адамзаттың тас бесі­гіне балап жүр. Тарихы мың­жыл­дық­тарға кететін табиғи мұра саналатын Қаратау – әсем табиғатынан бөлек, баурайында талай археологиялық мұраны топтастырған мекен. Мұнда есте жоқ ескі заманда адам баласы мекен еткен үңгірлер, тасқа қашалған ежелгі заман естеліктері көп.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, өңірде 11 компания бір жылда шамамен 1,114 млн тоннадай қиыршық тас өндіріп отыр. Компаниялар рұқсатты осы басқармадан алғанымен, өндірістегі қоршаған ортаға қатысты мәселелерді жергілікті экология департаменттері қадағалайды.

Білетіндер Қаратау тасының беріктігін баса айтады. Жолға төсеуден бөлек, тұрғын үй құ­ры­лысына, химиялық қосын­­ды жасауға да пайдаланылып жат­қаны да осыдан деседі. Сондықтан түрлі фракциялы қиыршық тасқа да, жуылған құмға да облыс аума­ғы­нан бөлек, басқа өңір­лер­ден де қызығатындар көп. Тау тасы жол құрылысына қажет болса, жуылған жоғары сортты құм сапалы бетон жасауға таптырмайтын шикізат. Әрі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында жатқан Қаратаудан өнім­ді тасымалдау да ыңғайлы.

Осылайша, Қаратау өңірдегі өндіріс­тің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Бірақ бұл қисап­сыз қазына емес. Олай дей­­тініміз, аудан тұрғындары ара­сында тау тасын есепсіз пай­далану­дың соңы орны толмас өкінішке соқты­ра­тынын көтеріп жүргендер бар. Оның алғашқысын жергілікті белсенді Әлімжан Ержановтың әлеуметтік желі­дегі парақшасынан байқағанбыз. Онда ол Қаратаудағы ең биік төбе – Өгіз мүйіз­дің жылдан-жылға көркі кетіп бара жатқанын жа­зып­ты. Жалпы Өгіз мүйіз туралы алғашқы деректі орыстың жиһанкез зерттеушісі Н.Северцев 1858 жылы хатқа түсірген. Дема­лыс­қа шыққан жұрт бір соқпай кетпейтін табиғаты әсем сол Өгіз мүйіздің қазір ажары тайып барады.

Осыған байланысты біз қиыр­шық тас өндірісі барысында экологиялық талап­тар­­дың сақ­тал­уы, оны бұзғандарға қол­­даны­ла­тын шаралар туралы жер­гілікті экология депар­та­ментіне сауал жол­­дағанбыз. Депар­таменттен Экология ко­дек­сіне сәйкес бұл саладағы кәсіпорын­дар­дың белгі­лен­ген талап­тарды орындауы бақылауда екені жазылған жауап алдық.

Дегенмен Кәсіпкерлік кодек­сінің 144-бабының 5-тарма­ғына сәйкес адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін заң бұзушылықтардың нақты фактілері жөніндегі мем­лекеттік органдардың жолда­ным­­дары жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болады. Осын­дай тексерістер барысында әкім­шілік айыппұл салу, бұзу­шы­­лықтарды жою жөнінде нұс­қама беру секілді шаралар қол­данылады. Бұзушылық қай­талан­ған немесе өрескел жағдайлар анық­­талған кезде кәсіп­орындардың жұ­мы­сын уақыт­ша тоқтату туралы шешім қабыл­данады.

Ал зауыт жұмысына шағым айт­қандар туралы ақпарат, өті­ніш маз­мұндары Кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкес құпия бо­лып сана­лады әрі жарияланбайды. Депар­тамент мамандары әрбір өтініш бойынша тиісті тексеру жүргізілетінін, заң аясында шара қолданылатынын айтады.

Туған жер табиғатына енжар қара­майтын тағы бір бел­сенді, заңгер Әбдімәулен Сабыр­хановтың айтуынша, «Жаңа­қор­ған тас ұнтақтау» зауыты 1979 жылдары ашылыпты. Қазір сұранысқа қарай тас ұнтақтайтын, әк шығаратын өндіріс орындары көбейе түскен. Заң бо­йын­ша жер қойнауын пайдаланушылар сол аумақты қалыпқа келтіріп қоюға тиіс.

«Бірақ өкінішке қарай, олай болмай тұр. Өндірістегілер осы күні таудың көзге көрінбейтін тұс­тарын қойып, қасбетін де қо­па­руға көшкен. Осының салдарынан қазір Өгіз мүйіздің бұрынғы келбеті жоқ. Бетпақтан соққан желден пана болып тұратын тауды жарып жол салғалы бері табиғатта тосын бір өзгерістер басталғанын байқап жүрміз. Негізінен технология дамыған қа­зіргідей заманда жолды жөн­де­генде қырып алынған асфальтты қайта кәдеге жаратудың ама­лын табуға болады ғой. Мына қал­пымызбен оншақты жылда доломит тасына қызығып, Өгіз мүйіздің орнын сипап қалуымыз да ғажап емес», дейді ол.

Жақында әлеуметтік желілер Көлік министрлігінің ауылдар арасындағы жолдарға асфальт төсемей, оның орнына сапалы қиыршық тас төселген жол салуды көздеп отырғаны жөнінде мә­лімет таратты. Жергілікті атқа­ру­шы органдардың қиыршық тастан 6-10 есеге қымбатқа түсетін асфальтты күтіп-баптауға жұм­салатын қаржы табуы да қиындау. Елімізде ауылдардан шағын елді мекендерге баратын және шағын ауылдардың арасын жалғайтын жол­дардың жалпы ұзындығы шама­мен 35 мың шақырымды құ­райды екен.

«Өз басым мұны дұрыс бастама деп есептеймін. Қымбат жолға қаржы жетпесе, мәселені шешудің жолы осы. Бүгінде кәсіп иелері асфальтқа араластыратын доломитке қызығып, Қаратауды жан-жақтан қашап жатыр. Одан бөлек 2-3 жерде ашық қиыршықтас көзі бар. Оның да қоры жетерлік. Маған Көлік министрлігінің бұл бас­тамасы тауды сақтап қалудың бірден-бір жолы секілді көрініп, көкі­регіме үміт ұялатып тұр», дейді қоғам белсендісі.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты уран компанияларынан бөлек, табиғат байлығын ел игілігіне айнал­дырудың жолын тапқандар көп. Өңірдегі өндірісті аудандардың бірі – Жаңақорған. Осында өндірілетін әкке деген сұраныс жыл ішінде 10 есеге жуық өсіп отыр. Бірақ қойнауы құтты Қаратаудың бұл қазынасының қисапсыз емес екенін ұмытпаған жөн.

 

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар