Әлеуметтік желілерде Ақтауда жүргізушілер 362 нөмірлі мемлекеттік тіркеу нөмірін жаппай алуға тырысып жатыр деген ақпарат тарады. Алайда Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полицияның мәліметінше, 362 нөміріне қатысты ешқандай дүрбелең жоқ, мемлекеттік нөмірлер белгіленген тәртіппен қалыпты режимде беріліп жатыр. Құзырлы орган өкілдері жүргізушілер көбіне нөмірді туған күніне, тұрғылықты микроауданына немесе жеке қалауына байланысты таңдайтынын атап өтті.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген қалаулы әріптік немесе сандық комбинациясы бар мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдауға мүмкіндік беретін жаңа норма күшіне енген. Мұндай нөмірлердің құны сұранысына қарай 10 АЕК-тен 15 АЕК-ке дейін белгіленген.
Ерекше сұранысқа ие нөмірлер үшін бөлек мемлекеттік баж қарастырылған.