Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, ел тарихындағы рекордтық көрсеткіштердің бірін көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың қорытындысын шығарып, жүйелі реформалардың нәтижелерін жариялады. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан шаралардың арқасында еліміз БҰҰ-ның Адами даму индексінде бірден 7 сатыға жоғарылаған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі жалпы өлім деңгейі 2,6%-ға, ал нәресте өлімі 18,7%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштерге саланы қаржыландыруды 3 есеге ұлғайту арқылы қол жеткізілді: 2025 жылы медицина бюджеті 3 триллион теңгені құрады.
Жыл бойы ауылдық жерлерде 655 жаңа нысан (фельдшерлік-акушерлік пункттер мен амбулаториялар) іске қосылып, үш ірі республикалық клиника пайдалануға берілді. Сонымен қатар онкологиялық аурулармен күресте маңызды қадам жасалып, елімізде алғашқы протондық терапия орталығы ашылды.
«Саланың басты құндылығы – адам. Біз медицина қызметкерлерін қолдауды жүйелі түрде күшейтіп келеміз және сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің әрбір азаматқа жақын болуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз», делінген министрлік хабарламасында.