Қазақстанның Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева АҚШ-тың Washington University in St. Louis және Maqsut Narikbayev University жоғары оқу орындарының бірлескен конференциясы аясында америкалық делегациямен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу «Ұлттық қор – Қазақстан балаларына. Инновациялық саясат және жаһандық ықпал ету әлеуеті» атты халықаралық симпозиум шеңберінде өтті. Шараға Сингапур, АҚШ, Қытай, Моңғолия, Корея және Әзірбайжан университеттерінен келген оннан астам сарапшы делегация қатысты.
Washington University in St. Louis өкілдері Қазақстанға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының тәжірибесін зерделеу мақсатында келген. Симпозиум аталмыш америкалық университеттегі әріптестердің бастамасымен ұйымдастырылды.
Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының (CSD) халықаралық директоры Ли Зоу Қазақстанның бастамасын жоғары бағалап, оны әлемге үлгі боларлық жаңашыл жоба деп атады.
– «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бүкіл әлем үшін үлгі боларлық революциялық бастама екенін айтқым келеді. Бұл жоба – сіздердің Президентіңіздің стратегиялық көзқарасының нәтижесі және қалаларда немесе ауылдарда тұратынына қарамастан, елдегі барлық балаға инвестиция салуға деген ұмтылысының көрінісі. Қазақстанның жеті миллион баласының бәрі осы көреген жобаның бенефициарлары болып табылады, – деді Ли Зоу.
Оның айтуынша, бұл бағдарлама Қазақстан үшін де, өңір үшін де және жаһандық деңгейде де маңызды бастама болып саналады. Сондай-ақ, ол симпозиумның қазақстандық студенттер мен азаматтар, сондай-ақ халықаралық сарапшылар арасындағы тәжірибе алмасуға және білім кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Динара Зәкиева өз кезегінде шетелдік университет өкілдерінің Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытуы елдің әлеуметтік саясатындағы жүйелі өзгерістердің нәтижесі екенін айтты. Оның сөзінше, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – болашақ ұрпақтың әлеуетіне инвестиция салуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.
– Бұл бағдарлама әрбір баланың әл-ауқатын арттырумен қатар, қоғамның әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидатына негізделген дамуына серпін береді. Қазақстан тәжірибесіне халықаралық сарапшылардың жоғары баға беруі – елдің балаларға бағытталған мемлекеттік саясатының тиімділігін дәлелдейді, – деді Динара Зәкиева.
Омбудсмен сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық пен білім алмасу алаңына айналып отырғанын атап өтті.