Қоғамның жаңаруы мен құқықтық реформалардың тереңдеуі, сондай-ақ сот жүйесінде жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы саладағы мамандарды даярлауда жаңа ұстаным мен көзқарасты қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда сот білімін жетілдірудің басты парадигмасы болашақ судьялардың кәсіби біліктілігі мен моральдық-адамгершілік қасиеттерін жан-жақты дамыту болып отыр.
Сот білім беру жүйесі болашақ судьяларды заң нормаларын жетік білуге ғана емес, сонымен қатар этикалық жауапкершілік пен әділет принциптерін сақтау қабілетіне де үйретеді. Мұндағы мақсат – кәсіби білікті, адамгершілігі жоғары, әділ шешім қабылдай алатын судьяларды даярлау.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының рөлі айрықша. Академия Сот Кеңесінің тікелей қолдауымен оқу бағдарламаларына уақыт талабына сай жүйелі түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырады. Әсіресе болашақ судьяларды дайындауда «цифрлық құқық» пен «цифрлық этика» мәселелері ерекше назарда. Бұл бағыттар оқу бағдарламасына жаңа пән ретінде енгізіліп, мамандардың цифрлық сауатын арттырып, олардың жаңа құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сот жүйесіндегі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы судьялардан жаңаша ойлау, цифрлық дәлелдерді тиімді пайдалану және жасанды интеллект арқылы жасалған шешімдерге әділ әрі объективті баға беру қабілетін талап етеді. Бұл өзгерістер академияның кадр даярлаудағы жаңа стратегиясын айқындайды.
Цифрландыру – ел дамуының жаңа стратегиялық бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында Қазақстанды цифрлық елге айналдыру мақсатын алға қойып, жасанды интеллектінің мемлекеттік органдарда кеңінен қолдануды, цифрлық жүйелер арқылы қызмет көрсетуді жетілдіру мәселесін атап өткен еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Сот жүйесін цифрландыру тек тиімділік үшін емес, ең алдымен, ашықтық пен халық сенімін арттыру үшін қажет. Цифрлық технологиялар әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету құралына айналуы керек», деп сот жүйесін цифрландырудағы басты мақсат пен міндетті ашып көрсетті.
Цифрлық дәуірде сот білімін жетілдіру тек заңдарды оқып-үйрену мен сақтау ғана емес, цифрлық құқықтық мәдениетті қалыптастыруды да көздейді. Бұл болашақ судьялардың кәсіби, этикалық және ақпараттық жауапкершілігін арттырады. Осы бағытта академия арнайы бағдарламалар мен ғылыми зерттеулерді күшейтті.
Биыл сот тәжірибесі мен қоғамның сұранысын ескере отырып, жаңа оқу жоспарлары бекітілді. Алғаш рет академия мен Жоғары Сот Кеңесінің бірлескен бастамасымен қызметтегі судьяларға арналған жеке оқыту бағдарламалары енгізілді. Бұл судьялардың нақты кәсіби қажеттіліктеріне бейімделген және тәжірибедегі әлсіз тұстарын дамытуға бағытталған.
Көктемде алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу және азаматтық істерде ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау тақырыптары бойынша арнайы модульдер өткізілді. Бұл курстар тыңдаушылар мен тәжірибелі мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ аудандық соттардың төрағаларына арналған қайта даярлау курстары іске қосылып, басқарушылық, стратегиялық және тұлғалық құзыреттерді дамытуға мүмкіндік берді.
Биыл Жоғары Сот Кеңесі судья лауазымына үміткерлерге арналған біліктілік емтихандарын өткізу үшін жаңа тесттер мен кейстер дайындады. Материалдар лингвистикалық, ғылыми және құқықтық сараптамадан өтіп, сәтті қолданылып жатыр.
Оның үстіне, осы жылы академияда «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» атты ғылыми журнал жарық көрді. Журнал рецензияланатын ғылыми басылымдарды ұйымдастыруға арналған «Open Journal Systems» бағдарламасына енгізілді және 14 тамызда Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ететін комитет тізіміне енді. Басылым беттерінде сот жүйесін цифрлық трансформациялау мәселелері кеңінен талқыланады.
Сонымен қатар академияда әртүрлі форматтағы ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізу дәстүрге айналды. Биылдан бастап ғылыми-педагогикалық бағытта магистратура қайтадан ашылды. Академияның тағы бір жетістігі – докторанттардың қабылдануы. Енді академия сот жүйесіне жаңа сипатта ойлайтын, теориялық білім мен практиканы ұтымды ұштастыра алатын озық ойлы мамандар дайындайды. Алдағы уақытта диссертациялық кеңес ашу мәселесі де қарастырылып жатыр. Осылайша, оқу орталықтары жас ғалымдармен толығады.
Жоғары Сот Кеңесінің жетекшілігімен академия аз уақыт аралығында ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредитациялаудан өтті. Нәтижесінде, академия ғалымдары гранттық жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Мұның барлығы болашақ судьялардың цифрлық мәдениетін қалыптастыруда өз үлесін қосары анық.
Сот жүйесіне кадр даярлаудағы тағы бір маңызды өзгеріс – магистранттарды оқытуға қызметтегі судьяларды тарту. «Судья – судьяны оқытады» принципі бойынша тәжірибелі мамандар теориялық білімді нақты сот төрелігін жүзеге асыруда қолдануды үйретеді. Оқу барысында әртүрлі интерактивті әдістер: сот үдерісін жүргізуге арналған рөлдік ойындар, бинарлық сабақтар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, ой талқылар, конференциялар және басқа заманауи әдістер қолданылады.
Судьяларды қайта даярлау және кәсіби біліктілігін көтеру – басты назарда. Бұл замана талабына сәйкес құқықтық нормативтік базаның үнемі жаңарып отыруына байланысты маңызды болып отыр. Бағдарламалар азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық саласындағы өзгерістерді меңгеруге, судьяның кәсіби этикасы мен коммуникациясын дамытуға, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мұнда да оқыту барысында интерактивті дәрістер, семинарлар, кейстік тәсілдер жиі қолданылады.
Қазіргі таңда академия болашақ судьяларды жүйелі ойлауға үйретуге ерекше басымдық береді. Яғни мамандарға кез келген мәселеге жан-жақты қарауға, оның себеп-салдарын құқықтық нормалар тұрғысынан зерделеуге, мәселенің барлық аспектісіне сараптама жүргізіп, шешім қабылдау кезінде субъективті факторларды болдырмай, бейтарап негізде шешім қабылдауға үйретеді. Мұны оқытуда кейстік әдістер, сараптамалық талдау және аналитикалық ойлауды дамыту арқылы жүзеге асырып келеді.
Сот жүйесіне маман даярлау мәселесі тек кәсіби білім берумен шектелмейді. Жоғары Сот Кеңесінің сот жүйесіне кадрларды іріктеуде кадрлық саясаттың әділеттілігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өйткені кәсіби біліктілігі жоғары, адал және бейтарап судьяларды іріктеу мен жұмысқа тарту қоғамның сот билігіне деген сенімін арттырары сөзсіз. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу және ұсыну, олардың қызметін бағалау, этикалық ұстанымдары мен кәсіби мінез-құлқын әділ бағалау Жоғары Сот Кеңесіне үлкен жауапкершілікпен қатар құқықтық мемлекет құру барысында стратегиялық міндеттерді де жүктейді. Ал стратегиялық сипаттағы міндеттер Президенттің құқықтық саясаттағы бастамаларынан тікелей туындайды.
Бір сөзбен айтқанда, Жоғары Сот Кеңесі сот жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеріп, жаңа форматтағы кадрлық резерв құрып, сот білімін құқықтық мемлекет құрудың басты факторы ретінде іске асыратын құқықтық мемлекеттің стратегиялық институты ретінде қала бермек.
Дмитрий МАЛАХОВ,
Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы