Астанада «Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы басталды. Форумға жоғары оқу орындарының ректорлары, аккредиттеу органдарының өкілдері мен шетелдік университет филиалдарының жетекшілері қатысты, деп жазады Egemen.kz.
AI-Sana Ceremony білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық құзыреттерді дамытуды көздейді. Қатысушыларды Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев құттықтап, AI-Sana бастамасының жаңа буынның зияткерлік экожүйесін қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
«Өткен жылы желтоқсан айында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы AI-Sana бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Арада аз ғана уақыт өтіп, бүгін базалық курс нәтижелері бойынша бағдарламаның алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Үкіметтің, министрліктің, университеттердің, студенттердің және бағдарлама серіктестерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында біз жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні дамыту экожүйесінің негізін қалап, жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасадық. Осы жылдың ішінде студенттеріміз үлкен жолдан өтті. Олардың жобалары цифрлық форумдар мен көрмелерден бастап Парламент отырыстарына, сондай-ақ Президентпен кездесулерге дейін түрлі алаңдарда таныстырылды. Бүгін біз алғаш рет үздіктерді – AI-Sana Leaders бағдарламасының жеңімпаздарын ресми түрде марапаттау үшін жиналдық. Олардың жобалары медицина мен білім беруден бастап өнеркәсіп пен қауіпсіздікке дейінгі түрлі салаларды қамтиды. Студенттік шешімдер бүгінде экономиканың және әлеуметтік саланың әртүрлі бағыттарында қолданылып жатыр. Бұл – алғашқы қадамдар, алда – жаңа белестер, жаңа идеялар және жаңа жеңістер», деді Қуанышбек Бақытбекұлы.
AI-Sana Ceremony шарасы аясында еліміздің жоғары оқу орындары арасында үздік жасанды интеллект жобаларының авторлары марапатталды.
«AI – Sana Leader», «Білім берудегі үздік ЖИ жобасы – Академиялық адалдық», «Саладағы үздік шешім», «Энергетика саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Мансаптық траекторияларды құруға арналған ЖИ», «Мәдениет саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Өнеркәсіптегі үздік ЖИ жобасы», «Қоғам игілігі үшін: жылдың әлеуметтік бастамасы», «Биомедицина саласындағы үздік ЖИ жобасы», «Инклюзивті ЖИ технологиялары» және басқа да аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. Шара аясында қатысушылар жасанды интеллект саласындағы жобалар таныстырылған ЖИ шешімдер көрмесін тамашалады.
Форум қатысушыларына Стэнфорд университетінің профессоры, Дүниежүзілік банк жанындағы халықаралық сараптамалық кеңестің төрағасы Пол Ким бейнеқұттықтау жолдады. Ол Қазақстанның цифрландыру саласындағы айтарлықтай жетістіктерін атап өтіп, Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы алты жылда AI-Sana жобасы жасанды интеллект пен кәсіпкерлік дағдылары бойынша жүздеген мың студентті оқытуға мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей, AI-Sana бастамасы тек заманауи технологияларды игеруге ғана емес, университеттерде жаңа ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгінде 549 мың студент жасанды интеллект пен ЖИ басқару курстарынан өтті, ал бағдарлама соңына дейін 650 мың білім алушыны қамту жоспарланып отыр. Жыл басында іске қосылған дайындық кезеңінде 390 мың сертификат берілген. AI-Sana – бұл жай ғана білім беру бағдарламасы емес, стартаптар құруға, жасанды интеллектіні кәсіби қызметке енгізуге және салалардың технологиялық дамуын жеделдетуге қабілетті жаңа буынды қалыптастыратын қозғалыс», деді министр.
Huawei компаниясы жасанды интеллектке арналған курстарды жергіліктендіріп, оларды 175 мың студент аяқтап, 250 мыңнан астам сертификат иеленді. Coursera білім беру платформасы 95 қазақстандық жоғары оқу орнына арналған 37 мың лицензия ұсынды. Нәтижесінде студенттер 59 мың сертификат алып, Қазақстан Coursera Awards халықаралық сыйлығының финалистері қатарына енді.
Сонымен қатар шара барысында «Ғылым қоры» АҚ мен «Platonus» ЖШС арасында AI-Sana Academy платформасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.