Алматы облысында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальдің өтуіне «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты қолдау көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осылайша, сайысқа ерекше білімге мүдделі мектеп оқушылары қатысты. Мұндағы мақсат – инклюзиялық мәдени-спорттық іс-шаралар арқылы достық байланысты, әлеуметтік белсенділікті, өзара сыйластықты нығайту.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Көбентаевтың айтуынша, мұндай іс-шара өңірде үшінші рет өткізілуде.
«Партияның бастамасымен үшінші жыл қатарынан «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өткізіліп келеді. Бұл – «Кедергісіз келешек» атты партиялық жобамыздың маңызды бөлігі. Бүгінгі іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен 50-ге жуық жасөспірім жиналды. Балалар бочча, жеңіл атлетика, эстафета сынды спорт түрлері бойынша өнер көрсетті. Талапшыл, жігерлі балалар бәрімізді тәнті етті», деді ол.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Командалық есеп бойынша Еңбекшіқазақ ауданы 1-орын, Қарасай ауданы 2-орын, ал Іле ауданы 3-орын иеленді. Нәтижесінде республикалық кезеңге 18 оқушы жолдама алды.
Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсету – «AMANAT» партиясы атқаратын жұмыстағы негізгі басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы аясында 2028 жылға дейін әрбір елді мекенде инклюзияны қолдаудың кемінде бір кабинетін ашу көзделген.