• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 15:03

Ақтөбе полициясы отбасылық жанжалдардың себебін атады

40 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында жыл басынан бері  отбасылық-тұрмыстық жанжал бойынша 4 мыңға жуық қоңырау түскен. Сондай-ақ отбасында ұрып-соғу деректері бойынша 187 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің дерегіне қарағанда,  құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушіліктер,  қызғаныштан туған жанжал және ішімдікке әуестенушілік. Тіркелген деректерге қарағанда, барлық жағдайда  отбасының шырқын бұзатын ер адамдар  болып шықты. Мәселен,  14 қазанда Темір ауданының 47 жастағы тұрғыны  түнде үйіне ішіп келіп, жанжал шығарып, әйелі мен балаларының ар-намысына тиген. Полиция оның бір жылда екінші рет отбасылық жанжалға себепкер болғанын хабарлайды.   Осыған ұқсас жағдай Хромтау ауданында да орын алды. 18 қазанда ауыл тұрғыны  үйіне ішіп келіп, азаматтық некедегі әйелін балағаттап, үйінің есігін сындырған. Отбасының шырқын бұзған екі ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындалды және  полицияның профилактикалық есебіне алынды.

«Отбасында зорлық-зомбылыққа, құқықбұзушылыққа жол берген адам жазасын өтегеннен кейін де  полицияның бақылауында тұрады. Құқықбұзушыға арнайы  нұсқаулық беріліп, міндеттелген  ережелерді қатаң сақтау талап етіледі. Бұл шаралар ең алдымен жәбірленушінің  құқығын қорғауға бағытталған», дейді Ақтөбе облысы Полиция департаменті  отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Әйгерім Көрпешова.

Биылғы жылдың тоғыз айында ПД  отбасылық- тұрмыстық жанжалдарды тудырушыларға қарсы 3500-ге жуық қорғау нұсқаулығын әзірлеген. Құқық қорғау органдары өтінішімен сот ақтөбелік 1 мың отбасылық жанжал тудырушыға арнайы нұсқаулықтар шығарып,  олардың іс-әрекетін  бақылауды аумақтық  полиция инспекторларына міндеттеді. Инспектор   оларды үнемі  бақылап тұрады.  «Тоғыз айдың ішінде учаскелік полиция инспекторлары  отбасылық-тұрмыстық қорғау нұсқамасын бұзған 270 адамды, ерекше талаптарды бұзған  438 агрессорды  анықтап, олар  әкімшілік жазаға тартылды», дейді полиция аға лейтенанты Әйгерім Көрпешова. 

Полиция департаментінің дерегіне қарағанда, жыл басынан бері  отбасылық-тұрмыстық жанжалдардан зардап шеккен  57 әйел мен 126 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылған. Мұнымен қатар, отбасыларға психологиялық көмек көрсету жұмыстары да қатар  жүргізіліп келеді. Мәселен,  бала-шағасының шырқын  жиі бұзатын екі ер адамға сот шешімімен психологиялық көмек көрсетілді. Бұл жерде жанжалдың туу себептері анықталып,  отбасылық кикілжіңді болдырмауға кеңестер беріледі. Өкінішке қарай, ішімдікке әуестенушілік, жұмыссыздық,  ерлі-зайыптылардың бір-бірімен тіл табыса алмауы кикілжіңдердің негізгі себебіне айналып отыр.

 Ақтөбе облысы