Мемлекеттік орталық музейде «Тұмар-Арт» суретші-педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен Алматы қаласының үздік бейнелеу студияларының шығармашылығына арналған «Күзгі симфония: балалар мен тәлімгерлер» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көрме түрлі буын өкілдері арасындағы шығармашылық үндестіктің, рухани сабақтастықтың жемісі. Жоба аясында жас суретшілердің шынайы талпынысы мен ұстаздарының көркемдік тереңдігі бір арнаға тоғысып, көрерменге ерекше әсер қалдырады. Экспозицияда түрлі техникада орындалған 100-ден астам туынды ұсынылды. Олардың авторлары — қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанған оқушылар мен олардың кәсіби тәлімгерлері.
«Тұмар-Арт» қауымдастығы ұзақ жылдар бойы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға бағытталған «Арт-Флора», «Ғалам палитрасы», «Алматы — мың түстің қаласы», «Атамекен» сынды ауқымды жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Қауымдастық құрамындағы педагог-суретшілер тек кәсіби деңгейдегі көрмелерге қатысып қана қоймай, жас буынды тәрбиелеу ісіне де елеулі үн қосып жүр. Олардың шәкірттері түрлі деңгейдегі өнер байқауларында үздік нәтиже көрсетіп, қазақ бейнелеу өнерінің болашағын жалғастыруда.Көрме қонақтары мен қатысушылар көркем туындылар арқылы күз мезгілінің әсемдігін, шабыт пен сезімге толы болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік алды. «Күзгі симфония: балалар мен тәлімгерлер» көрмесі — өнер арқылы ұрпақтар арасындағы рухани байланыс пен шығармашылық сабақтастықты дәріптеген маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.
«Бүгінгі көрме — балалар шығармашылығы мен ұстаздар еңбегінің жарқын нәтижесі. Біз осындай бастамалар арқылы өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын оятып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашамыз. Өнерден өрнек іздеген өрендердің бүгінгі беталысы көңілге үміт ұялатады» - дейді Мемлекеттік Орталық музейдің Сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко.
Шара барысында ҚР Мемлекеттік орталық музейі атынан "Тұмар-Арт" суретші-педагогтар қауымдастығының директоры Лариса Саванькинаға балалар мен жасөспірімдердің көркем шығармашылығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс хат табысталды.Айрықша көрме қазан айының соңына дейін жалғасады.