• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 16:30

Оқушылар 400-ге жуық бөтелке қақпағынан Қазақстан картасын жасады

30 рет
көрсетілді

Астана қаласының №55 орта мектебі экологиялық мәдениетті дәріптеудің тың тәсілін ұсынды. Мектеп ұжымы мен оқушылар «Экоәлем» бағыты аясында пластик қақпақтарды жинап, оларды қайта өңдеу арқылы Қазақстан Республикасының картасын құрастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жобаға бастамашы болған мұғалім Данар Төлегенова бұл идеяның басты мақсаты – оқушыларды табиғатты аялауға, тұрмыстық қалдықты қайта пайдалану дағдысына баулу екенін айтады. Оның сөзінше, жоба барысында 5–11 сыныптар арасында арнайы байқау ұйымдастырылып, экологиялық белсенділік пен ұқыптылыққа баулуға баса назар аударылған.

Акция нәтижесінде оқушылар барлығы 832 пластик қақпақ жинаған. Соның 397 данасы көлемді картаны жасауға жұмсалып, қалған бөлігі алдағы экологиялық жобаларға сақталған.

Картаны құрастыру жұмысына 5–6 сыныптың белсенділері мен ата-аналар да атсалысып, бірлесе әрекет ету арқылы ұжымдық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткен.

Бөтелке қақпақтарынан жасалған Қазақстан картасы – жас ұрпақтың табиғатты қорғауға деген ниетінің, шығармашылық ізденісінің және туған жерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Бұл жоба оқушылардың экологиялық санасының қалыптасып келе жатқанын айқын дәлелдеді.