• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Кеше

Партияларға жауапкершілік жүктеледі

30 рет
көрсетілді

Партиялық-саяси құрылым­дардан заң шығарушы билікке көшу үдерісінің маңызын айқындап алуымыз керек. Геосаяси және ішкі жағдайларды ескере отырып, басты мақсатымыз – мемлекеттілігімізге төнуі мүмкін барлық тәуекелді барынша азайту.

Ашығын айту керек, қоғам бірмандатты округтерден сайланған депутаттардан зор үміт күткен еді. Бірақ бұл сенім толық ақталды деуге келмейді. Иә, Парламентке елге танымал тұлғалар өтті. Алайда оларда мықты ұйымдық қол­дау мен институционалдық әлеует болмағандықтан, қоғам күткен нәтиже­лерді толық көрсете алмады.

Депутаттардың қызметіне жүр­гізіл­ген қарапайым контенттік талдау партиялық тізіммен сайлан­ған өкілдер­дің жұмысы ана­ғұр­лым тиімді екенін аңғартады. Сон­дықтан қоғамға ұлттық саяси пар­тиялардың институционалдық артық­шылығын түсіндіру маңызды. Өйт­кені елді біріктіру мен қоғамды топтастыру сияқты ауқымды міндеттерді орындау – дәл осы партиялардың міндеті. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ әзірге бұл бағытқа балама ұсынылмағаны анық.

Айтылып отырған мәселе – бір жүйені екіншісімен түбегейлі ауыс­тыру емес, даму үлгілерін жетіл­діру туралы. Егер елде жалпыұлт­тық институттар қалыптаспаса, олардың орнын бейресми, тіпті конституцияға қайшы құрылым­дар басуы мүмкін. Мұндай жағдайда архаикалық, жүйесіз әрі мемлекет­тіліктің негізіне қауіп төндіретін құбылыстардың пайда болу қаупі жоғары. Бұл – мемлекет пен қоғам үшін маңызды сын-қатер.

Мысал ретінде кеше ғана өткен Семей қаласының алғашқы тарихи сайлауын айтуға болады. Осы тәжірибе көрсеткендей, еліміз енді тұрақты түрде сайлау өткізіп отыратын мемлекетке айналды. Бұл – демократиялық үдеріс­тің жаңа кезеңі. Ендігі жерде саяси пар­тиялар өз кандидаттарына қолд­ау білдіру үшін жергілікті плат­фор­­ма қалыптастырып, үгіт­ші­лер мен бақылаушылар, сай­­лау комис­сияларының мү­ше­­лері, заңгерлер, спич­ра­йтерлер, саясат­танушылар мен әлеумет­танушы­лардан құралған кәсіби командалар құруға тиіс.

Мысалы, Семей қаласының өзінде ғана әрбір партияда кемінде 300–400 белсенді жақтаушысы, білікті мамандары және тұрақты қаржыландыруы болуы қажет. Мұндай әлеуетті бірман­датты кандидаттар қамтамасыз ете ала ма? Күмәнім бар. Ал енді осыны елдік ауқымда елестетіп көрейікші.

Сондықтан демократияны дамыту, саяси бәсекелестікті күшейту, ұлт­тық деңгейде жаңа идеялар қалып­тас­тыру ісі – ең алдымен жалпыұлттық саяси партиялардың негізгі міндеті болуға тиіс.

 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты