Сырда «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтіп, байырғы жұртта түркінің көне сазы жетінші мәрте қалықтады. Түркия, Тыва, Алтай, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен елімізден жиылған 200-ге жуық өнерпаздың басын қосқан дәстүрлі өнер мерекесін «Тұран» этнофольклорлық ансамблі бастап берді. Облыс әкімдігі мен халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры бірлесе ұйымдастырған биылғы фестиваль Қызылорданың астана атанғанына 100 жыл толуына орайластырылды.
Сырға табан тіреген фестиваль қонақтары алғашқы күні Қорқыт бабаның кесенесіне барып, баба рухына тағзым етті. Мемориалды кешеннің амфитеатрында өткен фестивальға қатысушылардың «Қорқыт сазы» атты концертінің көрермені көп болды. Ал «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда ғалымдар ұлы ойшылдың ортақ мұрасын сақтап, кеңінен насихаттау бағытында еркін пікір алмасты.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ғасыр бұрын ел байтағы атанған Қызылордаға алыс-жақыннан келген қонақтарға алғысын жеткізіп, Мемлекет басшысы бастамашы болған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты аясында ортақ құндылықтарды дәріптеу маңызды басымдық екенін атап айтты.
«Бүгінде Қорқыт мұрасын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашағымызға бағытталған рухани миссия. Осы мақсаттағы ғылыми ізденістер мен халықаралық байланыстар түркі халықтарының мәдени тұтастығын нығайтуға, рухани үндестігін арттыруға зор үлес қосты», деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Конференцияда «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түбі бір түркінің басын қосқан өнер фестивалі ұлттық мәдениеттің биігі бөлек брендіне айналғанына тоқталды. Әзербайжан ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының директоры Хикмет Кулиев, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Жылдыз Орозобекова, Қажы Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры Мехмет Чевик ортақ рухани тамырымызды зерделеп, Сыр бойы мәдениетіндегі түркілік құндылықтарды айшықтау бағытында ой өрбітті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай сөзін Қорқыт философиясының түркі-моңғол әлеміне әсерінен бастап, ұлы ойшылдың мұраларын түпнұсқадан тікелей аудару мәселесін айтып өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов түркі халықтарына ортақ өнер академиясын ашу туралы ұсыныс айтты.
Жиында Түркияның белгілі этномузыкатанушысы, ғалым Фикрет Каракая, Өзбекстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жоппор Эшонкұлов, филология ғылымдарының кандидаты Рақыш Жұмашай, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Ұлжан Байбосынова пікір білдірді.
Екі күнге созылған фестивальды Өнер орталығында өткен гала-концерт қорытындылады. Өңір басшысы Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 12-саммитінен кейін бауырлас жұрт өнерпаздарының басын қосқан бұл фестиваль өзара мәдени байланысымызды нығайтудың басты қадамы екенін атап өтті.
Концертте әйгілі жыраулар мен жыршылардың қайталанбас мақамдарын бүгінге жеткізіп, ұлттық өнеріміздің шынайы насихатшыларына айналған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпен, Бисембек Төлеубай және Жетісу жыр мектебінің түлегі Нұржан Жанпейісов, Арқа мектебінің өкілі Біржан Есжанов, Салтанат Ерсұлтан жырдан шашу шашты.
Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан келген Урмат Ынтаев, Айдын Орсулов табиғатқа, ата-баба рухына арналған және ерлікті өзек еткен көшпелі халықтың әуені өз болмысын жоғалтпағанын дәлелдеді. Алтай халықтарында әлі күнге дейін сақталған көне аспаптар тау самалын, өзен сылдырын құлағымызға жеткізгендей күй кештік.
Әзербайжаннан келген «Карабақ» мұғамшылар тобы ұлттық әуендерін орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Қырғыз елінің қомызшылар ансамблі түркі халықтарының көне саз мұрасын жаңғырта түсті. Өзбекстанның «Шашмақом» ансамблі мен бишілер тобы ұлттық өнердің үздік үлгісін сахнаға шығарды.
Тывалардың көне заман мұрасын сақтап қалған «Эш» фольклорлық дуэті мен Түркиядан келген Синан Барыш, Камбер Нардың өнеріне көрермен ерекше қошемет көрсетті.
Халықаралық фестиваль түркі мәдениеті мен музыкасы ортақ тарих пен рухани тамырдан нәр алғанын, бір-бірімен үндескен ұлттық саз бауырлас елдердің бірлігін күшейтетінінің тағы бір дәлелдеді.
Қызылорда