• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» Бүгін, 09:00

Таза орта қалыптастырудың маңызы

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.

Президент Астана қаласындағы Ботани­ка­лық саябақта ерікті және белсен­ді жастармен бірге ағаш екті. Жалпыұлт­тық іс-шара аясында биыл республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған.

Мемлекет басшысы «Jasyl el» ұйымының белсенділерімен әңгімелесіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрген жастарға алғыс айтты.

– Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. «Jasyl еl» ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар cіздерден үлгі алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Президент «Нұра» ауданын­­дағы «Greenline» бульварын аралап көрді. Аумағы 3,8 гектар болатын ны­сан­­дағы жұмыстың бірінші кезеңі аяқ­тал­­ған. Мұнда жаяу жүргіншілерге және вело­­си­педшілерге арналған жолдар, сәу­лет­тік қалыптар және жасанды тоған­дар бар.

Мемлекет басшысына Астана қаласын­дағы абаттандыру жұмыстары жайында мәлімет берілді.

Жеңіс Қасымбек елордада қазір 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатқанын айтты. Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтары мен қаланың негізгі көшелерінде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Мыңжылдық» аллеясын абаттандырудың тұжырымдамасы жасалды. Есіл өзенінің жағалауын реконструкциялау шаралары аяқталуға жақын.

Мемлекет басшысы қала инфрақұры­лымын жетілдіру, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.