• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Рекорд Бүгін, 12:12

Мың түйелі керуен: Қазақстанның жаңа рекорды Гиннес кітабына тіркелді

20 рет
көрсетілді

Алматы облысында мың түйеден құралған керуен ресми түрде Гиннес рекордтар кітабына енді. Бұл туралы шара барысында кітап өкілдері мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Биылғы 20 қыркүйекте Іле ауданына қарасты Құрты ауылында мың бір түйеден құралған керуен бір шақырым жол жүріп өтті. Осы жетістік Гиннес рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен түйе керуені ретінде тіркелді.

Сертификатты Гиннес рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстап, Қазақстандағы бұл оқиғаның өзгелерден ерекшелігін атап өтті.

«Бұл – ерекше жағдай. Басқа елдерде мұндай керуендер әдетте түрлі иелердің жануарларынан құралады: біреуде төрт түйе, екіншісінде екі түйе болуы мүмкін. Ал мұнда бүкіл керуен бір адамның иелігінде. Бұл рекордты шын мәнінде бірегей етеді. Қазақстан мені қатты әсерге бөледі. Енді мен мұнда тек жұмыспен емес, турист ретінде де қайта оралғым келеді», – деді ол.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жетістік тек өңір үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Рекордтың расталуы – біздің мәдени мұрамыз бен ұлттық рухымыздың мойындалуы. Мың түйеден құралған керуен халықты біріктіріп, қазақ халқының дәстүрлеріне деген құрметтің символына айналды», – деді өңір басшысы.

Керуеннің иесі әрі бастамашысы, «Даулет-Бекет» ЖШС директоры Сыдық Даулетов жобаны дайындауға шамамен алты ай уақыт кеткенін айтты.

«Түйелер еркіндікті жақсы көреді, оларды бір жерге жинау оңай болған жоқ. Дегенмен мақсат пен сенім болса, кез келген істің орындалатынын дәлелдедік. Алдағы уақытта шұбат фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз — халқымызға осындай дәстүрімізді жандандыратын шаралар жетіспейді», – деді ол.