Қырғызстанда кейбір саясаткерлер ел астанасын Бішкектен Манас қаласына көшіру мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Камчыбек Ташиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
– Егер біз соған лайық болсақ, неге болмасын, Алла қаласа, болады. Ол үшін қаланы да, халықты да дайындау керек, психологиялық тұрғыда дайын болу қажет. Астана болу – оңай іс емес. Қалаға көп қаржы бөлінеді, оны жаңарту қажет. Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Оны заманауи қала етуіміз керек, – деді Ташиев 11 қазанда Манас қаласындағы мектеп директорларымен кездесуде.
Оның айтуынша, Манас 2026 жылы республикалық маңызы бар үшінші қала мәртебесін иеленеді.
Жалал-Абад қаласы ресми түрде 17 қыркүйекте Манас болып қайта аталды. Тиісті заңға президент Садыр Жапаров қол қойған.
Манас – Қырғызстандағы үшінші ең ірі қала, Жалал-Абад облысының әкімшілік орталығы. Қаланың халқы 184 400 адамды құрайды. Ол елдің оңтүстігінде, Ферғана жазығында орналасқан.