Жыл басынан бері еліміздің ұлттық парктері 2 миллионға жуық туристі қабылдады. Бұл елімізде экотуризмге қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Келушілер саны жөнінен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көш бастап тұр. Биылғы қаңтар-тамыз айлары ішінде паркке 600 мыңнан астам турист барған. Ұлттық паркті қарағайлы ормандардың, жартастар мен көлдердің бірегей үйлесіміне байланысты «Қазақстанның Швейцариясы» деп атайды. Бурабай – отбасылық, сауықтыру туризміне, белсенді демалыс түрлеріне арналған танымал бағыттардың бірі.
Екінші орынды Алматы қаласына жақын орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркі иеленді. Жыл басынан бері оның табиғи ландшафттарын 507 541 турист тамашалады. Парк аумағы флора мен фаунаның алуан түрлілігімен, таудағы бағыттарымен ерекшеленеді, экотуризм бойынша сұранысқа ие орындардың бірі.
Үштікті Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Бұл ғажайып мекенді 350 мыңнан астам адам аралаған. Оның аумағындағы Көлсай мен Қайыңды көлдері – парктің басты табиғи нысандары.
Туристердің саны жөнінен Шарын, Баянауыл ұлттық парктері бестікке кіреді. Алматы облысында орналасқан Шарын шатқалы көпшілік арасында кеңінен танымал. Оған фототуризм, этноэкспедициялармен айналысатын саяхатшылар жиі барады.
Павлодар облысында орналасқан Баянауыл – еліміз аумағында құрылған алғашқы ұлттық парк. Бұл өңір жұмсақ климатымен, таулы ландшафттармен, көркем көлдерімен ерекшеленеді.