• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:55

Ғылыми-технологиялық байланыс

10 рет
көрсетілді

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин РҒА вице-президенті, РҒА төрағасы академик Валентин Пармон бастаған Ресей Ғылым академиясының (РҒА СБ) Сібір бөлімшесінің делегация­сымен кездесті.

Новосібір ғалымдары делега­ция­­сының елімізге келу себебі – ғылыми-техно­логиялық сала­дағы ын­ты­мақтастықты ны­ғай­ту. Сапар барысында жоға­ры технологиялық аумақ құру мен дамытудың озық тәжіри­бе­сімен алмасуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақ­станда Новосібір ғылыми-инновациялық эко­жүйесінің элементтерін енгізу бойынша бірлескен жұмыс тобын құру ғылыми қала құрудың модельдік үлгісі ретінде талқыланып жатыр.

Серік Жұманғарин атап өткендей, Кольцово мен Ака­­дем­қала­шықтың тәжіри­бесі Қазақстанның зор қызығушы­лы­ғын тудырып отыр.

«Бұл ғылымды, білім мен инно­вацияны біртұтас жүйеге біріктірудің бірегей мысалы. Ол өңірлердің білімі мен техно­ло­гия­лық дамуын коммерцияландыру үшін жағдай жасайды», деді вице-премьер.

Бүгінде елдегі Алматы облысы мен Курчатов қаласын­да ғылыми қала құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыт — энергетика, биотехнология, азық-түлік қауіпсіздігі, ақпараттық технология мен жасанды интеллект, жаңа материалдар мен ядролық технологиялар.

РҒА вице-президенті Валентин Пармон делегация құрамына Кольцово ғылым қалашығының инфра­құ­рылымын дамытуға тікелей қатысқан ма­ман­дар кіргенін атап өтті. Сапар аясында олар Астанадағы KMG Engineering Ұлттық онколо­гия­лық орталығына барып, Жоғары білім және ғылым министрімен кездесті.

Қазақстандық тарап көмір хи­миясы саласындағы бірлескен жоба­ларға және елдің  ІЖӨ мен эко­номикасына түрлі фактор­лар­дың әсерін бағалауға қабілетті жасанды интеллект моделін әзірлеуге қызығушылық танытты.

«Біз көпсалалымыз және кез келген міндетке құзы­реттілікке дайынбыз. Мысалы, күкіртті қайта өңдеу техно­логиясы Қазақ­с­танға пайдалы болуы мүм­кін», деді академик Валентин Пармон.

Техноқала жобасын құру жөніндегі жұмыс тобын басқа­ратын профессор, экономи­­ка ғылымдарының кандидаты Жақсыбек Құлекеев ядро­лық медицина және мұнай хи­миясы саласындағы Сібір РҒА бөлімшесімен ынтымақ­­тас­тық­тың зор мүмкіндігін атап өтті. Ол Новосібір мен Томск облы­сындағы жабдықтар мен әзір­лемелер бірлескен күш-жігермен тара­туға болатын маңызды нәти­же көрсеткенін айтты.

Кездесуде Курчатов қала­сы­­ның даму перспективасына ерекше назар аударылды. Серік Жұманғариннің айтуын­ша, оның болашағы ғылым мен технологияны коммерцияландырумен тікелей байланысты.

Сондай-ақ академиктер Новосібір Академ­қалашығында Қазақ­стан­ның мәдениет және ғылым күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Вице-премьер Валентин Пармонға Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Премьер-ми­нистрі­нің атынан Қазақстан-Ресей ғылыми байланысын дамы­туға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етті.