1990 жылғы 25 қазан – Қазақстан тарихында күнтізбедегі дата ғана емес, тұтас бір тарихи дәуірдің басталған күні. Қабылданған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы мемлекетіміздің тәуелсіздікке бағытталған құқықтық әрі саяси алғашқы қадамы болды. Бұл құжат жай ғана ерік-жігердің немесе саяси ұранның көрінісі емес, ұлттың өз тағдырын өзі анықтауға ұмтылған парасатты таңдауы еді.
Тарих куә, әлемде бірқатар ел егемендікке төңкеріс пен түрлі әлеуметтік күйзеліс арқылы жетті. Ал сол бір өтпелі кезеңде Қазақстан саяси тұрғыдан байыптылық пен парасаттылық танытты. Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асты. Алдымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, артынша жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. Одан кейін тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, содан соң жаңа Конституция әзірленіп, қабылданды. Мұндай жүйелі әрі стратегиялық ойластырылған қадам ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға және шынайы билік революцияда емес, заңда екенін дәлелдей түсті.
Декларация – жаңа мемлекеттің тұғырын бекіткен құжат. Тіпті оның концептуалдық құрылымы бүгінгі конституциялық нормалардың негізін құрайды.
Мемлекеттік биліктің үстемдігі: Қазақ КСР-і өз аумағында толық, дербес және үстем билікке ие мемлекет ретінде жарияланды. Бұл – одақтық орталықтың шексіз үстемдігін тоқтатқан тарихи қадам. Халық – жердің иесі: Декларацияда алғаш рет жер, жер қойнауы, су және табиғи ресурстар Қазақстан халқының айрықша меншігі ретінде танылып, бұл қағидат елдің экономикалық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігінің негізі ретінде бекітілді. Мемлекеттік рәміздерге құқық иелігі: Елтаңбаға, Туға, Әнұранға ие болу құқығы біздің мәдени және саяси болмысымызды мойындауды және тәуелсіз елдің көрнекі бейнесін қалыптастыруды білдіреді. Халықаралық аренаға шығу: Республика өз бетінше сыртқы экономикалық саясатын анықтау құқығын иеленді. Бұл Қазақстанның әлемдік қауымдастықта толыққанды мүше болу жолын ашты.Декларацияның қабылдануы бүкіл қоғамда терең резонанс тудырды. Бұқара бұл құжатты жаңа өмірге бетбұрыс деп қабылдады. Сол кездегі баспасөз құралдары да халықтың көңіл-күйін жарыса жазды. Редакцияға түскен хаттардың басым көпшілігі ұлттық сана-сезімнің оянғанын, азаматтық жауапкершіліктің қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Бұл халықтың өз мемлекетін құру үдерісіне алғаш рет саналы әрі заңды түрде қатысуы еді.
Бүгінгі Қазақстан үшін де декларация – тарихи архивтегі құжат емес, қазіргі мемлекеттік құрылымның құқықтық-идеялық іргетасы. Оның негізгі қағидаттары қазіргі саяси реформаларда өз жалғасын тапқан. Мысалы, заң үстемдігі, экономикалық тәуелсіздік және этносаралық келісім сынды іргелі идеялары қазіргі мемлекеттілік негізін құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуелсіздік жолындағы шешуші кезең болды. Бүгінде оның идеялары әділеттілікті, заң үстемдігін және ұлттық қауіпсіздікті нығайту саясатымызда жалғасын табуда».
Осылайша, 25 қазан – дүниежүзінің саяси картасында егемен Қазақстанның жұлдызы алғаш рет жанған тарихи сәт. Мемлекеттік егемендік туралы декларация сол тарихи эволюцияның алғашқы және ең жауапты қадамы. Ол – тәуелсіз мемлекет құру жолындағы кемелділік пен көрегенділіктің нақты көрінісі.
Аталған құжат тек құқықтық акт емес, жаңа ұрпақ үшін де терең мағыналы символға айналды. Бұл – ұлттың тарихи сабақтастығы мен азаматтық жауапкершілігін еске салып тұратын рухани бағдар. Себебі декларация әр азаматқа өз мемлекетін құру ісіне тікелей қатысы барын сезіндірді. Дәл осы сезім – халықтың тарихи жадын, ұлттық бірегейлікті және мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастырды. Сондықтан декларацияның мәні уақытпен шектелмейді.
Марат ЖҰМАҒҰЛОВ,
Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы